Жаңалықтар

Болашақ бүгіннен басталады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған күннен бері тұтынушылармен жұмыс істеу бойынша өз стратегиясын қалыптастырды және жүргізіліп жатқан қызметінде ашықтық қағидасын ұстанады. Бұған Қордың Қарағанды облыстық филиалының жұмысымен танысқан бір күн ішінде көз жеткізіп қайттық.


Дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат 9.00-дан кешкі сағат 19.00-ға дейін, ал сенбі күні таңғы сағат 9.00-дан түскі сағат 13.00-ке дейін филиалда жұмыс қайнап жатады. Әсіресе, операциялық бөлімде. Салымшы ретінде филиал мамандарының жұмыс барысына көз жүгірттім. Мұндай жағдайда басты міндет – келушілерді тыңдай білу, барлық сұрақтарына тиянақты жауап беру және өтініші бойынша тиісті қызмет көрсету.
– Сіздің қызметкерлеріңізге қараймын – барлығы мейірімді, сыпайы. Жауап бере алмайтын сұрақтары жоқ сияқты. Бұл қандай да бір ерекше дайындықтың нәтижесі ме? – деп операциялық бөлім бастығы Назгүл Қыдырминаға сауал қойдым.
– Біз адамдармен және солар үшін жұмыс істейміз, – деп жымия жауап қатқан ол, – бізде Қор қызметкерлерінің біліктілігін, кәсіпқойлығын, іскерлік беделін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жалпы мұндай ыңғайлы әрі заманауи операциялық бөлімдер қызмет көрсету деңгейін жаңа белеске шығаруға мүмкіндік береді, – деп сөзін сабақтады.
Мен операциялық бөлім бөлімшесінің маманы Дина Мусинадан мемлекеттік кепілдіктің қалай берілетіндігін түсіндіруді сұрадым.
Адам зейнет жасына толғанда, оның шотындағы жинақ ақша осы шотқа түскен жарналардың сомасымен салыстырылып тексеріледі. Бұл жерде алушының зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңдегі инфляция деңгейі ескеріледі. Егер шоттағы ақшаның инвестициялық табыстарды қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляция деңгейінен төмен болса, онда мемлекеттік кепілдік бойынша біржолғы айырма сомасы төленеді. Оның мөлшері әрбір салымшының жинақтарының сомасы мен зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне қарай әрқалай болады. Егер шоттағы жинақтардың сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, онда айырма сомасы төленбейді, – деп жауап берді Дина Мусина.
Өз кезегінде операциялық бөлім бастығының орынбасары Ләйлә Ділдебаева мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы айналысатындығын жеткізді. Оның айтуынша, зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды осы Мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Ал, Қорда зейнетақы жинақтары бар I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар және Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерін алу үшін Қорға жүгінеді. Ал, мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін олар да бірыңғай өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға барады.
Қор филиалына күн сайын әр түрлі өтінішпен 150-200 салымшы келеді. Оларға шоттан үзінді көшірме және шарттардың көшірме нұсқасын беру, сондай-ақ хабарлау тәсілін өзгерту, жеке деректемелерге өзгерістер енгізу, ерікті жарналар бойынша шот ашу секілді әр түрлі қызметтер көрсетіледі. Барлық операция бар болғаны бірер минутқа ғана созылады. Қолайлы сәтті пайдаланып, мен шоттан ақпарат алу тәсілін өзгертуді ұйғардым. – Бұл үшін бізге келіп, қосымша келісімге қол қою керек. Егер электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, бізге келмей-ақ заманауи интернет байланысы тәсілін Қор сайтындағы жеке кабинет арқылы таңдауға болады. Пошта арқылы хабарлама алғандар қазір аз қалды. Себебі, тәуліктің кез келген уақытында өз жинақтарын білу мүмкіндігіне ие болу – жылына бір рет хат алуға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы, – дейді операциялық бөлімнің бас маманы Яна Маратова. Айта кету керек, Яна да БЖЗҚ-да ашылған сәттен бастап қызмет етеді. Осы бес жыл ішінде қарапайым маман қызметінен бас маманға дейін өсті. Мен интернет байланысы тәсілін таңдадым. Барлығына 6-7 минут қана кетті. Зейнетке шығу уақыты әлі алыс болса да, болашақтағы армандарымның орындалуына мүмкіндік беретін жинақтарымның қалай өсіп жатқандығын біліп отыру ғажап емес пе!? Түс ауа филиал кеңсесіндегі жұмыстар қыза түсті. – Зейнетақы шотындағы жинағымды біржолата алуыма бола ма?– деп сұрады бір кезде көрші үстел жанындағы ер адам.

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жинақтары ай сайын төленеді. Ондағы мақсат – зейнеткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. Егер сіздің шотыңыздағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома Сізге бір рет толығымен төленеді. Биыл оның мөлшері 433 296 теңге. Егер жинақтарыңыз бұл сомадан жоғары болса, онда зейнетақы төлемдерін ай сайын аласыз, – деп түсіндірді маман. Өз кезегімде мен де бас маман Яна Маратовадан болашақ зейнетақымды болжамды әдіспен есептеп беруін өтіндім.
– Бұл ретте «Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттері» деген арнайы кесте қолданылады. Ол 79 жасқа дейінгі аралықты қамтиды және әр жылғы көрсеткіші әрқалай. Мысалы, зейнет жасына толған ер азаматтың шотында 6 миллион теңге бар делік. Біз бұл соманы әлгі кестенің 63 жасқа тиесілі көрсеткішіне көбейтеміз. Ол – 0,10467-ға тең. Сонда: 6 000 000 х 0,10467 = 628 020 теңге болады. Оны 12 айға бөлсек, айлық зейнетақы шыға келеді. Ол – 52 335 теңгеге тең. Оған базалық зейнетақы да қосылатынын ұмытпаңыз. Келесі жылы бұл есептеу рәсімі қайталанады, яғни шоттағы қалдық ақша алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне тағы да көбейтіледі және 12 айға бөлінеді. Айта кетелік, зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап белгіленеді және зейнетақы жинақтары біткенше төленеді. Әрине, зейнетақы жарналары шотқа уақытылы және толық көлемде аударылған сайын, төлемдердің көлемі де арта түседі, – деп түсіндірді Яна Маратова.
Жақсы ақпарат қашан да жанға жағымды. Мұның зейнетке шығатын қарағандылықтарға қызықты болатынына сенімдімін.
Әрине, бір күн ішінде филиалдың барлық қызметін қамту мүмкін емес. Өйткені Қор кеңсесіндегі жұмыстан басқа, Барып қызмет көрсету бөлімінің мамандары «Мобильдік агент» жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетеді, яғни, салымшы денсаулығына байланысты зейнетақы қорының кеңсесіне бара алмаса, Қор мамандары оған үйіне барып қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, зейнетақы жүйесі мен Қор қызметіне қатысты әр түрі тақырыпта таныстырылымдық шаралар өткізеді.
Қорытындылай келе айтарымыз, болашақ зейнетақы туралы бүгіннен бастап ойлану керек!

Жанна РЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button