Жаңалықтар

Бірлік – елдіктің алтын қазығы

Татулық, ынтымақтастық, бауырмалдық – елдік өлшемнің баға жетпес алтын қазығы. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Қаражал қаласының орталық алаңында өткен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты бұқаралық маңызды иеленген іс-шара барысында осынау ұғымдардың қадірі мен қасиеті барынша әспеттелді.

Сәні мен салтанаты келіскен салтанатты жиынның алдында қалалық мекемелер мен ұйымдардың мерекелік шеруі өткізілді. Алуан түрлі этнос өкілдерінен құралған, өзара терең түсіністікті бұлжымас қағидасына айналдырған қазыналы өңірдің тұрғындары мерекелік реңде безендірілген сап құрамында қатарласа бой түзеп, шаһардың басты көшесімен жүріп өтті.
Мереке шуағы көңіл күйлеріне мейлінше жағымды әсер еткен жұртшылықты қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Тілектес Досаев жарқын жүзбен құттықтап, қуаныш-қызықтарының еселенуіне, ымыра-бірліктерінің тамыры тереңдей түсуіне тілек қосты. Қазақ жерінде еркін тыныстап, еңселі ғұмыр кешіп жатқан барлық ұлт өкілдерінің өз болашағына сеніммен қарайтыны – жалпы қазақстандық қоғамға тән басты ерекшелік екендігін айрықша атап өтті. Ел назарын келісім мен бірлік атты қастерлі ұғымдарды қапысыз бағамдап, кіршіксіз қадірлей білуге аударды.
Ақтұма пейіл мен ақжарма тілектер арнасынан асқан салтанатты шара барысында қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, әуезді әуендер биікке самғады. «Шапағат», «Дейлис» және «Дежавю» би топтары Қаражал қауымдастығына жататын этностардың ұлттық билерін өздерінің үйреншікті машықтарымен келістіре биледі.
Жиын түйінінде зеңгір көкке тыныштық пен бейбітшіліктің символы – ақ көгершіндер ұшырылды.
Сол күні өткізілген спорт ойындарына қатысушылар мен жанкүйерлер санатындағы елдің қарасы да мол болды.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Ахат Құрмансейітов

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button