Бизнес пен билік – диалог алаңында

         Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңесте, әдеттегідей, кәсіпкерлердің түйінді мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылды. Нақтыласақ, кеңестің бұған дейінгі отырысында берілген тапсырмалардың орындалысы, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне инфрақұрылым жүргізіп, тарту, Қарағанды аймағындағы ұн өндіруші кәсіпорындардың экспортқа шығуы, кәсіпкерлерге жер телімдерін беруде туындаған кедергілер, құрылыста отандық мазмұнды арттыру.

Аймақ басшысының орынбасары Алмас Айдаров өткен кеңестегі әкім тапсырмаларының орындалысына тоқталды. Атап айтқанда, Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты кәсіпкерлер арасында ақпараттар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бос жер телімдері бойынша бірқатар жұмыстар да қолға алыныпты. Тапсырманы тиісті деңгейде орындамаған әкімдіктер жауаптылыққа тартылыпты. Кәсіпкерлерді жылу, жарықпен қамту ісі де – оңға басқан. Сондай-ақ, бизнес нысандарын жылумен жабдықтау бойынша есептеуіш құралдарын орнату ісі де назарда. Алайда, жылу және жарықпен жабдықтаушы кәсіпорындар тарапынан мәселелер туындаған. Мұны дереу шешуді тапсырды әкім.

Аймақтағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне инфрақұрылым жүргізу ісі де осы кеңесте кеңінен сөз болды. Жария етілген мәліметтерге сүйенсек, облыста құрылған 90-нан астам ауыл шаруашылығы кооперативінің жартысы көкөніспен, екінші жартысы мал өнімдерімен айналысады. Бүгінде бұлардың инфрақұрылыммен жабдықталуында қиындықтар бар. Мәселден, 36 кооператив инфрақұрылымсыз отыр. Шет ауданында 2 кооператив қаржыландыруын күтуде. Осыған орай облыс әкімі аудан әкімдеріне инфрақұрылымды қажет еткен кооперативтердің мәселесін жеделдетіп шешуді тапсырды.

Қарағандының ұн өндіруші кәсіпорындары өздерінің экспортқа шығуда қиындықтарға тап болғанына шағынды. «Мутлу» ұн тарту комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев Қарағанды ұнының Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан секілді елдерде сұранысқа ие екенін айтады. Қарағандыда 15 ұн тарту комбинаты болса, мұның барлығы өзімізде ғана емес, шетелде де танымал екендігін жеткізді. Дегенмен, күзде бұл комбинаттардың ұнды экспорттауда маңдайы тасқа соғылған жайы бар. Дәлірек айтқанда, теміржолмен жеткізудегі келеңсіздіктер кәсіпорындарға нарықтағы орнын айқындауға кері әсер етсе керек. Қарағандылық диірменшілер алдағы уақытта Қытай нарығына шығуды да көздейді екен. Ол үшін дамып, кеңею қажет. Ал, банк өкілдіктері ауыл шар­уашылығы өнеркәсібіне келгенде несие беруге құлықсыз. Осыған орай, кеңесте банк өкілдерінің қатысып, несиелеуге мұрындық болуын өтінді кәсіпорын басшысы.

Сөз кезегінде, облыс әкімі қарағандылық ұн тартушы комбинаттардың жинақталып қалған проблемаларын шешу жолдарын қарастыру үшін арнайы тағы бір кеңесу қажеттігін айтты. Алдағы уақытта аталған кәсіпорындардың ахуалы әкімдікте жеке талқыланатын болады.

Бұдан соң бюджет есебінен қаржыландырылатын құрылыстарда жергікті мазмұн үлесін арттыру сөз болды. Мердігер компаниялар ұсыныстарын ортаға салды. Олар құрылыста шетелдік жобалаушылардың емес, отандық мамандардың жұмысына жүгінуді ұсынып отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.