Бір суреттің сыры
Әке шешемнен қалған ескі фотосуреттерді қарап отырып, терең ойға шомдым. Қателеспесем, мына бір фотосурет өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғында түсірілген болу керек. Олай дейтінім, ол кезде мен ойын баласы едім.
Суреттегі отырғандар ғалым педагогтар – оң жақта психология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәлкен Балаубаев және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қалжан Тұңғышбаев (сол жақта). Артқы қатарда түрегеліп тұрғандар әкем Аманжол Әбсадықов және шешем Кәукіш Жүсіпова. Әкем ол кезде Жаңаарқа ауданындағы В.Ленин атындағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, ал шешеміз аудандық «Жаңаарқа» газетін шығаратын типографияда линотип теруші болып жұмыс істейтін еді. Бұл кісілер аудандағы қазақ орта мектебіне сол кездегі Қарағанды педагогикалық институтының (кейін 1972 жылы осы институттың негізінде ҚарМУ құрылған) бір топ студенттерін мұғалімдік практика өтуіне әкелген болатын.
Ол кезде аудан орталығында жатақхана, қонақ үйдің ыңғайы келмей бұл кісілер әкемнің ұстаздары болған соң біздің үйге тоқтады. Мен бүгін ардақты жандарға жеке тоқталып кетсем.
Сәлкен Балаубаев 1900 жылы Ақмоланың күншығыс жағындағы Майбалық көлі бойында 15 сәуір күні дүниеге келген. Алғашында ол молдадан екі жыл оқып, сауатын ашып хат таниды. Кейін Спасск заводындағы бір байдың дүкенінде жұмыс істейді. Осы кезде бұл жерге семинарист Жүсіп Мауқымов деген келіп, әр баладан бес сом ақша алып мектеп ашады. Айына бір сом жалақы алатын Сәлкен осы мектепке түседі. Бұл мектепте оқып жүргенде Сәлкен көп ізденіп, әр нәрседен хабар алады. Зерек бала оны жақсы бітіріп, қоғамдық жұмысқа араласа бастайды.
1917 жылы Спасск заводының қазақ жастары «Жас жүрек» атты мәдени-ағарту ұйымын құрады. Бұл кезде 17-ге келген Сәлкен осы ұйымның мүшесі атанады. Сөйтіп, 1917-1919 жылдары Сәлкен жұмысшылары тұтынушылар қоғамының мүшесі, клуб меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1920 жылы Байдәулет ревкомының председателі, 1921-1924 жылдары Ақмола, Петропавл қалаларында халық соты, уездік атқару комитетінің секретары, «Бостандық туы» атты губерниялық газеттің қызметкері болып, елді советтендіру, еңбекшілерді тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосады (бұл деректер сол кездегі газет мақалаларынан, үйде әкемнен қалған кесіп алаған мақалалардан-«вырезкалардан» алынған).
Өзгерген өмірдің өскен талабына өзін бейімдеу мақсатымен білімін толықтыра түспек болып, Сәлкен 1925 жылы жұмысшы факультетін, 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университеті Шығыс факультетінің педагогикалық бөлімін бітіреді (САГУ – Средне – Азиатский Гос. Университет).
Университетті ойдағыдай бітірген соң Сәлкен Балаубаев Ташкенттегі Қазақ педагогикалық училищесінде оқытушы, Орта Азиялық еңбек қорғау ғылыми – зерттеу институты психика – техникалық лабораториясының бастығы болып істеп ғылыми – педагогикалық жұмыстар жүргізеді. Оның психология ғылымы саласындағы еңбегі жинақталып, 1930 жылы шыққан «Еңбек пен мектеп» деген оқулыққа енгізіледі.
1932 жылы Жоғарғы Аттестациялық Комиссия С.Балаубаевқа психология жөнінен доцент атағын береді.
1932 жылдан 1935 жылға дейін Алматыдағы Қазақтың педагогикалық институтында психология кафедрасының сондай-ақ, қоғамдық ғылымдар бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. 1935 жылдан 1937 жылға дейін Оралдың педагогикалық институтында қызмет етіп, осы жылдары психология оқулығын жазуын аяқтайды.
1937-1956 жылдар аралығында саяси репрессияға ұшырап, 18 жыл лагерде барлық қиыншылықтарын басынан өткізіп келеді. Осы қиыншылықтарды басынан өткергеніне қарамастан, 1956 жылы Қарағанды педагогикалық институтының психология және педагогика кафедрасында әуелі аға оқытушысы, соңынан кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. Бұл кісінің қандай ерлігі мен қайсарлығы осыдан аңғаруға болады. Басқа күш қуаты аз адам болса, болашаққа деген сенімін жоғалтып, баз кешіп, өмірдің теріс жолына түсіп кетер ме еді. Орыстың ақыны Н. Тихонов айтқандай «Гвозди б делать из этих людей: Крепче б не было в мире гвоздей». Психологиядан қазақ, орыс тілінде бірдей өмірінің соңынан дейін дәріс оқып, 50 жылдан астам уақыт бойы бала тәрбиелеп, ұстаздық етіп 1974 жылы ақпан айында дүниеден озды.
С.Балаубаевтың оң жағында отырған азамат Қалжан Тұңғышпаев. Әкем ол кісіні Қалжекен дейтін. Бұл кісі туралы мәлімет аз, бірақ білетінім, ол кісі 1910 жылы дүниеге келген, еңбек жолын 1933 жылы Ақмоланың жоғары дәрежелі ауыл шаруашылық коммунистік мектебінде мұғалім болып бастаған. 1938-1943 жылдары Қарағандының Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі. Одан кейін сұрапыл майданда болып 14 рет жараланып, «Ұлы Отан соғысы» ордені медальмен екі мәрте марапатталып елге оралады. Соғыстан кейін Қарағанды педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті болып жұмыс істеді, кейін Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілі және әдебиеті кафедрасында зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істеді.
Осы адамдардан өнегелі тәрбие, терең білім алған әкем де 30 жылдай астам В.Ленин атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім – ұстаз болып жұмыс істеді. Әкемнің де балалық шағы сан алуан соқпаққа толы. Сүйеніші болар асқар тауы әкесінен 5 жасында айырылып жетім қалған ол қиын соғыс жылдарында 12 жасында өзі туған ауылы «Бірлік» колхозында еңбекке ерте араласады. Темір жолда вагон участкесінде жұмыс істеп жүріп екі вагон арасында қолы қысылып қалып жас бала мүгедектік тобын алады. Кейін 1946 жылы Қарқаралы қаласындағы зооветеринарлық техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, кейін 1952 жылы Қарағанды мұғалімдер институтын, 1962 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, жоғарыда айтып өткендей, 30 жылдай астам мұғалімдік қызмет атқарып жас ұрпақ тәрбиелеп зейнетке шыққанша жұмыс істеп кетті. Зейнеткерлікке шықса да, ауданның жұмысына белсене қатысып ауданның Құрметті азаматы деген атағын алды. Шешеміз Каукіш Жүсіпованың де тағдыры оңай болған жоқ. Әкесінен ерте қалып (әкесі майданнан оралмаған) үйде қалған өзінен кіші бауырларын жеткізем деп еңбекке ерте араласты. Алдымен облыстық типографияда, одан кейін Жаңаарқа аудандық типографияда зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеп кетті. Шешеміз Қарағанды қаласындағы Ленин ауданында, Жаңаарқа ауданында жергілікті кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланған. Ол сан рет социалистік жарыстың жеңімпазы, коммунистік еңбектің екпіндісі болған, жыл сайын бағалы сыйлық алып отырған. Міне, осы апасынан өнегелі үлгі алған, ақыл кеңесін тыңдаған, оның бауыры Тілеухан Жүсіпов Алматыдағы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, кейін «Орталық Қазақстан» газетінін бас редакторы болып қызмет атқарған.
Фотосуреттегі осы кісілерге қарап, кейінгі ұрпақ осы азаматтардың бойындағы қайтпас қайсарлықты, өр мінезді, адалдық пен отанға деген махаббатты бойларына сіңірсе екен. Бүгінгідей нарықтың заманында бойына білім жинаған, рухани бай адамдар жайында көбірек айтылса, өскелең ұрпақ та тағылымды, тәрбиелі болып қалыптасар еді. Олар ешқандай материалдық дүние жиған емес, олардың бар байлығы өмір бойы ізденіп жиған тергенін, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған ғылыми еңбектері. Қандай қиыншылықты басынан өткерсе де, олар отан сүйгіштігі, еңбекқорлығы, адамгершілігі, қарапайымдылығының арқасында кейінгі ұрпаққа тәрбие беріп ұлкен өмірге жолдама берді. Осындай тұғырлы тұлғаларды біліп, олардың өмір жолы жайында тереңірек зерттеулер жүргізілсе, кейінгі ұрпақ үшін үлгі боларлық қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңірсе, болашағымыз жарқын болары хақ. Осындай ойлар, менің қолыма қалам тербеуіме себеп болды.
Осындай текті бабаларымыздың өнегелі өмірін кейінгі ұрпақ үлгі етсе игі еді. Бір ұсыныс газетте осындай кісілер туралы рубрика болса артық болмас еді.
Ж.Ашкеев,
ҚарМТУ-дің доценті,
техника ғылымдарының кандидаты.