БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ

Осы бір тарихи суретті мұражай қоры, баспасөз тігінділері сияқты әр жерден көріп жүремін. Алайда, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мен белгілі өлкетанушы, жезқазғандық қаламгер Сүтемген Бүкіровпен бірге суретке түскен үшінші адам туралы ештеңе айтыла қоймайды. «Белгісіз жан» саналған бұл адамды мен жазбай таныдым. Ол – Жаңаарқа өңірінде «түйе палуан» атанған, кезінде ауыл шаруашылығы саласының орта буынында басшылық қызметтерде болған Асқар Мұхамедин еді.

Жаңаарқа ауданының Ескене ауылында 1938 жылы дүниеге келген Асқар Мұхамедин Алматы ауыл шаруашылығы институтында, одан кейін Өскемен жол құрылысы инженерлерін даярлайтын институтта оқыған. Кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім, Қаражал автобазасында диспетчер, қалалық спорт мектебінде нұсқаушы қызметтерін атқарып, ұзақ жылдар ауданның Байғұл, Өркендеу, Ескене шаруашылықтарында бөлімше басқарушысы болды. Ол жасынан спортқа құмар болып, белдескенін алып ұратын балуан атанды. Асекең спортпен қатар халқымыздың тарихи мұраларына да аса қызығушылық танытып, рухани дүниелерге жақындаса жүретін. Үйіне шежіреші қарияларды, өнер адамдарын шақырып, қонақ жасауға бейім тұратын. Сол әдетінің әсері болар, Асекең «Дружба» кеңшары Ленин бөлімшесінің (қазіргі Ескене ауылы) басқарушысы болып жүргенінде бір шаруамен Ақтау кеңшарына барады. Сол сапары кезінде атақты археолог Әлкей Марғұланмен кездесіп қалады. Атасу аймағындағы көне дәуір сырларына үңіліп, зерттеумен айналысып жүрген Әлекеңмен қызыға әңгімелеседі. Дала төсін шарлап жүрген ғалымды Ескенедегі үйіне шақырып, қонақ етеді. Бұл тарихи сурет сол бір кездесудің белгісі. Сол жолы Асекең геологиядағы Қаныш ағаның шәкірті, Еңбек Ері В. Штифановпен де бірге суретке түскені бар.

Айтпақшы, құрметті қонақ келген күндері Асекең шаңырағында тағы бір қуаныш болып, дүниеге сәби келеді. Сол нәрестеге Әлекеңнен бата алып, танымал азамат болсын деген ниетпен Марғұлан есімін қояды. Асекеңнің інісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин де сол бір ерекше күндерді былайша есіне алады. «Иә, көнеден жеткен сөзді көп білетін көршіміз Жүніс қариямен Әлкей Хақанұлы көп әңгімелесіп, біздің өңірдегі әйгілі жүйрік ат «Алашеке» туралы қызыға тыңдаған еді. Біз ара-арасында құрметті қонаққа ән айтып отырдық»,– дейді.

Айтулы азамат Асекең өмірден небәрі елу алты жасында, ерте кетті. Артында ұрпақтары бар. Ләззат, Талғат, Марат, Жалын және 1974 жылы Әлекең есімін қойған Марғұлан бүгінде әр салада өз орындарын тауып отыр. Қай-қайсысы болмасын әке өсиетін көкейге тоқып, өнеге жолын жалғастыра түсуде. Бұдан былай осы бір тарихи суретке: «солдан оңға қарай — белгілі өлкетанушы С. Бүкіров, жаңаарқалық азамат А. Мұхамедин және археолог ғалым Ә. Марғұлан» деп жазсақ орынды болар еді.

Амандық РАХҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.