Руханият

Бір өзі – бір театр

Қуаныш Мақсұтов ағамыз – қазақтың айтыс өнеріне өзіндік ерекше болмысы, ерекше өрнегімен атойлап келген ақындардың бірі. Сол замандағы бөлек стилімен халықтың жүрегіне жол тапты. «Өнердегі бунтарлық» деген бар, жақсы мағынасында. Айтыстағы тентектігімен халықтың еркесіне айналып, айтыс өнерінің дамуына зор үлес қосқан жан.

Бір ерекшелігі – айтыстарын қарасақ, басталуы, дамуы, шарықтау шегі, қорытындысын қамтитын тұтастықты көреміз. Бұл оның терең білімін аңғартады. Осындай әр көркем шығармаға қойылатын талапты, Қуаныш ағамыздың эмоциясынан аңғарып отырамыз. Яғни, жалғыз өзі – бір театр. Сонысымен ерекше, сонысымен сүйкімді.

Басқа ақындардағыдай бір сарындық жоқ. Кәдімгідей, баяулайтын жерінде баяулап, айқайлайтын жерінде айқайлап, орағытқан түйдек-түйдек ойларын екпінді түрде түйіндеп отырады. Көрермен де ақынның арқасы қозған кезде ерекше күйге бөленіп, рухани ләззат алады.

Бұдан бөлек, өзекті мәселелерді, ауқымды проблемаларды көтеріп, елдің көңілінен шығады. Айтыстарда айтылған түйткілді мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқанына куәміз. Сазгерлігі – жеке бір әлемде, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласуы – өз алдына бөлек әңгіме.

Әлі есімде, ұлттық валютамыз теңгенің жаңа шығып жатқан кезі еді. Сахнаға теңгені алып шығып, көрнекілік ретінде пайдаланып, қызықты әрі ерекше айтыс жасаған. Шапаны иығынан сыпырылып түсіп кетсе, оны да өлеңге айналдырып қойып қалғанда халықтың айызы қанып қалатын. Осындай сәттерді ел ұмытпайды деп ойлаймын.

Қуаныш ағамызды мерейлі тойымен ақын бауырларының атынан шын жүректен құттықтаймын! Алдымызда көш бастап жүре берсін! Тек жақсылық тілеймін! Жамбылдың жасына жетіп, ұрпағымен мың жасасын!

Айбек ҚАЛИЕВ,

айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button