Бір күніңе әр берген қос мереке
Кітапханашылар күні мен Республика күні қарсаңында С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға кітапхана ісінің ардагерлері, облыстық кітапханалар мен Қарағанды облысының орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің басшылары және кітапханашылары қатысты.
Театр фойесінде «Біздің таңдауымыз – белсенді демалыс» атты ерекше фото-көрме безендірілді.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновтың құттықтау сөзін басқарманың мәдениет және өнер бөлімінің бас маманы Анар Есмағанбетова оқып берді.
«Кітапханалар қоғамның рухани өміріне оң әсерін тигізетіні анық. Қазақстанды өрге сүйрейтін тегеурінді буынның қалыптасуы жолында кітапханашылар аянбай еңбек етуде. Сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз. Кітапханалар жаңа ақпараттық кеңістік құруға белсене қатысып жатқанын атап өткен жөн. Құрметті кітапхана мамандары, Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен және ұлтымыз қастерлейтін Республика күнімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасына амандық тілеймін!», – делінген басқарма басшының құттықтау хатында.
Кітапханашыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, Қазақстан кітапхана одағының, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері» кәсіподағының облыстық филиалының марапаттары салтанатты жағдайда тапсырылды. «Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің үздік кітапханасы» номинациясымен Саран қаласының Орталық кітапханасы, «Ауданның орталықтандырылған кітапхана жүйесінің үздік кітапханасы» номинациясымен Абай ауданының Орталық кітапханасы марапатталды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz