Бас тақырыпБілім

Білім ордасы жаңа оқу жылына дайын ба?

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ал, аймақта эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Дегенмен, өңірдегі білім беру ұйымдарының педагогтары мен қызметкерлері 100% екпе алса, штаттық форматта жұмыс істей алады.

Бұдан бөлек, 146 білім беру объектісін жөндеуден өткізу үшін 5 621,6 млрд. теңге бөлінген. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін толық жаңалауға 1 млрд. 776 млн. теңгеге 16 баспамен келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, тозығы жеткен қазандықтар да толық жаңартылуда. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА айтып берді.

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БІРІНШІ ОРЫНДА

Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев «Әр облыстың білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтап, кезекші сыныптар мен мектептің жұмысын ұйымдастыруда өз тәжірибесі бар» деген еді.

Бастысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан, әр сынып барлық пәнді бір кабинетте оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзіліс әртүрлі уақытта болады, қажет болса қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте дене қызуын өлшейтін және дезинфекциялық құралдардың болуы міндетті. Сондай-ақ, оқушылардың білім деңгейін толтыру бойынша педагогтардың көлемді жұмыс жүргізуі маңызды, – деді Жомарт Қарамбаев.

Бүгінгі таңда оқу жылына облыстағы білім ошақтары толығымен әзір. Білім беру ұйымдарының педагогтары мен қызметкерлерін, 18 жастан асқан колледж студенттерін вакцинациялау жұмысы жүргізілуде. Әзірге вакцинаны студенттердің 54%-ы алған.

Барлық білім беру ұйымдары толық көлемде санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген. Бірнеше ауысымда және кабинеттік жүйені жою арқылы сабақтарды ұйымдастырып, 25 оқушыдан аспайтын сыныптар жасақтау жоспарланып отыр. Сабақ кестесі бастауыш, орта және жоғары буынды ескере отырып жасалады, – дейді Гүлсім Шабданқызы.

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Жаңа оқу жылында 498 жалпы білім беретін мектеп, мектепке дейінгі 533 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бүгінгі күні 50 білім беру объектілері 100% жөнделді. Сондай-ақ, жылыту маусымы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы.

Жезқазғандағы №9 мектеп-интернатына, №133 мектебіне, «Көктем» және «Ұшқын» балабақшаларына күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал, оған облыстық бюджеттен 600 млн. теңгеден астам қаражат аударған.

Ұлытаудағы №3 Амангелді мектебінің ғимараты да күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінгі таңда ғимараттың шатыры ауыстырылып, жылу жүйесі тартылған. Электр монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, №18 Мибұлақ орта мектебін, Жезді мектеп-интернатының жатақханасын, «Айгөлек», «Балдәурен» балабақшаларын қалпына келтірумен қатар №14 Алғабас мектебінің аумағы абаттандырылуда. Білім басқармасының басшысы жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.

Биылғы жылы Саран қаласының білім беру мекемелерінде 4 күрделі және 9 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. № 6, №7 мектептерде, «Колокольчик» балабақшасындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен таныстым. Абай атындағы мектепте салынып жатқан спорт залын да көрдім. Кідіріс жоқ. Жұмыс жүйелі, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Ақадыр кентіндегі М.Мәметова атындағы мектептің қазандығы жаңартылмақ. Сонымен қатар, А.Ермеков атындағы мектепте спорт залдың болмауына байланысты, оның құрылысына биыл қаржы бөлінеді. Айта кетейік, биыл өңірдегі барлық мектепке жаңа оқу жылында спорттың 17 түрі бойынша спорттық тауарлар алу үшін 34,7 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы оқулықтарды жаңартуға қомақты қаржы бөлінгендігін айтты.

2021-2022 оқу жылында оқушыларды 100 пайыз тегін оқулықтармен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бағытта жұмыс жүйелі жүргізілуде. Бірінші кезекте 2-11 сынып оқушыларына мектеп қорындағы оқулықтар таратылды. Биыл 1 сыныптар үшін қайта басып шығарылатын жаңа оқулықтарға және 2-11 сыныптар үшін тозған оқулықтарды алмастыруға қосымша тапсырыс берілді. Оқулықтардың алды 30 шілдеден бастап облыстағы барлық білім беру мекемелеріне жеткізілуде. 25 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді білім басқармасының басшысы.

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

2021-2022 жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес, жылу беру маусымына дайындық кестесі пысықталып, арнайы комиссия құрылған. Жұмыстар кестеге сәйкес 1 маусымнан басталыпты. 14 автоматтандырылған жобалау жүйесін жаңарту үшін 265,9 млн. теңге қаржы бөлінген. 2022 жылы – 7 объекті жоспарда. Ол үшін 140 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр.

397 білім беру нысанын жылумен қамтамасыз ету үшін 110 мың 375 тонна көмір қажет. Қазіргі таңда 75 мың тоннасы (81,2%) жеткізілді. Отынның нормативтік қоры 1 қыркүйекке дейін қамтылады. Бүгінгі күні жеке ғимараты бар 791 білім беру ұйымының 634-і (81%-ы) жылу беру маусымына 100% дайындық актілерін алды. Үш жыл ішінде жалпы білім беретін мектептерден бұзылған 44 қазандық шығарылды. Қазіргі уақытта 367 автономды жылыту жүйесінің 21-і ғимарат ішінде орналасқан, – деді Гүлсім Шабданқызы

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button