Бір жарым ғасыр бұрынғы сәуегейлік
«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау».
Әлихан БӨКЕЙХАНОВ
Елордамыздың еңсе тіктегеніне 19 жыл толды деп алты құрлыққа сауын айтқан қазақ халқында арман бар ма? Астанасы тұрмақ, өз тілі, өз мәдениеті, өз әдебиеті жоқ елдер қаншама? Тәубе, Тәңірі бізді бұл қасіреттен аулақ салды. Ал, Есілдің бойына ел қондырып, ел астанасы етуді армандаған Алаш көсемдері екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Дегенмен, одан да бұрын Қараөткелдің бойында ел астанасы пайда боларын сәуегейлікпен дәлме-дәл айтқан адам бар. Ол поляк жазушысы – Адольф ЯНУШКЕВИЧ.
Патша үкіметі қазақ өлкесіне жер аударған поляк көтерілісшілері Қазақстан аумағына алғаш рет XVIII ғасырда табан тіреді. Ақсүйек атағынан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылған кейіпкеріміз айдаудың алғашқы 12 жылын Сібірде өткізсе, 1832-1844 жылдар аралығында Тобыл, Омбы, Ақмола өңірінде айдауда болды. Кейін, Омбыдағы шекара басқармасына ауысуға рұқсат алып, қазақ даласына жиі сапарға шығатын экспедиция құрамына енгізіледі. Сапар барысында көрген-білгендерін күнделігіне жазып, Польшада тұратын жақындарына хат арқылы жолдап отырады. 1841 жылы 31 мамырда ағасына жазған сондай хаттардың бірінде А.Янушкевич «… Аягөз – Орта жүздің осыдан 15 жыл бұрын құрылған жеті аймағының бірінің астанасы. Бұрындары аймақ астанасымен аттас өзеннің 35 шақырым төменгі тұсында тұрған. Әскери гарнизон мен әкімшілікке арналған қазыналық ғимараттардан бөлек, мұнда теректен салынған ондаған үй бар. Болжауымша, бұл өңір жаңа елдімекендер көптеп пайда болатын сайын даланың ат шалдырар құтты қонысы болмақ. Мысалы, Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – менің көз алдымда пайда болған мекендер» деп жазады. Ойпырмай, мұндай да сәуегейлік болады екен-ау! Астанамыздың Астана болары 157 жыл бұрын айтылған ой. Я, болжап, я, тұспалдап та жатпайды. «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деп кесіп тұрып айтады. Құдды бір, Алла өзі құлағына сыбырлағандай. Кім білсін, қазақ елінің Азаттық аларын, астанасы бой түзеп, асқарларға қол созарын Құдайдың өзі поляк жазушысының аузына салып берген де шығар. Ол бізге белгісіз. Белгілісі – қазақтың жанын, қазақтың мұң-зарын, өнері мен киесін, тарихы мен тағдырын бір кісідей түсінген А.Янушкевичтің Алаш жұртына деген шынайы адами махаббаты ғана. Мұны А.Янушкевичтің өзі де жасырмайды. «…Сірә, мен бірте-бірте қазаққа айналып бара жатқан сыңайлымын. Киіз үйдің өзі мен үшін туған үйімдей болып барады» дейді ендігі бір сөзінде.
Рауан ҚАБИДОЛДИН.