Білім ошағының белестері

50 жылдық тарихы бар мамандандырылған музыка мектеп-интернат – Қарағанды облысындағы кәсіби және жалпыбілімдік бағытта кешенді түрде білім беретін маңдайалды жалғыз мекеме. Білім ошағы 2005 жылы «дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернаты» мәртебесіне ие болды. 2011-2012 оқу жылдары 12 жылдық білім беру жүйесіне көшті. Мамандандырылған музыкалды және жалпыбілімдік бағдарламаларды меңгеру 3 сатылы құрылымда жүзеге асырылады. Олар: бастауыш (1-4 сынып), негізгі (5-9 сынып) және орта (10-12 сынып) білім. Жалпыбілімдік бөлімнің пәндері мемлекеттік бағдарламаларды игеруге бейімделген.

Мектеп-интернаттың музыкалық бағытында арнаулы кәсіби 4 бөлім (Халық аспаптары, Үрмелі және соқпалы аспаптар, Арнайы фортепиано, Шекті аспаптар бөлімдері) және 2 міндетті (музыкалық-теориялық һәм міндетті фортепиано) білім бөлімшесі бар. Аталған төрт бөлімнің ішінде «домбыра тенор», «дәстүрлі ән» және «баян-аккордеон» үйірмелері қоса жұмыс істейді.

Мектеп-интернаттың облыс және республиканың мәдени-рухани өмірінде өзіндік үлесі бар. Білім ошағының ұжымы облыс, республика өнер оқу орындарымен және мәдениет, өнер мекемелерімен шығармашылық бірлестікте қызмет атқарады. Атап айтсақ, Ұлттық өнер университеті, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория, Тәттімбет атындағы өнер колледжі, облыс көлеміндегі музыка мектептері, облыстық біліктілікті арттыру және қайта даярлау институты, Қ.Байжанов атындағы облыстық филармонияның Академиялық ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан былай дарынды оқушылардың республикалық, халықаралық өнер сайыстарына қатысу мүмкіндігі артты. Осы жылдар ішінде әр түрлі номинация бойынша республикалық және халықаралық өнер сайыстарында мектеп-интернат оқушылары 367 рет лауреат және дипломант атағын жеңіп алды. Солардың қатарында В.Бажанова, Р.Алдангор, О.Өмірзақов, Н.Ермек, А.Қанатова, А.Таңатова, С.Нұрболат, М.Фиткулов, Д.Сисабаева, А.Жақпарова сияқты бас жүлде иегерлері жетіп артылады.

Әзірлеген Жәнібек ӘЛИМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.