Бизнестің «басын ауыртқан» не?

Қарағанды аймағындағы кәсіпкерлердің басын ауыртып, кәсібіне кедергі келтіріп тұрған – салықтық әкімшілік. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік кірістер департаментінің әрекеттері, іскерлік келісімді заңсыз деп санауы, берілген нұсқаулықтар бойынша салықтық органдардың әрекеттеріне шағымдану секілді күрмеулі жайттар. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ернар КҮЛПЕЙІСОВ кәсіпкерлермен өткізген есептік кездесуінде мәлімдеді.

Палата басшысы өзі жетекшілік еткен ұйымның негізгі міндеті – бизнесті қорғау екенін айта келіп, жыл өткен сайын құқықтары қорғалған кәсіпкерлердің қатары өсіп келе жатқандығын жеткізді.

– Жылдан-жылға құқықтарын қорғаған кәсіпкерлердің қатары көбеюде. Ал, бизнес қауымын толғандырған екінші мәселе – мемлекеттік сатып алу. Соның ішінде, кәсіпкерлерді жосықсыз өнім берушілер деп тану, жеткізілген тауарды қабылдамай, атқарылған жұмысқа ақы төлеуден бас тарту. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде субсидия төлеу жөнінде де туындаған өтініш-шағымдар бар. Мәселен, жер және сәулетке қатысты келіп түскен өтініштердің жалпы санының 11 пайызын иеленсе, 9 пайызы экономика және қаржы туралы. Қалған пайызы, бизнесмендердің басқа да проблемаларын қамтиды, – дейді Ернар Күлпейісов.

Бұл орайда кәсіпкерлердің проблемасын шешетін бірден-бір диалог алаңы – Кәсіпкерлердің құқын қорғайтын кеңес екенін атады. Кеңестің 13 отырысы өтсе, онда 36 мәселе қарастырылған. Оның 10-ы оң шешімін тауыпты. Қайсыбірі құзырлы орындарға жолданған екен. Бүгінгі таңда кейбіреуі талқылануда. Осы кеңес барысында түрлі тәртіптік жауаптылыққа 12 лауазымды тұлға тартылған. Сондықтан да, кәсіпкерлер құқығы бұзылғанын, я тапталғанын сезінсе, дереу палатаға хабарласу қажеттігін жете ұғынады дейді палата басшысы.

Қазіргі таңда әлемдік тауар өндірушілермен терезесін тең етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары да аз емес. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Индустрия және инфрақұрылым министрінің төрағалығымен арнайы жобалық кеңсе құрылған. Бұл кеңсе арқылы кәсіпкерлер тұрмыста сұранысқа ие тауар өндіру үшін 6 пайыздық үстемақымен несие алуына мүмкіндігі бар. Сондайақ, индустриалдық сертификаты бар кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады. Жергілікті мазмұнды қамту бойынша әр өңірде комиссиялар ұйымдастырылған. Осы комиссия арқылы ірі жүйеқұраушы кәсіпорындарға олар сырттан алып отырған шетелдік тауарды алмастыра алатын отандық өнім берушілермен келісімге келуге ықпал етеді.

Жер телімдеріне қол жетімділікте жариялылықты қамтамасыз ету үшін онлайн-карта жасалды. Онда 8 тармақ қамтылған. Картада бос жер телімдері, инженерлік коммуникация желілері, тоқтап тұрған және жұмыс істемейтін кәсіпорындар, жалпыға ортақ пайдалы қазбалар жөнінде келісімшарттар көрініс тапқан.

Ал, алдағы уақытта палатаның барлық қызмет көрсетуі бірыңғай сандық платформаға шығарылады. Сөйтіп, кез келген кәсіпкер бұл қызметтерге шалғайда отырып-ақ қол жеткізеді.

Сонымен қатар, бірыңғай бизнес-реестр бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл реестр барлық мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктіріледі. Реестрді іске қосу жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланыпты.

Қызғалдақ АЙТЖАН