Жаңалықтар

“Біз бағындырмайтын белес жоқ”

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өткен болатын. 1 500 мыңнан астам адам бас қосқан жиынға Қарағанды облысынан 45 адам қатысты. Сейсенбі күні этномәдени бірлестіктердің басшылары мен қоғам қайраткерлерінен құралған делегация Достық үйінде облыс жастарымен кездесті. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткен бейресми кездесуде жастар өздерін толғандырған жобаларға тоқталып, жетістіктерімен бөлісті.

«Елімізде жастарды қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз, Ұлы Дала елінің ең үлкен облысының жастары, өз кезегінде еліміздің болашағы жолында өз жауапкершілігімізді сезінуіміз керек. Мен осындай достық қарым-қатынастан көп жақсылық көрдім. Бүгін өзімді толғандырған сұрақтарға жауап алдым». Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының делегаттарымен кездесуге қатысқан Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті «Руxани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебековтің айтқаны.

Жиында жоғарыда аталған Арман секілді белсенділігімен көзге түскен, өз саласының білгірлері делегация құрамына көкейде жүрген сауалдарын қою мүмкіндігін алды.

 «Бүгінгі шараға өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері, мұғалімдер, жас кәсіпкерлер жиналып отыр. Жастар жауапкершілікті жақсы ұғынады. Олар «Елім маған не береді?» деп емес, «мен еліме не беремін?» деген ұстанымда» деді облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.

 Делегаттар жастарға ҚХА cecсиясынан әсерлі көңіл күймен оралғанын жеткізді. ҚХА мүшесі, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев сессиядан түйген ойларымен бөлісті.

– Өзім басқарып отырған кәсіпорында 34 ұлт өкілі, ал, жалпы кәсіпорында 128 ұлт өкілі жұмыс істейді. Үлкен шаңырақтың өкілі ретінде биыл ҚХА мүшесі болдым. XXVII сессияда корей елінің өкілі «қазақстандық кәрістер – осы елдің шынайы патриоты, белсенді қоғам өкілдері» десе, грек ұлтының өкілі әкесінің қазақпен қатар ағайын болып өскенін атап өтті, – деді М.Бөрібаев.

Белсенді жастар сондай-ақ, кездесудің маңыздылығына тоқталды. ҚХА сессиясында сөз сөйлеу құрметіне ие болған Абай ауданындағы білім ошағының математика пәнінің мұғалімі Лариса Кравцова бейресми жиында отбасылық құндылықтар жөнінде әңгімеледі.

– Мен үшін ҚХА сессиясына қатысу – маңызды және айтулы оқиға. Қазақстанның барлық әйелдеріне үндеу жасау – өзімнің алдыма қойған мақсатым болатын. Біздің елімізде отбасын құру және сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Менің төрт қызым мен ұлым бар. 24 жыл мектепте математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарып келемін. Көбісі «Кәсіби қызмет пен үйіңіздегі ошақты бірге алып жүру мүмкін емес» деп айтады. Ал, мен ол мүмкін деймін. Отбасы – бағалайтын ұлы игілігіміз екенін түсінген жөн. Өйткені, отбасы – мемлекетіміздің тірегі, – деп атап өтті делегат

Кездесуде көпшілік Чехияда өткен өнер байқауының жеңімпаздары, Саран қаласынан келген өрендердің өнеріне қол соқты. Әр ұлт өкілдерінен құралған домбыра оркестрінің мүшелері кездесудің көркін келтірді.

Жиынға қатысушылар жастар Жастар жылын сөз жүзінде емес, жарқын істерімен көзге түскен, қоғамдық мәселелерге атсалысқан жас буын үшін қамқорлыққа бай жыл болуы тиіс екендігін баса айтты. Жастардың сөзін қолдаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский «Біз жастарға даму үшін серпін беріп, зияткерлік және материалдық жағынан қосымша қолдау көрсетуіміз тиіс. Осы жылғы кездесулер жастарға бағытталады. Елбасы жас ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды» деді Вилен Молотов-Лучанский.

Бейресми кездесудің жаңалығы – көзі кеміс балалаларға арналған №1-мектептің 11–сынып оқушысы Нұрдолда Кенжебек. Авторлық әндер жазатын өнерлі жас көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген. Жастарға қолдау беретін бағдарламалар өзін жігерлендіретінін айтқан Кенжебек өз сөзінде «Менің мүмкіндігім шектеулі болғанымен, арманым асқақ. Музыкалық білім алғым келеді. Бірақ, Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беретін мекемелер өте аз. Қазіргі таңда мен секілді мүмкіндігі шектеулі жастар көп. Мені Ресейден білім алуға шақырды. Бірақ, мен өз елімнің патриот азаматы ретінде елімде білім алып, қызмет еткім келеді» деді.

Кенжебек кездесуге қатысқан әрбір жастың жүрегіне «Арманымның асқары» әнімен жол таба білді. Жастар кездесудің соңында онымен сұхбаттасуға асықты.

Делегаттар жастар үшін ғылым мен білімді дамыту жайы күн тәртібінен түспейтінін айтты. Осы мақсатта алдағы уақытта Жастар жылына орайластырылған жобалар жалғасын табады.

Ал, жастар қауымы «Қазақстан деп лүпіл қаққан жүрек, бейбітшілік деген тілек, бірлік деп сыбанған білек болса, біз бағындырмайтын белес жоқ» деп тарқасты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button