Жаңалықтар

Бірінші байлық қорғаны

   «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен  А.Шопенгауер. Біз басқаша қалай айта аламыз? Расында, бар байлықтың бастауы –  денсаулық. Қазір озық медицина сырқаттың қандай түрі болса да анықтап бере алады. Десек те, батпандап енген кеселдің мысқылдап шығуының өзі ақ халаттылардың білімі мен біліктілігіне байланысты болса керек.

Кейде саусаққа қадалған титтей тікеннің өзі әбігерге салады. Ал, жанға батпаса да жүйкені жұқартатын тері ауруларын дер кезінде анықтап емдемесе, соңы өкінішке ұрындыратыны бар. Осы орайда, құрылғанына 80 жыл толған облыстық тері-венерологиялық диспансері ұжымының атқарып келе жатқан жұмыстары да атан түйеге жүк боларлықтай.

1937 жылы тері ауруларын емдеу және алдын алу мақсатында құрылған 30 орындық облыстық тері-венерологиялық диспансерінде 6 дәрігер, 10 фельдшер маман еңбек еткен. Қиын-қыстау соғыс жылдарында да тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіліп, жылдан жылға қызмет көрсету аясы кеңейіп, кабинеттер саны артып, дәрігерлермен толығып отырған.

Тәуелсіздігіміздің таңында еліміз алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі теңесіп, қоғамның барлық саласында, оның ішінде, медицина жүйесінде де қарқынды дамыды. Диспансердің өткен тарихына көз жүгіртсек, аталмыш сырқат түрлерімен ауыратындар саны 70-80 жылдармен салыстырғанда 3 есеге азайған.

Аурухана қызметкерлері сырқаттарды емдеумен қатар, қоғамдық-саяси шаралардан да тыс қалмайды. Жаңа қоғамды құруға өз үлестерін қосып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда облыстық спартакиадаларда топ жарып, мақтау-мадақтауға ие болып жүрген ұжым.

Диспансерді соңғы 20 жыл бойы медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қ.Сәдуақасов басқарып келеді. «Бүгінде материалдық-техникалық базамыз жақсарып келеді. Мұнда әр маман жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысады. Науқас жандар қашанда дертінен айығамын деген үмітпен келеді. Сол сәтте дәрігердің бір ауыз жылы лебізінің өзі ем-дәру», – деп ағынан жарылады Қ.Шаматайұлы.

Бұл ауруханаға емделушілер облыстың, республикалық түкпір-түкпірінен келеді. Дәрігер көмегіне жүгіне келгендердің ризашылығын естіп, мұндағы дәрігерлердің де мейірімді, өз кәсібіне деген адалдығымен құрметке бөленіп жүрген жандар екенін аңғардық.

Бір жылдары жабылудың аз-ақ алдында қалған мекеменің облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаевтың тікелей араласуымен жұмысы қайта жанданып, маңыздылығы мен тиімділігі арта түскен. Мекеменің өз статусын сақтап қалуы, әсіресе, ауылдықтарды қуантты.

Әрине, халқының саны жыл сайын артып келе жатқан өндірісті өлке тұрғындары үшін аталмыш мекеменің қызметі қашанда қажет-ақ.

Иә, істері тыңғылықты, дәрігер атына кір жуытпай, адал еңбекпен алғыстан алқа тағынып жүрген ақ халаттылар әрдайым абырой биігінен көріне берсін дегіміз келеді.

Тұрсын ЖАҚЫПБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button