Жаңалықтар

Бір түп жыңғыл

Апыр-ау, мыналар неткен өміршең еді? Әлі сол баяғы қалпы ғой! Бұрындары бұған қалайша мән бермегенмін, ал қазір көзіме неге сонша ыстық? Әңгімемнің арқауы ауыл іргесіндегі Қаратомар көлінің күнбатыс жағында өсіп тұрған бес түп тікенекті бұта. Жыңғыл болуы мүмкін деп ойлаймын. Мүмкін, шеңгел шығар? Әлде, шілік пе екен? Бірақ, бұлардың бәрі біздің жазық далада кездесе қоймайды. Өз басым осы төңіректегі басқа жерлерден көрген емеспін. Көбінесе шөл және шөлейтті аймақтарда өседі. Сондықтан, тап басып тани алмағаным үшін ойлы оқырманнан алдын ала кешірім сұрап, бұдан әрі «жыңғыл» атауын қолдануды жөн көрдім. Әйтеуір, күй талғамайтындығы, сортаң жерге өсе беретіні анық. Тіпті, мәселе бұл өсімдіктің атына емес, затына тіреліп тұр ғой.

Міне, Алланың жаратқан жұмыр басты пенделерінің бірі, менің де жер басып жүргеніме алпыс үш жыл толды. Ал, мына табиғат перзенттерінің тап осы жерде өсіп тұрғанын өз басым ес білгелі білемін. Әкем марқұмның да бұл бұталарды көргеніне куәлік бере аламын. Мүмкін, керісінше бұл жыңғылдар менің арғы аталарымды білетін шығар. Олай болса, бұлар бұл жаққа қалай келді және осы жерді қанша уақыт мекен қылды екен? Жүз жыл ма, әлде бес ғасыр ма? Кім білген? Бір ғажабы өздері не ұлғайып өспейді, не болмаса табиғат заңы бойынша көбейіп, айналасына таралмайды. Әр шоқ жыңғыл бір-бірінен шамамен 100-150 метр қашықтықта орналасқан. Кезінде араздасып кетіп, әлі де араласа алмай жүрген ағайындар тәрізді, әрқайсы жеке дара, өз бетімен өсіп тұр.

Бала кезімізде осы Қаратомардың айналасына қаптаған томар (шымтезек) өсетін. Көлдің қамысы найзадай тіп-тік, атты адамның төбесі көрінбейтіндей ұзын, әрі жуан болатын. Құс дегеніңіз жыртылып айырылатын. Ауылдың жалақ ерін, қара сирақ балалары қысы-жазы осы көлден шықпаушы едік. Ойын қызығына беріліп күнді батырамыз. Майқоғаның тамырын шайнап жүрек жалғаймыз, көлдің балдырлы, кермек суын жейдемізбен сүзіп ішіп, шөл басамыз. Таңсәріден тұрып, жағадағы көкті жұлуға шыққан қаздың балапандарын аулаймыз. Үлкендердің құлағымызға құйып отыратындығынан болар, бәріміз де обал-сауапты бір кісідей білетін едік. Ешқашан құстың ұясын бұзып, жұмыртқасына тиісіп көрген емеспіз. Ал, қыс қызығы болса айтып тауыса алмайтындай, өз алдына бір хикая. Аумағы айнала шапса бәйге атының аптығын басатындай, үлкен көлдің қалың қамысына кіріп кетіп, жүздері бал-бұл жанып, ойын көрігін қыздырған балаларды көз алдыңызға бір елестетіп көріңізші. Небір әккі із кесуші де, сауысқаннан сақ тыңшы да, қаскөй қарақшы да, жолбарыс жүректі батыр да, қысқасы, бәрі осында. Немесе, біріміз қара халықтың қамын жеген Робин Гуд, біріміз ұстатпайтын сайыпқыран, жұмбақ Зорромыз. Ал, бәз біреулердің Робинзонның кейпіне еніп, ну қамыстан күрке жасап алып, тапқызбай қоятынын қайтерсің? (көрген киноларымыз бен оқыған кітаптарымыздың басты кейіпкерлері осылар болғандықтан, басқа кімге еліктей аламыз).

Осы күні кейде түн жарымында тұрып, іргедегі көлдің тынысына құлақ түремін. Көлді мекендеген құстардың алуан түрлі дауысына, қанаттарымен су сабалап немесе ауаны тіліп ұшыпқонған дыбысына, жағадағы сансыз бақаның шұрылы мен шегірткенің шырылы қосылғанда нағыз бір симфониялық оркестр ойнап жатқандай әсер қалдырады. Байқағаным, қазір көлден әупілдектің үні естілмейді. Түні бойы көлді жалғыз өзі көтеріп жатқандай, дауысы зор шығатын. Байғұс құс әбден шаршаған соң, қызыл кітапқа кіріп дамыл тапты ма екен? Алда-жалда құлағыма көл қорыған қызғыш құстың дауысы шалынса, қайран бабам Махамбет түседі есіме. Мектепте оқығанда қас батырға еліктеп «мен, мен едім, мен едім, мен Нұрада жүргенде, еңіреп жүрген ер едім» деп өлеңдетуші едік. Қазіргі күй мүлдем басқа. Бұл күндері тірі жанға қимайтын, керемет қымбат бір затымды жоғалтып алғандай күй кешіп, алыста қалған сол балалық шағымды жиі сағынатын болдым. Тіпті, кейде ел ішінде жүріп, жапанда жалғыз қалған жандай жабырқап, елегзимін. Махамбеттің жолы да, жөні де бөлек қой. Ол сияқты «Еділдің бойы ең тоғай, ел қондырсам деп едім» деп еңіреп жүргеніміз шамалы. Хан Жәңгірдің тепкісіне татитын теперіш көріп жүрген жайымыз тағы жоқ. Айдың, күннің аманында мұндай күйге неге түстім деп одан әрі ойға батамын. Сөйтсем, мені балалықтан айырып, көлден қол үздірген «ұлы мәртебелі» уақыт екен ғой. Өзіңмен ешқашан санаспайтын, жалғыз жаратқан Жаппар иеміздің ғана еншісіндегі уақытқа қалай өкпе артарсың? Қайран уақыт! Расында да қадіріңді кім білген? Мүмкін, уақыттың қадірін бір білсе, осы бір түп жыңғыл білер. Осы уақытқа дейін қанша рет қурап, қанша рет қайта көгерді екен? Бүгінде көлдің айналасындағы томарлар да, көлдің сәнін келтірген найза қамыстар да жоқ. Көңілдің іздегені көл жағалап, шулап жүгіретін балалар еді, олар да көрінбейді. Көлді қоға басып кеткен, нуымен қоса суы да, шуы да азайып, жетімсіреп тұр. Ал, мына жыңғылдар болса, бала кезімде көргенімдей, сол баяғы қалпы, қасқайып әлі тұр. Өзіне адам да, мал да көп жақындай қоймайды. Өйткені, бұтақтарында қорғаныс қызметін атқаратын тебен иненің үлкендігіндей тікенектері бар. Басқа тал дарақтарға ұқсап желегін жайып, жайқалмайды. Жіңішке, майда келген бозғылт жапырақтары шығысымен, тез арада гүлдеп, моншақтай қара жемісін беріп, бойын қайта жинап ала қояды. Бәлкім, ұзақ жасауының сыры да осында шығар. Күзде жапырағы мен жемісінен айырылған кезде, аппақ болып қураған бұтақтарының желмен бірге қосылып мұңлы әуен шертіп тұрғаны тым аянышты. Бейне бір, соғыстан қайтпаған ұлын ұзақ күтіп, үмітін үзбей жүрген ақ шашты кейуананың зары сияқты. Әлде көз көрім жерде тұрған өз туыстарына жете алмай (осындай тағы басқа 4 түп жыңғыл бар екенін еске алыңыз) жүрегі езіліп, жылап тұр ма екен? Бірақ, алда келер көктемді көруден ешбір үмітін үзбейтіні анық. Тіршілік үшін күресе білудің таптырмайтын үлгісі. Кейде осы кәрі жыңғылдарды төңіректің тарихын түгендеп, сырын сақтаған көнекөз шежірешіге ұқсатамын.

Таяуда интернеттен ғалымдардың бір зерттеулері жайлы оқып, таң қалдым. Күнбағыс өсімдігінің күн қай жаққа ауса, басын солай қарай бұрып тұратынын бәріміз мектеп қабырғасынан білеміз. «Ал, бұлтты, жаңбырлы күні қайтеді?» деп ойланған емеспіз. Олар бастарын ұзақ уақыт бұлт шалған кезде бір-біріне қарай бұрылып, өзара энергияларымен бөлісіп, осы аралықтағы күйзелістен аман шығады екен. Міне, ғажап! Егер, біз саналы деген адам баласы дәл осылай істей алсақ не болар еді? Әрине, онда ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныстардың арасында өкпе-реніш, дау-дамай туындамай, дұшпандық жерге кіріп, араз елдер бір мәмілеге келіп, жер бетіндегі соғыс атаулы мүлдем тоқтар еді ғой. Табиғаттан әлі де үйренеріміз көп екен-ау.

Не қылса да жанашыры, қорғаны жоқ, жалғыз тұрған мына шоқ жыңғыл шынымен де мықты екен. Сортаң жерге біткен тағдырына налымай, осыншама уақыт Арқаның аптап ыстығы мен саршұнақ аязына шыдас беріп тұр. Тағдыры тағдырыммен тамырлас сияқты. Менің де балалық шақта пешенеме жазылған тағдырдың дәмі кермек татитын еді. Бірақ, ендігі уақытта, осы жыңғыл сияқты мықты, төзімді болуға шама-шарқым жетеді ме? Тағдырдың тезіне шыдаймын ба? Қанша мықты болуға тырысқанмен, жыңғыл сияқты ұзақ жасамайтыным анық. Алла тағаланың әрбір жаратқан пендесіне бұйыртқан өлшеулі ғұмыры бар ғой. Одан артықты кім сұрап ала алған? Әйтпесе, мына бір түп жыңғылға да «анамыз жерге жармасып, сүрейік өмір алмасып» (Мұқағали) деп базына айтуға болар еді. Бірақ, Мұқаңнан әулие емеспіз ғой. Бүгін немерелерімді ертіп жыңғылдың қасына келіп, суретке түстім. Туған жер табиғатының түймедей бөлшегі болсын біліп жүрсін, сырын ұқсын деген оймен. Бауырыма басқан немерем Елберігім таяуда 10 жасқа толады. Тәуелсіздіктің 20-жылдығы қарсаңында туғандықтан атын «ел іргесі берік болсын» деп ырымдап қойған едім. Алла жазса енді бір елу жылдан кейін, ол да өз немересін ертіп осы жерге келер. Ең бастысы, еліміз аман, жеріміз бүтін, Отанымыз бай-қуатты болсын! Ұрпақтар сабақтастығын үзбей, жерімізге, тілімізге, дінімізге ие болсақ, Қазақ елінің мәртебесі әрдайым биік болатыны ақиқат. Немерелерім үйге қайтуға асығып, тыпырши бастады. Көздерінен «мына бір айдалада өсіп тұрған қурайдың несі қызық» деген сұрақты оқыдым. Өзім де сезіп тұрмын, олардың үйге бара сала компьютерге телміріп, ұялы телефонды ақтаруға асығып тұрғандарын.

Машинаға мініп ұзай бере, бұрылып артқы жаққа тағы бір қарадым. Талай сырды ішіне бүккен бір түп жыңғылды бізді қимай қол бұлғап тұрған, дүниеден ерте озған ғазиз анама ұқсаттым. Табиғат та туған анамыздай ғой, бірақ соны ұғына алмай жүргеніміз өкінішті-ақ. Ішкі жан дүниемді қопарған бір сезім өксікке айналып көкірегімді тіліп өтті де, бір тамшы жас болып кірпігімнің ұшына ілініп қалды…

Қанат ОТАРБАЕВ,

Нұра ауданы

Изенді ауылы.

Басқа материалдар

Back to top button