Мәселе

Біз шыққан тегімізді ұмытпайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды, өйткені сананы жаңғырту арқылы 21 ғасырда еліміздің тың серпінімен дамуына жол ашамыз» деп атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» газетінде 2020 жылдың 30 маусым айында «Ата-тегімізді қазақи жазу – патриотизм нышаны» атты Нақыпбек Сәдуақасов жазған мақаласы өте орынды жазылған. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құндылығы. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, неге біз қазақи қағидаларды ұстанып, егеменді еліміздің шын патриоты болу үшін ата-тегіміздің жазылуын бір текті етпейміз? Әркім әрқалай жазуда. Нақыпбек Сәдуақасовтың ұсыныс үлгісі біздің қазақи болмысымызды айқындар еді. Ұсыныс үлгісі мынадай. Асқар Сәрсенұлы Жұмабайтегі. Бұл тәсілде бастысы «Кімнен жаралдың? Кімнен таралдың? Ата-тегің кім?» – деген сұрақтарға қысқаша жауап беріп тұр емес пе? Қазақстандық патриотизмді шынайы қалыптастыру үшін ең басты құндылық – өзіміздің ата-тегімізді қазақи түрде жазу. Ол сырт елге бірден қандай мемлекеттің азаматы екенімізді анық айқындап тұрар еді. Әрқайсымыз еліміздің шын патриоты болайық және қазақи ата-тегімізді сақтай білу парыз. Біздің құндылығымыз – Отанға, туған жерге сүйіспеншілікпен және тегімізді ұмытпай сақтай білу, ұрпақ сабақтастығы. Қазақ «Тегін сақтай білу – тектіліктің белгісі» дейді.

Бір топ зейнеткерлер атынан Орынтай ӘБЕУОВА.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button