«Мисс Қарағанды – 2026» байқауының жеңімпазы анықталды
Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында «Мисс Қарағанды – 2026» сұлулық байқауының финалы өтті. Бас жүлде мен тәж 19 жастағы Айшабибі Қырықбаеваға бұйырды. Ол желтоқсан айында өтетін «Мисс Қазақстан – 2026» байқауында өңір намысын қорғайды.

Биыл байқаудың финалына 16 қыз шықты. Қатысушылар ұлттық киіммен өзін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ дизайнерлік киімдер топтамасы мен кешкі көйлектер көрсетілімі өтті.

Қазылар алқасының құрамы жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл қатысушылардың өнерін «Мисс Қарағанды» байқауының директоры Мадина Ахметбаева, байқаудың ресми фотографы Алексей Баранов, «Мисс Қарағанды – 2025» жеңімпазы Аяулым Болатбекқызы, Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Саят Әбдіғали, «Мисс Қазақстан» ұлттық байқауының кастинг-директоры Алима Тулейбаева және облыстық мәдениет және өнерді дамыту орталығы басшысының орынбасары Алтынай Нұрманбаева бағалады.

Осы жылы вице-мисс атағы бірнеше аруға бұйырды.Бірінші вице-мисс атағын Толғанай Исакова иеленді. Екінші орын Айдана Байжанға, үшінші орын Полина Фридке бұйырды. Төртінші вице-мисс Нұрбибі Жауынгерова, бесінші вице-мисс Екатерина Сынкова атанды.

Айшабибі Қырықбаева Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде «Сот-құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Болашақта тергеуші болуға қызығушылық танытқан ол бұған дейін де сұлулық және өнер байқауларына қатысқан

Байқаудың финалында Айшабибі би өнерін ұсынды. Ол бала кезінен хореографиямен айналысады. Жеңімпаздың айтуынша, байқауға дайындық кезінде оқу мен репетицияны қатар алып жүру оңай болмаған.

Байқау директоры, Art Line модельдік агенттігінің жетекшісі Мадина Ахметбаева бұл жобаны он бірінші рет ұйымдастырып отыр. Биыл қатысушылар дайындық барысында шеберлік сабақтарына қатысып, қайырымдылық шараларына араласты және түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындады.
«Мисс Қарағанды – 2026» байқауының жеңімпазы Айшабибі Қырықбаева енді республикалық кезеңге дайындалады. Ұлттық байқаудың финалы 4 желтоқсанда Астанада өтеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



