БІРІНШІ ШЕГІНІС: тоқ бала аш күнін неге ұмытады

Тәуелсіздік туралы тәуір сөз айтсаңыз, айыпты қылады. Билікке жағынды дейді жұрт. Қызық әйтеуір. Бірақ, шындық соны талап етсе ше? Америка ашқалы отырғанымыз жоқ. Бар болғаны, отыз жылға кейін шегініс жасағымыз бар. Кейбір керауызға құм толтыру үшін. Әрине, бүгінгі ақиқат талай көмейге қорғасын құйды. Сонда да сол құйылған қорғасынның әр тұсынан бықсу жиі шығып жатады. Бір ғана ақиқат және бар. Дәл 30 жыл бұрын Қазақстан бүгінгідей хәлге жетеді деп ешкім ойламады. Ойламақ түгілі армандайтын шамасы жоқ-ты. Он кір сабын – бір қой, бір ту бие – бір кілем. Ел жегені қара ұн. Ауыл ішінде бартер. Ала сөмкелі қыз-келіншек. Үй-үйді аралаған. Қараңғылықтың қойнындағы ауыл. Өлшеулі жарық. Өлшеулі тамақ… Айтып тауыса алмайсыз. Сол уақытта елдің басынан кешкен жоқшылығын. Көп адам соны ұмытып кетті қазір. Аузы аққа жарығанда тобасын есінен шығарып алатын тірлік баяғы. Сол кездегі бала – біздің санамызда мәңгі өшпес сурет боп қалыпты. Содан да жұрт жаппай бүгінін күстаналап жатқанда, осы сурет көз алдымызға қайта-қайта келе береді. Неге екенін қайдам?! Тәубеміз шығар деп ойладық…

Ленинді «ата» дедік

Ел тәуелсіздік алғанда біз оңсолын біліп қалған жастамыз. 6-7 сынып оқитын кезіміз. Біз тәуелсіздікпен бірге ер жеттік. Тәуелсіздіктің, дұрысы, тоқыраудың жылдарында студент болдық. Тәуелсіздікпен бірге өндік. Сондықтан, Тәуелсіздіктің отыз жылдығында көңілге де біраз нәрсе жиыппыз. Сонау тоқыраулы тоқсаныншы жылдардан бергі кезеңде.

Тәуелсіздік келгенде, біз кәдімгі қып-қызыл галстукты пионер едік. Етімізден ет кесіп алса да, «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!» деген беттен танбайтынбыз. Өз атамыздың сүйегі қайда жатқанын білмейміз. Ленинді екі туып, бір қалғанымыздай «ата» дейміз. Үйде Аллаға сыйынамыз. Мектепте «Құдай жоқ» деген атеистпіз. Тәуелсіздік санадағы осындай сұрқия саясатқа кәдімгі төңкеріс жасады.

Ұят та болса, айтайық. Ең алғаш Абылай ханның кім екенін ауылдағы кітап сататын дүкен сөресінде жатқан суретінен таныдық. Өйткені, оған дейін біз Қазақстан тарихын оқыған емеспіз. Ол туралы ләм-мим айтылған емес. Оқығанымыз өзге елдің тарихы. Біздің тарихпен Тәуелсіздік алған соң ғана, 8 әлде 9 сыныпта ғана таныстық. Сұмдық па? Сұмдық!

Иә, Одақ ыдырады. Одақпен бірге санада рухани сірескен бұл сіреу де ыдырай бастады. Бұл туралы әңгіме – бөлек. Бүгін материалдық қиындықтарды қалай еңгергеніміз жөнінде. Себебі, «Сананы тұрмыс билейді». Осы күні Тәуелсіздіктің қадірін ұқпай жүргендер кешегі ашыққанын есіне алсын деп кері шегініс жасамақпыз.

Қара ұн, бартер, қар суы

Рас. Бала едік. Халықтың қалай қиналғанын көзімізбен көрдік. Ішетін ас, киетін киім деген қат. Ең аяғы мектепке киетін арзан қоңыр форма құрып кеткен сонда.

Қаланы қайдам, ауылда бір үйбір үймен айырбас жасасып жатты. Бір үйде кір сабын бар. Енді бірінде – қант. Біреуде – май. Біреуде – ұн дегендей. Өзара айырбас басталды. Қой да кетті. Мал да кетті.

Ол уақытта «анадай ұн, мынадай ұн» деп таңдау жоқ. Халық барына «шүкір» десті. Қара ұнды ақ ұнмен араластырып, тамақ қылды. Өйткені, қара ұнның сапасы төмен-тін. Басы бірікпейді. Илеуге келмейтін. Содан халық ақ ұн мен қара ұнды қосып, сұр ұннан нан жеп отырды. Ренжімеді. Қабақ шытпады.

Отын-суын малға айырбастады. Тіпті, көліктердің ескі резеңке доңғалақтары отынға айналды. Оның ауылдағы үйдің мұржасын алып қалып, тағы бейнет кешкенін де көрдік. Су тоқтап қалса, қыста қардың суын ерітіп, кір де жуып жатты. Әйтеуір, өлместің тірлігін жасады. Ертеңге деген үміт – ештеңеге мойытпады. Сөйткен тірліктің бәрін осы күні жоққа шығару – әділет пе? Әділет емес, біздіңше.

Тізім мен пиала

Одан сәл бұрын «тізім» деген шықты. Отбасының әр адам басына азық-түлік өлшеніп, тізімдеп берілді. Бүгін ол тізімде нақты не болғанын айту – қиын. Бірақ, онда арақ, темекі, қант бары айдан анық. Себебі, арақ ішпейтіндер оны басқа азық-түлікке, темекі шекпейтіндер өзгеге айырбастады. Қиналды рас. Сөйте тұра, түбі бір жақсылыққа сенді. Қазақты бүгінге жеткізген сол сенімі екенін енді түйсініп отырмыз.

Ауылда керосинмен жанатын шамның жарығымен кітап та, сабақ та оқылды. Тіпті, аналар да дүниеге бала әкеліп жатты. Бұл шамның пиаласы, тіпті, табылмайтын қымбат дүние еді сол уақытта. Сынса, бітті. Жарықсыз қалады. Оған құйылатын керосин де өлшеулі. Ауыл адамы бірбірінен алып, күнелтті. Барын бөлісті. Жоққа жүйрік қоспады. Осының бәрін енді тәрк ету – жөн бе? Жөн емес, біздіңше.

Жабдықтаушы – коммерсант

Қытайдың ала сөмкесінің сәнге айналғаны сол кез. Сөмке арқалап, ауыл үйді аралап, коммерсанттар жүрді ел ішінде. Халық қажетін солардан алды. Коммерсанттар халықты тікелей жабдықтаумен айналысты. Кәдімгі зауыт-фабриканың міндетін атқарғанын мойындауымыз керек осы күні.

Қытайдың сапасыз өнімдері сол тұста еркін кірді. «Адидас», «Монтана», бейсболка, қытайдың шүберек аяқ киімі, неше түрлі-түсті қызылдыжасылды футболкалары, джинси куртка, шалбар дегендермен халықты киіндірген коммерсанттар еді. Бұл – ауылдағы жағдайдың бір ұшығы. Қолында төрт түлігі бар. Әйтеуір, ел ішіндеміз дейтін. Ал, қалалықтардың ауласында от жағып, тамақ істегенін, суық үйде отырып, қалтырағанын біздің халық ұмытып қалды. Қала іңір түссе, қараңғылық құшағына енгенде, тырс еткен тіршілік білінбейтін, сезілмейтін. Қазір ше? Қазір жарты сағатқа жарық сөнсе, қырылып қала жаздаймыз. Мұның бәрін ұмыту – абзал ма? Абзал емес, біздіңше.

Тәуелсіздік – Ұлы іс

Қарап отырсақ, осының бәрін жұртымыз басынан кешірді. Бүгін айтсаңыз, тап бір ертегі секілді. Ойласақ, 1997-1998 жылға дейін халық әбден сыналыпты. Төзімі де, сенімі де, өзі де. Соның арқасында, тоқсаныншы жылдың сынағынан сүрінбей өткендіктен осы күнге жетті. Бүгін сол уақытпен салыстырсаңыз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай. Не кием, не ішем деу жоқ. Бәрі бар.

Социалистік қоғамнан капиталистікке өту оңайға соқпады. Оны әлі де түсінбейміз. Содан шығар, кейде кері тартады біреулер. Қоғамның бір формациясынан екінші бір формациясына өту қашан да оңайға түспеген тарихта. Оның көпшілігі қантөгіс, революциялық жолмен келгені және аян. Біздің елдің нарыққа өтуі тоқырау арқылы жүрді. Солай болуы да керек еді. Империяның құрсауынан шығу, қайта мемлекет құру – Ұлы іс. Ал, осы Ұлы істің жолында еңсерген қиындықты естен шығару – әбестік. Тоқ бала аш күнін ұмытпауы тиіс, негізінде.

Қызғалдақ АЙТЖАН.