Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Болашақ – бақытты ұрпақта»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай, облыстық мәслихат депутаты, патриоттық тұлғасымен, өнегелік ісімен танылған, халықаралық «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, «Арқаның Атымтайы» атанған азамат, Білім меценаты Бекзат Алтынбеков ұйымдастырған үздік оқушылар шеруі осылай аталды.

Жалпы, ел болашағы – білімді жастарды қолдауды, ғылым-білімнің дамуына үлес қосуды алдына айқын мақсат етіп қойған жомарт жүректі азамат 15 жылдан бері ұлт ұстаздары, мемлекет және қоғам қайраткерлері атындағы арнайы атаулы шәкіртақы тағайындауды берік дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін екі жүзден астам атаулы шәкіртақы өзінің лайықты иесін тапты

Бүгінгі жастарға ізгілік, парасат, жалындаған жігер тән. Олардың көкірегі – ояу, көңілі – сергек, талабы – тасқын, қайраты – қуатты. Ғарышкерлер желекжолына келіп тоқтаған ақ «лимузиннен» түсіп, қызыл кілемшенің үстімен жазғы сахнаны бетке алған терең білім, тағылымды тәрбиесімен танылған сондай жас өрендерді жиналған жұртшылық қуана қарсы алды. Өйткені, олар – бір мектеп немесе аймақтың емес, елдің де мақтанышы, үкілеген үміті, кемел келешегі, «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шыққан үздіктер. Олардың болашағынан ата-анасы, ұстаздары, ел-жұрты үлкен үміт күтеді.

Биыл атаулы шәкіртақыны қарағандылықтар: Ә.Бөкейхан атындағы мектептен – Жанна Жилыбаева (Әлихан Бөкейхан атындағы шәкіртақы), Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейден – Сара Алақаева (Әлімхан Ермеков атындағы шәкіртақы) мен Томирис Нүркенова (Мәулида Жошина атындағы шәкіртақы), Н.Әбдіров атындағы мектептен – Абзал Егінбаев (Нұркен Әбдіров атындағы шәкіртақы) пен Адель Садвокасова (Сүтемген Бүкіров атындағы шәкіртақы), М.Жұмабаев атындағы гимназиядан – Әмина Жанайдарова (Сәбит Қонтаев атындағы шәкіртақы), А,Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиядан – Айбота Қызылбай (Бибігүл Әбдірахманова атындағы шәкіртақы), жезқазғандықтар: №8 қазақ гимназиясынан – Ұлжан Зейдін (Нәписа Шенеуова атындағы шәкіртақы), №1 мектептен – Наргиза Кәмен (Хакима Жомартбаева атындағы шәкіртақы), №13 мектептен – Әдемі Хасен (Шабат Қошан атындағы шәкіртақы), сәтбаевтықтар: №27 мектептен – Әлібек Сембетов (Шабал Бейсенбекқызы атындағы шәкіртақы), №16 мектептен – Айбек Әбсадық (Қамар Жанасылова атындағы шәкіртақы), Абай атындағы №4 мектеп-лицейден – Мақсат Дүкенбай (Мая Дәкәрімова атындағы шәкіртақы), ақтоғайлықтар: Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебі интернатынан – Айша Ыбыкен (Әлихан Бөкейхан атындағы шәкіртақы), Шашубай кентіндегі мектеп-балабақша кешенінің тірек мектебінен – Жансая Омарғали (Әлімхан Ермеков атындағы шәкіртақы), Күләш Бәйсейітова атындағы тірек мектебінен – Айдана Кәрімхан (Жақып Ақбайтегі атындағы шәкіртақы), Жидебай ауылындағы Қ.Нұржанов атындағы тірек мектебінен – Асылайым Тлеуқабыл (Жанұзақ Кәукербекова атындағы шәкіртақы), шеттіктер: Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиядан – Аймира Саят (Зекен Рахимов атындағы шәкіртақы) пен Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебі-интернатынан – Айжан Нүркина (Светлана Жұмкина атындағы шәкіртақы), Ұлытаудағы №1 тірек мектебінен – Арай Мыңбаева (Баубек Бұлқышев атындағы шәкіртақы) мен Балқаштағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясынан Назым Қасымова (Қабден Шыңғысов атындағы шәкіртақы) иеленді.

Атаулы шәкіртақы иелерін Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің басшысы Жанар Рахимова және Бекзат Алтынбеков құттықтады. – Қазақта «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайда?!» деген қанатты сөз бар. Келешек иелеріне құрмет көрсетіп, жас өреннің жарқын болашаққа деген сенімі мен үмітін үндестіріп, рухани жаңғырудағы дана да дара жолды насихаттау арқылы ұрпақ санасына серпін беріп, арман-мақсатын, күш-жігерін, білім-білігін туған Отанына арнауға ұмтылдыру, білімді ұрпақтың ұтары көп екенін санасына сіңіру – аға буынның мерейлі міндеті. Бүгінде, білім – өркениетті елдің құнды капиталы, сенімді тірегі, ал білімді жас – болашақтың бағбаны, келешектің көшбасшысы, – дейді жақсылық жасауды мұрат тұтқан іскер азамат, жомарттықтың орасан үлгісін ұлықтап жүрген мәртебелі меценат Бекзат Алтынбеков.

Салтанатты жиыннан кейін оқушылар Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі тарихи орындарға саяхат жасады. Олар туған өлкесіне асқақ арман арқалап аттанғаны анық.

Әлібек ӘБДІРАШ,

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button