Жаңалықтар

«Адасқанның айыбы жоқ…»

Адамның бір сәттік жаңылысы оның бүкіл тағдырына таңба болып қалмауы тиіс. Қиын кезеңнен кейін қалыпты өмірге қайта оралып, қоғамнан өз орнын табу үшін сенім мен бағыт-бағдар қажет. Осы мақсатта өңірде пробация қызметінің есебінде тұрған 35 жасқа дейінгі жастарға арналған әлеуметтік-психологиялық тренинг өтті.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Іс-шара «Restart» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Тренинг барысында күрделі өмірлік жағдайларды байыппен бағамдап, айналадағы адамдармен жанжалсыз қарым-қатынас орнату жолдары қарастырылды. Тренингке қатысушылар кәсіби мамандармен еркін пікірлесіп, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.

Жоба менеджері әрі ұйымдастырушы Айым Мұхиденқызының айтуынша, «Restart» жобасы бүгінде Қарағанды облысынан бөлек Ақмола облысы мен Астана қаласында жүзеге асырылып келеді.

– Жобаның негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған жастарды қалыпты өмірге бейімдеп, қоғамнан өз орнын табуына қолдау көрсету. Бүгінгі жиынға бас-аяғы 35 адам келіп, қатысты. Әрқайсының өмірлік жағдайы мен алға қойған мақсаты әртүрлі. Сондықтан, оларға ортақ кеңес берумен шектелмей, қажеттілігіне қарай жеке бағыт-бағдар көрсетуге тырысамыз.Көп жағдайда азаматтар бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс таба алмай, неден бастарын білмей қалады. Біз бос жұмыс орындарын іздеуге, түйіндеме әзірлеуге және жұмыс берушімен дұрыс байланыс орнатуға көмектесеміз. Осындай қолдаудың нәтижесінде олар өз күшіне сеніп, қоғамның толыққанды мүшесі бола алады деп сенеміз, – деді ол.

Жобаның ауқымы психологиялық қолдаумен ғана шектелмейді. Оның негізгі бағыттарына құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік бейімдеу, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасты қалпына келтіру және қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу кіреді. Сондай-ақ, жастардың білім алуына, кәсіби машығын жетілдіруіне, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуына жағдай жасау көзделген.

– Әр адам қоғамнан өз орнын табуға лайық. Бір рет жаңылдым деп өмірден түңіліп кетуге болмайды. Психологияда адамның өз өмірінің мәнін қайта айқындап, жаңа мақсат қалыптастыруына көмектесетін түрлі тәсіл бар. Кейде аздаған қобалжу адамды әрекетке итермелеп, ойын жинақтауға ықпал етеді. Ал ұзаққа созылған ауыр күйзеліс адамның еңсесін түсіріп, тұйықталуына, тіпті, депрессиялық жағдайға әкелуі мүмкін.Сондықтан, адам өзінің ішкі күйіне мән беріп, психологиялық және физиологиялық өзгерістерді дер кезінде байқай білуі керек. Қандай жағдай болса да, мәселені байыппен қабылдап, қажет кезде маман көмегіне жүгінуден тартынбаған жөн, – деді тренинг спикері, психотерапевт-дәрігер Батыржан Қуанұлы.

Шара барысында қатысушылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, қалыпты өмірге қайта оралудың алғашқы кезеңі – ең күрделі уақыт. Бұрынғы әлеуметтік байланыстар үзіліп, жұмыс пен баспана мәселесі қатар туындағанда, азамат жалғыз қалғандай күй кешуі мүмкін. Осындай сәтте нақты кеңес пен адамдық қолдаудың маңызы арта түседі.

– Шынын айтқанда, бастапқыда абдырап, неден бастарымызды білмей қаламыз. Бұрын араласқан адамдармен байланыс үзіліп, бәрін қайта құруға тура келеді. Жұмысқа орналасу, құжаттарды реттеу және айналадағы адамдармен қайта қарым-қатынас орнату да оңай емес. Сондай сәтте осындай жобалардың көмегі тиеді. Мұнда бізге тек кеңес беріп қана қоймай, өз күшімізге қайта сенуге мүмкіндік жасап отыр, – деді тренингке қатысушы Юрий Максименко.

Қатысушылар арт-терапияға негізделген практикалық сабақтарға да қатысты. Шығармашылық жаттығулар адамның ішкі күйін еркін жеткізуге, жиналған ширығуды азайтуға және ойын жинақтауға бағытталды.

«Restart» атауының өзі жаңа бастау деген ұғымды білдіреді. Жобаның түпкі мақсаты да сол – қиын жағдайдан өткен адамға кешегісіне байланып қалмай, келешегіне сеніммен қарауға көмектесу. Өйткені, қоғамға қайта бейімделудің берік негізі бақылау мен талаптан ғана емес, дер кезінде көрсетілген қолдау мен адамның өзгеруіне берілген мүмкіндіктен қаланады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button