Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Білім кені – кітапхана

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының коворкинг – орталығында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аймақтың жас кітапханашылары арасында «Жылдың үздік кітапханашысы – 2021» кәсіби шеберлік байқауының финалдық кезеңі өтті.


Байқау кітапханашылардың шығармашылық әлеуеті мен кәсіби шеберлігін дамыту, кітапхананың және кітапханашы мамандығының беделін арттыру, мамандардың инновациялық қызметін қолдау және ынталандыру мақсатын көздеді.
Өтінімдер 10 наурыз бен 30 сәуір аралығында қабылданды. Іріктеу кезеңіне Бұқар жырау, Ұлытау, Абай, Шет аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Қаражал, Саран, Теміртау, Сәтбаев, Жезқазған қалаларының 11 кітапхана жүйесінен 26 жас кітапханашы қатысты.
Қазылар алқасының төрағасы Ж.Бектұров атындағы кітапхана басшысы Нұргүл Каленова болса, құрамында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлжан Ахметкәрімова болды. Байқаудың финалдық кезеңіне 26 кітапханашының 8 үздік қатысушы іріктелді.
Олар ақтық сында екі байқау бойынша кәсіби шеберлігін көрсетті. Алғашқысы – «Ашық іс-шара» бөлімінде қатысушылар электронды презентациялар арқылы патриоттық тақырыптағы ең жақсы өткізілген іс-шара туралы айтты.
Екіншісі – «Блиц-турнир – кәсіби тақырыпқа жауаптар» кезеңі де тартысты өтті.
Өткір бәсекелестік күрес нәтижесінде байқаудың жеңімпазы мен лауреаттары анықталды, олар лайықты марапаттарға ие болды.
Алдымен, Ж.Бектұров кітапханасының мақтау қағазы һәм облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ынталандыру сыйлығы 4 кітапханашыға табысталды. Олар: Жезқазған қалалық ОКЖ балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Жаннель Досетова, Абай аудандық ОКЖ орталық балалар кітапханасының қызметкері Сағыныш Ғазизқызы, Балқаш қалалық ОКЖ А.Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Анна Чабанюк, Теміртау қалалық ОКЖ №1 кітапхана-филиалының кітапханашысы Жанар Нұржанова.
Ал, III дәрежелі диплом мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 12000 теңгелік сертификаты Балқаш қалалық ОКЖ С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі кітапханашысы Марина Узбаеваға бұйырса, II дәрежелі диплом және облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 15000 теңгелік сертификатын Қарағанды қалалық ОКЖ №1 Жасөспірімдерге қызмет көрсету филиалының меңгерушісі Гүлмаржан Қосжан Болатқызы жеңіп алды.
І дәрежелі диплом мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 20000 теңгелік сертификаты Бұқар жырау аудандық ОКЖ Ғ.Мұстафин кентінің аудандық модельді балалар кітапханасының қызметкері, кітапханашы-библиограф Татьяна Зюкина иеленсе, байқаудың Бас жүлдесі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 25000 теңгелік сертификатын қарсыластарынан оқ бойы озық келген Абай қалалық орталық аудандық кітапханасының маманы Сабина Бакирова еншіледі.
Осы облыстық байқаудың жеңімпазы «Қазақстан кітапханалар одағы» ЗТБ және ҚР Ұлттық кітапханасы бастамасымен ұйымдастырылған «2021 жылдың үздік жас кітапханашысы» республикалық байқауына қатысып, аймақ намысын қорғайды.
Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button