Руханият

Бір сұхбаттың сыры

Бұл сұхбат 2018 жылдың қараша айында алынған еді. Соның алдында ғана кейіпкеріміз – қаламызға белгілі спортшы, Балқаш қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры қызметін атқарған марқұм Тілеугерей Маканалиннің Ақтөбе облысынан туыстарын тауыпты дегенді естігенбіз. Бұл жаңалық бізді де қызықтырған. Естіген жаңалығымыздың анық-қанығын және Ақтөбе сапарының мән-жайын білмекке Тілеугерей Исламұлының жұмыс орнына барып, өзімен жолығып, осы әңгімені жазып алған жайымыз бар-тын.
Сұрастыра келгенде Тілеугерейдің әкесі Ислам Маканалин (Паңгерей Бершайұлы) Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың немере інісі болып шыққан екен. Мұны қалай білгенін және іздеу жұмыстарының қалай басталғанын, туыстарын тауып алуға, олармен танысып-табысуға кімдердің себепкер болғанын Тілеугерей Исламұлы рет-ретімен айтып берген.
Биыл Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толып отырғандықтан, бес жарым жылдай бұрын жазып алған дүниені оқырман қауымға ұсынудың реті келді. Тілеугерей Исламұлының көзі кетсе де, естелік болып осы сұхбаты қалды…

Коллажды жасаған М.Әйнекова

«Сары дәптер» немесе әке аманаты

– Әкемнің Дәулетбай мен Жадыгерей (Задыгерей) дейтін ағаларының болғанын талай рет естідім, – деп бастады әңгімесін Тілеугерей Исламұлы. Әкемнің 1953 жылы әскерде жүргенде жазған «сары дәптері» бар. Сол дәптерде ол балалар үйіне түскен 1934 жылдан әскерде қызмет етіп жүрген 1953 жылға дейінгі 19 жылдағы өмірін, көрген қиындықтары мен тауқыметтерін өлеңмен жазған екен. Бұл «сары дәптер» – әкемізден қалған құнды мұра. Сонда жазған өлеңінде әкем өзінің туған жерін, оның табиғатын, кімнің баласы екенін, ағалары кім, туыстары кім – бәрін түгел қамтыған. Әкем тірі кезінде өзінің руын Адай деп айтып отыратын. Содан бүкіл адайларды туыс деп жақын тұттық. Ол да кіші жүзге жататын үлкен рулардың бірі ғой. Осы күнге дейін өзімізді «адаймыз» деп есептеп келдік. Ал, шындығында, біз табын деген рудан екенбіз. Оны бауырларымызды тауып алғаннан кейін біліп отыр­мыз.

Жаңағы «сары дәптерде» әкем өзінің әкесінің аты Бершай, анасының аты Ханзира, ағаларының аттары Дәулетбай, Жадыгерей, апалары Жадыра, Жәкен екенін, анасы мен Жәкен апасының қалай дүниеден озғанын, өзінің балалық шағы қалай өткенін, балалар үйіне қалай түскенін баян­дап жазып кетіпті.

30-шы жылдардың ортасында әкесі Бершай екі ұлын – Жадыгерей мен Паңгерейді уақытша деп Ақтөбедегі балалар үйіне тапсырады. Алайда, Жадыгерей мен Паңгерей аралары бір-бірінен онша алыс емес, қатар орналасқан екі бөлек балалар үйінде тәрбиеленеді. Балалар үйіне түскен уақытта әкем 5 жаста болыпты. Ал, ағасы Жадыгерейдің одан 5 жас үлкендігі бар. Екеуі балалар үйінде жүргенде бір-біріне күнара барып, кездесіп тұрыпты. Балалар үйінде әкемнің атын Ислам, тегін Маканалин деп өзгертіп тастаған. Бір жылы Жадыгерейді басқа бір балалар үйіне ауыстырып жібереді. Содан екеуі бір-бірін жоғалтып алады. Сонда әкем балалар үйінің басшысына барып, «ағамды тауып беріңдер» деп өкіріп жылап отырып алыпты. Туған ағасынан біржолата айырылып қалуына себеп болған осы жағдай екен.

Сарыағашта жылт еткен үміт сәулесі

Әкем өз әкесін, ағаларын көп іздеді, бірақ, таба алмай кетті. Меніңше, ол кісі әкесі мен ағаларының фамилиясы Абдуллин болып жазылатынын ұмытып кеткен сияқты. Әкемнің туғандарын іздеп таба алмағаны маған да ой салды. «Неге мен әкемнің туған жеріне барып, ең болмағанда топырағын алып келіп, қабіріне апарып салмасқа?» деген ой көптен бері көкейімде жүрді. Бірақ бәрі Алланың қалауымен, «сабақты ине сәтімен» дегендей, сәті түскен күні ғана болатын көрінеді. Осы істің сәтінің түсуіне Сарыағашта демалыста жүргенімде Саясат деген бауырыммен танысуым себеп болды. Әңгімеден әңгіме туып, бір-бірімізді сұрастыра келгенде, ол Ақтөбеден болып шықты. «Ой, сен менің бауырым екенсің ғой» деп, оған барлық жайды айттым. «Олай болса, сіз маған руыңызды, атаңыздың, әкеңіз бен анаңыз­дың, ағаларыңыздың аты-жөндерін жазып беріңіз, мен барған соң сұрастырып көрейін», – деді Саясат.

Біраз уақыт өткен соң хабарласты. «Аға, біздің жақта Мәжит деген 82 жастағы кісі бар, қазір шежіре жазып жатыр, білсе сол кісі ғана білуі мүмкін. Қашан келесіз, келе алсаңыз, мен сізді сол кісіге апарып жолықтырайын», – деп, телефон соқты Саясат.

«Білуі мүмкін» деп айтуына қарағанда, өзі де дүдамалдау болған сияқты. Себебі, мен Саясатқа «руымыз Адай» деп айтқан едім. Ал, Мәжит аға шежіреде бір ғана Бершай бар, руы Табын екенін айтқан екен. «Тілеугерейдің іздеп жүргені сол ма, әлде басқа ма?» деп нақтысын айта алмай, жай ғана «келе аласыз ба?» деп сұрауының мәнісі сол екен Саясаттың. Ақтөбеге барып, Мәжит ағаға жолыққанымызша Саясат ол жөнінде тіс жармады.

Қазан айының бас кезінде жолдасым Майра екеуіміз Ақтөбеге жол тарттық. Онда да Майра болмай, не болса да барып, анық-қанығын біліп қайтайық деген соң жолға шықтым. Оның үстіне Майра ұшаққа мінетін билетке тапсырыс беріп қойыпты. Ақтөбеге жеткен соң, алдымен Аман Ақшолақовтың үйіне түстік. Бұрыннан танитын боксер жігіт. Анасы дастархан жайып, ас-дәмін беріп, Майраның қолына күміс жүзігін салып, бар құрметін көрсетті. Осыдан соң бізді Саясат өзі алып кетіп, Мәжит ағаға апарып жолықтыр­ды. Ол кісінің шежіресінде Бершай, оның балалары Дәулетбай, Жадыгерей (Задыгерей), Паңгерей бәрі жазулы тұр. Егер іздеген туыстарың осы болса, онда сен Адай емес, Табын руынан боласың дегені. Осы сөзді естігенде бір түрлі болып қалдым. Өйткені, ес білгелі өзімізді адаймыз деп келдік, енді міне, ойламаған жерден табын болып шықтық. Шынымен де күмәнданып қалдым. Күмәнданатын да жөнім бар, өйткені шежіредегі Паңгерей­де, екі бала жазулы тұр, аттары Мұрат, Жұбатқан.

«Сенбей тұрсаң, Өрбісін мен Жадыгерейдің балаларының телефондарын берейін, бұл мәліметтерді берген солар» – деп, Мәжит аға әуелі Өрбісіннің немересі – Амандәулеттің ұлы Еркіннің телефонын берді. Ол бізге немере ағайын болып келеді екен. Еркін бізге Жадыгерейдің баласы Орынгерейдің телефонын берді. Орынгерейге телефон шалып, «мен сенің әкең Жадыгерейдің інісі Паңгерейдің баласымын» – деп едім, суық амандасып, іш тарта қойған жоқ. Телефонды қоя салды.

Еркін бұдан соң әкемнің немере бауыры болып келетін Алпысбайқызы Ғайнидың, атам Бершайдың інісі Мұқаштың немересі – Жұмагерейқызы Күнзипаның телефон нөмірлерін берді. Күнзипа апаймен сөйлескенімізде, бұл жаңалықты естіп, шынымен ойланып қалды.

Мен хабарласқан күннің ертеңіне Орынгерей қайтадан телефон соқты. «Аға, кешіріңіз, мен кеше түсінбей қалдым, сіз нағыз Паңгерейдің баласы боласыз ба?» – дейді. «Нағыз Паңгерейі қалай?» – деп едім, ол барлық болған жайды айтты.

Бәрі былай болған екен. Оны Орынгерейден кейін хабарласқан Алпысбайдың немересі – Ғайни Нармұхамбетқызы деген немере апамыздың «уатсап» арқылы жазып жіберген хатынан оқып білдім. Ол біздің атамыз Бершайдың Паңгерейді қалай асырап алғандығы жөнінде әкесі Нармұхамбеттен естіген әңгімесі еді.

Паңгерейінен айырылып қалғаннан кейін, Сыр бойындағы «Зәгөл» дейтін жердегі Өрбісінің ұлы Көшербай деген туысын паналап барған Бершай атамыз баласын біраз уақыт іздестіреді, бірақ таба алмайды. Сол уақытта Арыс қаласына базарлап барып келіп жүрген Өрбісіннің інісі Алпысбайдың баласы Нармұхамбет деген немере ағасынан ба, әлде Көшербайдың өзінен бе, біреудің үйінде Паңгерейге ұқсайтын балалар үйінен асырап алған бір жетім баланың жүргенін естиді. Дереу жаңағы айтқан кісіні жанына алып, баланы барып көреді. Паңгерейдің бір жерінде қалы болса керек, бірақ жаңағы балада қал болмай шығады. Сонда да қоймай, ол баланы өзімен алып, оған Паңгерей деп ат қояды. «Бұл Паңгерейімнің орнына келген бала», – деп оны асырап алады.

Осы әңгімені ертеде Жадыгерей Қарағанды қаласынан Шәуілдірге қонақ болып келген Өрбісіннің кенже ұлы Бақдәулетке айтып береді. Ол кезде Орынгерей 5-ші сыныпта оқитын жас бала. Кешкілік ел ұйқыға жатқанда әкесі Жадыгерейдің Бақдәулет бауырына шежіредегі Паңгерейді асыранды бала деп айтқанын көрпенің астында жатып көзі ұйқыға кете қоймаған Орынгерей естіп қояды. Соның ертеңіне олар – Бақдәулет, Жадыгерей, Әкімгерей және Орынгерей төртеуі Шәуілдірден Зәгөл дейтін жерге барып, Көшербайдың үйіне түседі. Одан кейін Бақдәулет сол ауылдағы Нармұханбеттің үйіне кетеді.

Сол оқиға есіне түскен болуы керек, Орынгерейдің ертеңіне қайта телефон соғып, маған хабарласып тұрғаны. Осыдан кейін мен нағыз туыстарымды, бір атадан өрбіген аға-бауырларымды тапқаныма шын сенімді болдым.

Көшербай, Нармұханбет әкелеріміз отызыншы жылдардың соңында, соғыс­тың алдында Шымкент, Түркістан жағына қоныс аударады. Көшербай Өрбісінов «Темір» совхозының Сырдария бөлімшесінде (қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауылы) түйе өсіретін шаруашылықтың басқарма төрағасы болып қызмет атқарып, 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып елге қайтып келеді. 1948-1950 жылдардың мұғдарында олардың жанына Бершай атамыз көшіп барып, сол жаққа барған соң бес-алты жылдан кейін қайтыс болыпты. Атамның тағдыры мен әкемнің туыстарының өмір тарихын біз қазір ғана, ұрпақтарын тауып алғаннан кейін естіп біліп отырмыз.

Ақтөбеге барған соң, бізді қарсы алған Саясат бауырымыз жанына баласы Саматты және боксер жігіт Аман Ақшолақовты алып, Майра екеуімізді атақонысымыз болған Бұлақ ауылына (Бесқопа, қазіргі Әлия ауылы) алып барды. Әкемнің туған жеріне бірінші рет табаным тиді. Табын руынан өрбіген ата-бабаларымның құтты қонысы болған Бесқопада Әлия апамызға арналып ескерткіш қойылған екен. Дәл іргесіне барып тұрып, өзімнің аталас туысым, апам болып келетін қазақтың батыр қызының ескерткішіне тағзым етпей кете алмадым. Майра екеуміз Әлия Молдағұловаға орнатылған мемориалдық кешенге арнайы барып, гүл шоқтарын қойдық. Естелік суретке түстік. Батыр апамыздың ескерткішінің өзі біздің бойымызға ерекше рух берді. Содан кейін әкемнің аманатын орындап қайтайын деп, туған жерінің көгалына аунап, бір уыс топырағын өзіммен алып қайттым. Аруақтарға құран бағыштап оқытып, сол жерде мал сойып, ас бердік.

Қазақтың батыр қызы – біздің әпкеміз

Әкем Паңгерей (Ислам) бізге ылғи да «Қазақтың батыр қызы атанған Әлия – біздің апамыз» деп отыратын. Ол сөзіне аса мән бермесек те, құлағымызға әбден сіңген.

Шежірені қарап отырсам, Әлия мен менің атам Бершайдың арасы үш-ақ ата екен. Таратып айтсақ, Жарылқап деген бабамыздан Темірбай, Қазыбай, Матай деген үш ұл туған. Қазыбайдан Бершай атамның әкесі Абдолла да, Матайдан Сарықұл, одан Нұрмұхамбет туған. Бұл кісі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған әкесі. Осы шежіреден танып-білгеніміздей, Абдолла мен Сарықұл екі ағайынды кісінің – Қазыбай мен Матайдың балалары. Абдолланың немересі – менің әкем Ислам (Паңгерей), Сарықұлдың немересі – Әлия Молдағұлова.

Әлия Молдағұлованың нағыз әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов, анасының аты – Маржан. 1922-1932 жылдары Нұрмұханбет Сарқұлов байдың тұқымы деп айыпталып, он жылдың ішінде үш-төрт рет сотталады. Қобда, Қарағанды түрмелерінде отырған кездерінде, жолдасы Маржан мен қызы Әлия, ұлы Бағдат үшеуі Ақтөбеге жақын орналасқан Қурайлыдағы жақын туысы Өрбісіннің үйін паналайды. Сол кезде осы ауылда Әлияның үлкен әжесі, Әубәкір Молдағұловтың анасы Тәжен апа тұрған. Сол жылдардағы аштықта халық өңештен өткеннің бәрін тамақ қылып жатады. Орыстарда көкөніс бар, картоп егеді. Қазақ отбасы оны да кәсіп етпеген. Әлгі айтқан орыс ағайындардың жинап кеткен егісіне келіп, картоптың келдегін тереді. Сондай күздің қара суығында келдек теріп жүргенде Маржан бау-бақша күзетшісінің оғынан мерт болады.

Шешесінің қазасынан кейін Әлия Тәжен апаның қолына тапсырылады. Осы үй­дің тәрбиесінде болғандықтан, «Әлия Мол­дағұлова» атанып кетеді. Әлияның әкесі Нұрмұханбет әкеміз түрмеден босап шыққан соң, қызын іздейді. Әлияның қазасын естігенде төсек тартып жатып қалады. Кейіннен алтын жалатылып жазылған грамотасы келгенде, Нұрмұханбет қайтадан жасарып, «шаңырағым құлады деген ем, менің өлгенім тірілді, шаңырағым қайта тұрды» деп Аллаға разы болып өмірден өткен екен.

Менің әкемнің де, Әлияның да туған жері – Бұлақ (Бесқопа) ауылы. Әлия 1925 жылғы, Жадыгерей де 1925 жылы туған, ал менің әкем 1930 жылы дүниеге келген. Бұлар бәрі бірін-бірі жақсы білген, бала кездерінде бірге ойнаған. Тағдырдың жазуын көрмейсің бе, бәрі бір ауылда туғанымен, жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен. Әлия болса, соғыста ерлікпен қаза тапты. Дәулетбай да майдан даласында оққа ұшты. Менің әкем болса, Балқашта. Ал, Жадыгерей Алматы маңындағы Елтай ауылына тұрақтаған екен, сүйегі сол ауылда жерленген.

Осы мәліметтердің барлығын сексен төрт жылдан кейін естіп-біліп жатырмыз.

Әкеме де туған жерінің бір уыс топырағы бұйырды

Алла Тағала әкемнің мәңгілік мекенін туған жерінен бұйырмаса да, өзінің аунап-қунап, асыр салып өскен, балалық шағы өткен қасиетті жерінің бір уыс топырағын жамылып жатуды нәсіп етті. Олай дейтінім, қараша айының 7-і күні Орынгерей бауырым Балқашқа келіп, біз әкемнің туған жерінен өзім барып алып келген топырақты қабіріне апарып салдық. Соңынан ағайын-туыстарды жинап, ас бердік. Орынгерей де Балқаштағы бауырларымен қауышып, жақынырақ танысты. Екі-үш күн әңгімемізді айтып, арқа-жарқа болып қалдық. Сексен жылдан кейін іздеп тауып, табысқан Бершай атамыздың жан-жақтағы ұрпақтары, міне, осылайша бір-бірімізбен қимай-қимай қоштасып қала бердік. Орынгерей біздің туысқандық ыстық сәлемімізді алып, өзі тұрып жатқан Алматы маңындағы Елтай ауылына жол тартты.

Орынгерейді шығарып салып тұрғанда бұрынғы бір әнде айтылатын өлең сөздері есіме түсті: «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен». Расында да, солай-ау. Орынгерейдің әкесі мен менің әкем бір әке, бір анадан туса да, бірін-бірі жоғалтып, екі жақта өмір сүрді. Сол заманның зұлымдық әрекетінің кесірінен олардың тағдырлары осылай болды. Бір-бірін ұзақ жылдар бойы іздеді, таба алмады. Енді бізден кейінгі ұрпақтар бір-бірін жоғалтпаса екен. Менің бар тілегім осы…

Жазып алған Қуандық СӘДЕНОВ
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button