Білім

Бірегей білім ордасы

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тұлға мүдделерінің, еңбек нарығының, экономика мен әлеуметтік саланың даму перспективасының сұраныстарын қанағаттандыруда шешуші рөл атқарады. Білімге негізделген экономика мен қоғам бәсекеге қабілеттіліктің, жаңа технологияларды қолданудың, әлеуметтік бірліктің, тең мүмкіндіктердің және өмір сапасының проблемаларын шешуде басты рөл атқаруы тиіс.

Сурет: автордан

Кеңес Одағының алғашқы бесжылдықтарындағы ірі өндіріс құрылыстары көптеген білікті жұмысшыларды қажет етті. Кәсіпорындардың, фабрикалардың, зауыттардың, шахталардың, құрылыстардың жұмысшы қолдарына қажетті кадрларды дайындау курстары қанағаттандыра алмады. Осыған орай 1940 жылы 2 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мемлекеттік еңбек резервтері құрылды. Соғыстың алғашқы жылдарында тұңғыш түлектер бітіріп шықты. Жас жұмысшылардың алғашқы отрядтары шахталарда, фабрикаларда майданға аттанған әкелерінің, ағаларының орнын басты. Өндіріске келген соң еңбек резервтерінің түлектері қатардағы жұмысшылармен бірдей жұмыс істеді. Қарағанды облысының еңбек резервтері басқармасының оқу орындары бірінші бес жыл ішінде, яғни, соғыс жылдарында, 18 мың білікті жұмысшыны дайындап, облыстың кәсіпорындарына жіберді.

Соғыстан кейін жұмысшылар дайындайтын училищелерді ашу жалғасты. Саран кентінде жұмысшы кадрларды дайындау курстары 1947 жылдан жүргізіле бастады. Сөйтіп, 1949 жылдың 11 қарашасында Қарағанды облысының кәсіптік-техникалық білім басқармасының №931/262 бұйрығына сәйкес №40 (ГПШ №40) тау-кен өнеркәсіптік мектебінің негізі қаланды. Бастапқы жұмыс істеген тоғыз жыл ішінде №40 ТКӨМ-ді С.Хан, Н.Тульчинский (1953 ж.), Диқанбаев (1954), Қалиев (1957 ж.) басқарды.

№40 тау-кен өнеркәсіптік мектебі құрылған күнінен 1958 жылға дейін Қарағанды облысының еңбек резервтері басқармасының құзырында болды. Ал, 1959 жылдан №40 арнайы өнеркәсіптік училище болып қайта құрылады да, Қарағанды кәсіптік-техникалық басқармасының құзырына өтеді. 1964 жылы қазан айында ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Қаулысына сәйкес №61 ҚКТУ (ГПТУ №61) болып атауы өзгертілді. Келесі онжылдықта, 1959 жылдан 1969 жылға дейін Н.Тульчинский (1960 ж.), А.Довбуш (1963 ж.), Ж.Казиев, Северинов (1969 ж.) оқу орнының басшылары болды. Әр басшы оқу орнының дамуына және жұмысшы кадрларды тәрбиелеу­ге өз үлесін қос­ты. Мысалы, Алексей Довбуш басшылық жұмыспен қатар, көркемөнерпаздар жұмысының белсенді насихаттау­шысы болды. Оның жетекшілігімен училищенің және Саран қаласының бишілер ұжымы қалалық, облыс­тық байқаулардың, Алматыдағы республикалық фестивальдардың лауреаттары және дипломанттары атанды. Шығармашыл жастардың күшімен Саранда «Вольный ветер» опереттасы қойылғаны қаланың байырғы тұрғындарының әлі есінде. Опереттаның билер бөлімінде №61 ГПТУ оқушылары да қатысты.

1980 жылдың тамыз айынан №61 ҚКТУ №52 техникалық училище (ТУ-52) болып атауы өзгертілді, 1996 жылдан №4 кәсіптік-техникалық мектеп (ПТШ №4), ал, 2002 жылдан №4 кәсіптік мектеп (ПШ №4) деп аталды. Атауы өзгергенмен ол жұмысшы кадрлар дайындайтын оқу орны болып қала берді.

1980 жылдары материалдық-техникалық базаның нығайтылғанын ерекше айтамыз. Бұған оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары В.Фрейндтің көп еңбегі сіңді. Өндірістік оқыту шеберлерімен және оқытушылармен ұдайы жүргізілген әдістемелік жұмыс, теориялық және өндірістік оқытуды жетілдіруге деген ізденіс, әріптестерге көрсетілген көмек №4 СПТУ-ға Қарағанды облысының озық және жаңа тәжірибелердің орталығы болуына мүмкіндік берді. Сол кезде училище шеберлерінің және педагогтарының көпшілігі Қарағанды облысы халық-ағарту басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің қоғамдық әдіскерлері болды.

Оқу орнының барлық дәрісханалары мен зертханалары қажетті жабдықтармен жарақталған болатын. Осының бәріне өндірістік оқыту бағдарламасының тақырыптары бойынша іске қосу механизмдерінің электрсхемаларына стенд-тренажерлар, тұрақты тоқ машиналарының, машиналардың жекелеген тораптарының, конвейерлердің, датчиктердің модельдерін жасаудағы ұжымның қарқынды жұмысының арқасында қол жеткізілді. Жасалған экспонаттар, кейін училище түлектері жұмыс істейтін, облыс шахталарындағы жабдықтардың жаттығуға арналған көшірмесі болатын.

Инженерлік-педагогикалық ұжым бұрыннан ғылым мен техниканың жаңалықтарын оқу процесінде қолдана білді. Осыған орай техникалық шығармашылық үйірмелері ашылып, онда оқушылар сабақтан бос уақыттарында инженерлік еңбектің қойнауына үңіле бастады. Өндірістік оқыту шебері В.Клещевтің жетекшілігімен «Жас өнертапқыш» үйірмесі 14 өнертапқыштық ұсыныс­тар әзірлеп, жұмыс процесіне енгізді. Құрастырылған әрекеттегі АТ-3т (термокаталикалық метан анализаторы) стенді «Кеншілерді кәсіптік оқыту» тақырыбы бойынша КСРО ХШЖК (ВДНХ) «Көмір өнеркәсібі» павильонында көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды, 2 қола медальмен марапатталды, көрмеге қатысушыларға «КСРО ХШЖК қатысушысының» 5 дипломы берілді.

Училищеде бос уақытты ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Сабақтан тыс уақытта оқушылар хор және би үйірмелеріне қатыса алатын. Онда «Жас кенші» атты вокалдық топ, «Русский сувенир» ансамблі, «Антрацит» үгіт бригадасы, драмалық үйірме, спорт секциялары, мылтықтан ату тирі де болды. Бұрынғы Кеңес Одағының қалаларына демалыс уақытында тегін баруға лайықты деп танылған оқушыларға мүмкіндік берілді. Туристік маршруттар әртүрлі болатын: Сібірден Мәскеуге, Киевтен Балтық жағалауына дейін, Орта Азия қалалары, Болгария, Польша және Чехословакия.

Училище жастарды оқытуға және тәрбиелеуге көп жылдарын арнаған қызметкерлерін мақтан тұтады. Олардың ішінде Б.Алпысбаева, С.Архипкина, К.Багринцева, Д.Батарчук, А.Закамолкина, И.Иванов, С.Идиатулина, Т.Орлова, В.Рыбаков, В.Самоследова, Л.Синецкая, Н.Тарасова, Ю.Трофимов, П.Филатов, ­Н.Фальченко, В.Филатов сынды мамандар бар.

Нарықтық экономиканың ауыр жылдарында атауы кәсіптік мектеп болып өзгертілген техникалық училище Саран қаласы үшін жұмысшы мамандар дайындауды тоқтатпады. Осы бір қиын кезеңде кәсіптік мектепті Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО кәсіптік білім берудің үздігі, кәсіптік білім беруде 34 жыл өтілі бар қызметкер Амантай Алпысбаев басқарды. Ол кісінің мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық таланты арқасында 1992 жылы Саран қаласының кәсіптік-техникалық оқу орындарын оңтайландыру жақсы ұйымдастырылды. №4 КТМ-ға №25, №32 училищелер қосылды. Кәсіптік-техникалық мектеп тау-кен мамандықтарымен қатар құрылыс, тамақ және жеңіл өнеркәсіп мамандықтары бойынша да оқыта бастады. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, педагогикалық ұжым оқушылардың білім алуы және кәсіби шеберлікті меңгеруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Колледж тарихында Т.Глотова, М.Беливак, М.Кулешов, А.Македонский, С.Топаров, ­Н.Заи­­­кина, М.Линькова, В.Глагольева, Т.Воронкова, В.Онупко, Н.Рашидова, В.Низамутдинова, М.Надежкина, М.Колесникова, Ж.Беркалиев, Г.Декало, Т.Фальченко, Д.Шалхарбаев, М.Шмелев, Н.Шикерлинская, И.Дамро және осы сияқты басқа да жандар өшпес іздерін қалдырды.

2000 жылдардан бастап колледжді Е.Төкебаев, К.Орынбасар, Ш.Шiлдебай, К.Инирбаев, Қ.Қоянбаев, М.Мамирова басқарды. Жаңа мыңжылдықтың жиырма төрт жылы ішінде №4 кәсіптік мектеп №4 кәсіптік лицей болып өзгеріп, ал, ТжКБ жүйесінің жаңғыруынан кейін «Саран техникалық колледжі» КММ деген атау алды. 2024 жылдан директор А.Жумадильдиннің басшылығымен «Саран техникалық колледжі» КМҚК болып жаңа басқару нысанына өтті.

Ү.Баймағамбетова, Е.Воронина, А.Елюбаев, К.Игельманова, С.Федосова, В.Кузнецова, Р.Назипова, А.Нукич, Ж.Оразова, М.Гофман, Л.Фёдорова сияқты қызметкерлер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде көп жылдар бойы еңбек етуде, олар әлі де жастарға өз тәжірибелерін беріп жүр. Жас оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жұмысшы мамандарды оқытуда, тәрбиелеуде ардагерлердің ісін абыроймен жалғастырып келеді.

Бүгінгі таңда Саран техникалық колледжі «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Электрмеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киім үлгілеу», «Слесарьлық іс» мамандықтары бойынша кадрлар дайындайды.

Саран қаласында, жалпы облысымызда жаңа өндіріс орындарының пайда болуы жұмысшы кадрларға қажеттілікті арттыруда. Жыл сайын колледждің әлеуметтік серіктестерінің қатары көбейіп келеді. «QazTehna» ЖШС, «Qarmet» АҚ, «Kama Tyres» ЖШС, «Silk Road Electronics» ЖШС, «СКЭП» ЖШС, «Борусан Макина Казахстан» ЖШС ЖК, «Galex Plus» ЖШС, «Aros group» ЖШС, «ККК Бетон» ЖШС, «Автоград» ТҚКС, «Оптимальный» ЖШС, «Имидж» мейрамханасы, «Саран» кафесі, «ИП Шу» және басқаларын айтуға болады.

Колледж мемлекеттік мақсатты тапсырыс бойынша «QazTehna» ЖШС, «Galex Plus» ЖШС, «Aros group» ЖШС кәсіпорындары үшін мамандар дайындайды. Дуальдық оқытумен студенттердің 30%-ы қамтылған.

Оқу орнын дамыту мақсатында қамқоршылық және индустриалдық кеңестері жұмыс жүргізеді.

Студенттер мен педагогтер ұжымы облыстық, қалалық шараларға, түрлі бағыттағы фестивальдар мен жарыстарға, пәндік олимпиадаларға, конференцияларға белсене қатысып жүр.

World Skills чемпионатында студенттеріміз жүлделі орындарға ие болуда. «Аспаздық іс» құзыреттілігі бойынша 2019 жылы студент Екатерина Мартынова жеңімпаз болса, 2022 жылы студент Жадыра Жұмабек, ал, 2023 жылы колледж түлегі Илья Головачев III орынды иеленді. «Жүк көлігін жөндеу» құзыреттілігі бойынша студент Никита Дмитриенко III орын алды.

Сонымен қатар, колледжде «Инклюзивті білім беру» жобасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаны жүзеге асыру аясында колледж №9 облыстық мектеп-интернатымен ынтымақтасуда.

Биыл колледж 75 жылдық мерейтойын тойлайды. Білім қарашаңырағы өзінің қалыптасу, даму жылдарында сұранысқа ие білікті мамандар оқытып шығарды. Сондықтан, оны жұмысшылар ұстаханасы деп мақтанышпен атауға болады. Колледж қызметкерлері мен ардагерлері үшін ол өз үйіндей болып кетті. Саран техникалық колледжінің шығармашылық ұжымын 75 жылдық мерейтоймен құттықтап, жас мамандарды оқыту мен тәрбиелеуде өркендей беруді, мол табыстарға қол жеткізуді тілейміз.

Алишер ЖУМАДИЛЬДИН,
Саран техникалық колледжінің директоры,

Айдана БИТУОВА,
директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button