Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандылық спортшылар көшпенділер ойындарынан бес медальмен оралды

Қарағанды облысының спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бес медаль иеленді. Самбодан Болат Сапар чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды. Көкбөріден Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Мирас Тақауиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал ордо (асық ату) сайысында Бақытжан Тілеуғабылов, самбодан Жандос Бейсенбаев және овари ойынында Аңсаған Қожанәсіп қола медаль еншіледі.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жүлдегерлермен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесіп, спортшыларды жетістіктерімен құттықтады. Оларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.

– Бұл – спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылар мен ұлттық спортты қолдап жүрген азаматтардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұлттық спорт түрлері өңірімізде әрдайым басым бағыттардың бірі, – деді облыс әкімі.

Болат Сапар жеңісінің құрметіне Мемлекет басшысы табыстаған «Еңбек озаты» медалімен марапатталғанын атап өтті. Ол алдағы әлем чемпионатында да алтын жүлде алуды мақсат етіп отырғанын айтты.

Мирас Тақауиев Қарағанды облысынан көкбөріден Қазақстан құрамасына алғаш рет енген спортшы атанды. Ол бес жылдан бері көкпармен айналысып келеді. Ойын қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Алдағы уақытта қарағандылық самбошылар Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына дайындалады. Қарағанды облысының намысын төрт спортшы қорғайды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button