«Бір тойым болатыны сөзсіз менің, дәл қай күні екенін айта алмаймын»

Жиған-тергенді тойға шашқанды жақсы көретін халықпыз. Алыстағы ағайынның шақыртуын қабыл алып, «той десе домалайтын» жұмыр бастың иесіміз. Ақыры басымыз қосылған соң, астау-астау ет жеп, сабалап қымыз сіміретін ысырапшылдығымыз тағы бар. 15 наурыздан бері елде той тойлауға тыйым салынғаны сауықшыл ағайынның біраз жоспарын бұзды. Тойхана үшін кепілге берілген, бірақ, өткізілмеген тойлардың қаржысы мейрамхана қожайындарының қалтасын қампайтты. Бірақ, төтенше жағдайға қарамастан той өткізгендер бар. Көп жастар той жасамай-ақ АХАЖ-дан неке қидырумен-ақ бүкіл мейрамға нүкте қоюды жөн көріпті. Десек те, көп ел карантин режимінің аяқталуын әлі күтіп отыр.

 

Президенттің жаңа қаулысы бойынша, мейрамхана қожайындарына салтанатты шаралар өткізбеу жөнінде ескерту жасалғаны белгілі. Ескертуге құлақ аспай іс-шара өткізгендер ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша, мекеме қожайындары 10-15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 күнге дейін мерзімге қамалатын болды. Қарағандылық белгілі мейрамхананың қожайыны той жасауға иесінен кепілге 2 000 000 теңге алып қойғанын айтты.

  • Карантин басталған күннің ертеңінде (16 наурызда) шағын ұзату той өткіздік. Негізі 300-ге жуық адам шақырылған, той иесінің келісімімен 100-ге шектедік. Күн жақындап, оның үстіне ақшасы төленіп қойған соң, өткізуге тура келді. Той иесіне де оңай болған жоқ, ағайынға тойыма келме деп айтқан жақсы емес қой. Той өтіп жатқанда құқық қорғау органдарының адамдары келіп ескерту жасады. Кеше ғана қабылданған шешім, хабарымыз жоқ деп құтылдық. Ертерек аяқтадық. Бір қателікті екі рет қайталамайық деп екі ай бойы той өткізбей отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, кәсіп жүрмей тұр, – дейді мейрамхана қожайыны.

Карантиннің аяқталуын күткендердің басым көпшілігі нәпақасын тойдан тауып жүрген, тойшыл қауым, яғни, асаба-шоумендер екені белгілі. Олар да жұрттан кепілге алған ақшаларының жарты бөлігін қайтаруға мәжбүр болған. Қарағандыда екі ай бойы той өтпеудің қалтаға қиындық туғызғанын айтады көбісі.

  • Вирустан сақтанамыз деп, тек мейрамханаларды жауып, сауда орындарын ашып қою тиімді емес. Өйткені, мейрамханада жүретін 200-ге жуық адам сауда орындарында да жүреді. Той – халықтың қазынасы десек, ағайынды қуанышынан айырмау қажет. Қажет болса, маска тағып, антисептик құралдар қолданып, барлық сақтық шараларын қатаң сақтап той өткізуге дайынбыз, – дейді асабалар.

Жақында ғана мешітте некесін қиған Әлішер мен Наргиз бақытты болу үшін көп адам шақырып той жасаудың керегі жоқ деген ортақ шешімге келіпті. Жастар ата-анасының ақ батасын алып, не келескен. Тойға жиған ақшасына Еуропа елдеріне саяхаттауды жоспарлап отыр. «Ата-анамыз тойға 6 миллионға жуық қаржы жинадық, жоғары деңгейде өткіземіз, арзан той жасау ешкімге тиімді емес деді. Осыдан-ақ, бір тойды екіншісінен артық етіп жасау сәнге айналғанын білдік. Қазіргі таңда тойға шақырылған әр қонақ ұлы қуанышқа екі жастың жақсылығына ортақтасу үшін емес, туған-туыстар мен достар арасындағы алыс-берісті тамашалау үшін келеді. Оның соңы ерте ме, кеш пе екі жасқа бармақ тістететіні анық. 6 млн. теңгені бізге беріңіздер. Үй, көлік аламыз, саяхат жасаймыз деген ұсыныс айттық. Ата-анамыз қарсы болған жоқ», – дегенді атап өтті Әлішер.

Әлішер секілді карантиннің салдарынан тойының уақыты өтіп кеткен жастар жетерлік. Көбісі тойларын жаз айларына ауыстырып қойып, «той өткізуге болады» дейтін биліктің шешімін күтуде. «Хан» секілді бірнеше той ұйымдастыру орталықтарына хабарласқанымызда, Қарағандыда жаз айларына жоспарланған тойлардың саны әзірге 500-ге жуық екенін білдік.

Мамандардың айтуынша, жалпы жыл бойы некеге тұрғандарды 1000 деп алсақ, оның 500-ге жуығы жыл өтпей ажырасып кетеді екен. Осы орайда Қазыбек би атындағы АХАЖ бөліміне қоңырау шалдық. Бөлім мамандары ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, биылы 1 қаңтар – 11 мамыр аралығында 598 неке тіркелген. Соның 218-і ажырасқандар санатына қосылып үлгеріпті. Ажырасудан алдына қара салмай тұрған үштікті Алматы қаласы мен Алматы облысынан кейін біздің Қарағанды облысы түйіндеп тұр.

«Қалада жүріп-тұруға тыйым салынғандықтан, карантин уақытында некеге тұруға өтініш бергендер болған жоқ. Бірақ, ажырасу жағдайына байланысты кеңес алуға ниет білдіргендер бар» дегенді тілге тиек етті АХАЖ мамандары.

Не десек те, елді үйге қамаған карантин тойшыл қауымға ой салары анық. Әрине, қазақтың тойы тарқамасын дейміз. Бірақ, тойдың да тойы бар ғой…

Аяулым СОВЕТ