Жаңалықтар

Білім ошағында – бірегей мұражай

   ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Қарағанды қаласындағы №23 мектепте тарихи-өлкетану сипатындағы мұражай ашылды. Мектеп оқушыларына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы мен «Ұлттық код» ұғымын насихаттау мақсатында жасақталған музейдің ашылу салтанатына қаладағы мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысып, тұсауын кесті.

Жан дүниемізге ұлттық ерекшелігімізді сіңіре отырып, заманауи жаңғыру мектеп, балабақшалардан басталуы тиіс. Өйткені, өзін танып-білмеген ұрпақ өзгені жарылқай алсын ба? Мектеп төрінен құрылған мұражай осы мұрат жолындағы қадам деп ұқтық. Музей тұсауы кесілмей тұрып мұнда келген қонақтар осындағы ұстаздар ұжымы мен оқушылары Президент күніне орай ұйымдастырған мектеп «ЭКСПО-сын» тамашалады. Онда татулық пен бейбітшіліктің бесігіндей еліміздегі әр ұлттың мәдениеті мен өнері көрсетіліп, ұлттық тағамдары қойылды. Ұлт Көшбасшысының идеясынан туған Ассамблеяны «ЭКСПО-мен» қабыстырған оқушылар ойының ұшқырлығы тамашаға қалдырды.

Мұражайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген №23 мектеп директоры Нүркен Ашықбаев: «Осындай құтты орынды ашудағы мақсатымыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іс жүзінде орындап, оқушыларға көрсету. Шынында, өзінің туған жері мен өскен ортасының қадіріне жетпеген адам елінің патриоты да бола алмайды», – дей келе мұражайдың ашылуына демеушілік етіп, қолдау көрсеткен азамат пен ұстаздарға алғыс айтты.

Ұлттық үлгіде құрылған музей төрінде алты қанат киіз үй тұр. Қазақтың ою-өрнектерімен жабдықталған үй ішінің тұрмыстық жабдықтары көз тартады. Қамшы, жүген, ертоқым сияқты ат әбзелдерімен қатар, күбі, келі, тағы басқа ыдыс-аяқ түрлері топтасқан. Қысқасы, байырғы қазақтың би түсетін бір үйі. Мұражайдың басты жәдігері – Сәкен Сейфуллин мен Әбікен Хасеновтің кіндігін кескен кездік. Соған байланысты Сәкен бұрышы да ұйымдастырылыпты. Кездік музейдің меңгерушісі Жанат Қуанышбаеваға тоқсанға келіп қайтқан Мұстахима әкесінен аманатқа қалған. Ол кісінің айтуынша, Сәкеннің ата-бабаларының көбінің кіндігі осы кездікпен кесілсе керек… Кейінірек толығырақ зерттеп жазатын-ақ дүние…

Киіз үйдің сыртында қазақтың ши тоқу өнерінің орны. Оны музей меңгерушісі Жанат Мұстахимақызы таныстырып, келген елге ши тоқудың технологиясын да көрсетіп жіберді. Айта кеткен жөн, бұл мұражай – Жанат апайдың жеке қолтаңбасы. Бәрін өз қолымен жабдықтап, әуелі Ақшатау кентінде тұрған. Қалаға қоныс аударуына байланысты мұражай енді осы білім ошағына орналастырылып отыр.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button