Руханият

Әбікеннің Астанаға оралуы

19 наурызда Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы залында ұлы күйші һәм театр актері Әбікен Хасеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбікен Хасенов және қазақтың күйшілік әлемі» атты алқалы жиын болып өтті. Алқалы жиынға елімізге белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері сондай-ақ театр тарландары мен дәулескер күйшілер қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Түркі дүниесінің жаңғыруына сүбелі үлес қосып жүрген Дүйсен Қасейінов, өнертану ғылымдарының кандидаты Раушан Нұртаза мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Айтқали Жайымов және өзге де құрметті меймандар.

Сурет: автордан

Келген қонақтар әуелі Әбікен Хасенұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрмені тамашалады. Көрмені Алматыдан жеткізген, әрі ұйымдастырған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының музей жетекшісі Наргиз Тамабекова Әбікеннің әрбір құжаты мен фотосуреттерін жиынға қатысушыларға таныстырды. Мұнан соң, «Әбікен» кітабының тұсауы кесілді.

Алқалы жиынның алғашқы сөзі Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Дүйсен Қасейіновке берілді. Дүйсен Қорабайұлы аталған жиынға арнайы баяндама дайындап әкелген екен. Әлемдік һәм қазақтық музыка өнерінің терең білгірі Дүйсен Қорабайұлы күйші Әбікен жайлы ойларын ортаға сала келіп, қазіргі күй өнерінің көкейкесті мәселелеріне де тоқталды. Музыка профессорының бұл жиынға арнайы келіп қатысуы алқалы бас қосудың мәртебесін көтерді.

Дүйсен ағаның баяндамасынан кейін сөз кезегі өнертану ғылымдарының кандидаты Раушан Нұртазаға берілді. Рау­шан Нұртаза – Әбікен шығармашылығының бір кісідей білгірі екен! Өзі студент кезінде Мағауия Хамзиннің көзін көріп, атақты күйшіден үлгі-өнеге алып, өсиетін тыңдапты. Қарт күйші Раушанды өзінің әсерлі әңгімелерімен, әшекейлі күйлерімен баурап, болашақ ғалымды күй әлемінің сиқырлы сарайына енгізіп кетіпті. Раушанның баяндамасынан оның музыка ғылымының білікті теоретигі екендігі сезіледі. Мұндай білімді маманның ортамызды толтырғанына біз байғұс кәдімгідей қуанып қалдық. Дүйсен аға бастап, қалғанымыз қостап-қоштап, ғалым қызға ақ тілекті алғысымызды жаудырдық.

Бұдан кейін сөз алған Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, құжаттанушы ғалым Марат Әбсеметов Шет өңірінің күйшілері жөнінде сенсациялық деректерді жайып салды. Архивтік деректердің куәландыруынша, Шет өңірінің күйшілері ГПУ жендеттерімен соғысар алдында аруақты жорық күйлерін қосыла тартып, рухтанып алады екен. Ғалымның айтуынша, бұл майданның ішінде Сәкен Сейфуллиннің әкесі қарт Сейфолла да болған. Ақыры барлығын ГПУ жендеттері жауыз­дықпен атып өлтірген. Мұның бар­лығы архив құжаттарында сай­рап жатыр дейді Марат Әбсеметов.

Марат Әбсеметовтен кейін сөз кезегі тиген күйші Айтқали Жайымов ағамыз күй өнеріндегі көкейкесті проблемаларға тоқталып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда кафедра меңгерушісі болған жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Айтқали аға бір сөзінде, сол жылдары консерваторияда Тәтімбет атындағы класс ашылғанын, алайда, бертін келе бұл кластың әлдебір себептермен жабылып қалғанын қынжыла жеткізді. Зор еңбекпен ашылған кластың осылай «сотсыз-тергеусіз» қайта жабылуын күй өнеріне жасалған қастандық деп білеміз, әрі айыптаймыз! Бұндай шешімге қол қойғандардың есімдері анықталып, аты-жөндері күй тарихының «Қара тізіміне» жазылуы тиіс!

Мұнан соң сөз кезегін Тілектес Мейрамов ағамызға бердік. Тілектес аға Әбікеннің театрда ойнаған рөлдеріне тоқталды. Осы күні бізге белгілі боп отырғандай, Әбікен Хасенов Әуезов театры сахнасында қырықтан астам образдар галереясын жасаған (дәл саны – 43) және бұл образдардың барлығы дерлік басты рөлдер. Мұның дәлелі – Әуезов театрының музей жетекшісі Наргиз Тамабекова ұйымдастырған көрмеден де көрінді. Фотосуреттер Әбікеннің көп планды, жан-жақты, болмысы зор, ойы биік, қырағы, сергек актер болғандығын айқындай айшықтап тұр. Фотодағы Әбікен сомдаған образдардың көрнектілігі бірінен-бірі өтеді. Егер осы суреттерді Әуезов театры музейінің бір сөресінде тығулы жатқан жерінен музей жетекшісі Наргиз Тамабекова мен «Әбікен» кітабының авторы Несібелді Әбдірахманова кездейсоқ тауып алмағанда, біз Әбікен сомдаған образдар бейнеленген бұл фотосуреттерден көз жазып қалғандай екенбіз. Өйткені, аты-жөнсіз папкаға елеусіз жасырылған бұл фоталар ұзақ жылдар бойы әдейі ескерусіз қалдырылып, қол жете қоймайтын, қалтарыс жерде, көзден таса сақталып келген. Наргиз бен Несібелді барлық папкелерді ақтарып, Әбікен құжаттарын табудан әбден күдер үзіп, әрі торығып-тарыққан, тауы шағылған Несібелді жылап тұрғанда, кенет, сонау бір бұрыштағы биік сөреден бір папка өзінен-өзі жерге құлап кетіп, ішінен Әбікеннің осынау фотосуреттері мен құжаттары еденге шашылып түскен. Мұны мистика дейміз бе?

Алайда, Әбікеннің ұлы күйші екендігі жұртшылықа айтылмай келгендігі сияқты, оның театр актері болғандығы да ешбір жерде өз мәнінде жарияланған емес. Тек осы жолдардың авторы 2013 жылы жарық көрген «Жүсіпбек Елебеков» кітабынның Әбікенге арналған тарауында ұлы күйшінің сомдаған рөлдерін тізіп шығып, ол ойнаған бірнеше рөлдерге арнайы тоқталып, кейбірін сипаттай баяндаған еді. Міне, сол рөлдердің тізімі бүгін фота айғақтармен дәлелденіп отыр.

Осы орайда көңіл жабырқатарлық тағы бір мәселе бар. Неге осы уаққа дейін Әбікеннің театр актері ретіндегі сіңірген еңбегі бағаланбай келді? Бағаланбақ түгілі еш жерде айтылмайды, ешқайда ауыз толтырарлықтай болып жазылған да емес. Көпке дейін осы қысастықтың себебі бізге де беймәлім болып келген еді. Кейінгі жылдары күйшілік өнеріміздің тарихындағы көп жағдайларды саралап, қорыта келе, мен бұл сыр­дың жұмбақ түйінін шешкендей болдым. Бірақ, анық-қанығына әлі толық көзім жетпегендіктен, әзірге жарияламай отырмын.

Егер, маған Ә.Хасенов өнерін көзімен көрген, онымен ұзақ жылдар бойы сахналас болған, 2016 жылы жүз жасап қайтыс болған Әуезов театрының көнекөз актрисасы Хабиба Елебекова Әбікен ойнаған рөлдерді асықпай әңгімелеп, байыппен сипаттап бермегенде, бұл жайынан мен де бейхабар қалғандай едім. Қазір мен хатқа түсіріп жарияланған бұл баға жетпес естеліктер Әбікен жайында жазылған түрлі мақалаларға молынан пайдаланылып жүр.

Айтпақшы, Әбікен Хасенов 1952 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмінде Ұзақ ата бейнесін сомдаған. Бір қызығы «Қазақфильмнің» фильмография қоржынынан Әбікеннің бұл рөлін таба алмадым. Бұл да бір түсініксіз жағдай.

Әсерлі өткен жиында сөз кезегін алған Әбікеннің жерлесі, журналист Сәулебек Жәмкенов ағамыз «Қоңыр» күйінің шығу тарихына, күй жайындағы басқа да мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді. Сондай-ақ, «Әбікен» кітабына редакторлық еткен филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұқанова да аталмыш кітап туралы өз ойларымен бөлісті.

Арасында Әбікен репертуарындағы күйлерге кезек беріліп тұрды.

Мәселен, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданынан келген 75 жастағы қарт күйші Қалкен Қасымов Әбікеннің «Қоңыр» күйін өзі шапқан қарағай домбырасымен толғана тартып берді. Өзінің айтуынша, ол «Қоңыр» күйін Әбікенше тартып үйренуге аттай жиырма жылын сарп етіпті. Неткен табандылық һәм ыждағаттылық, әрі жауапкершілік десеңізші!

Қарағандыдан келген Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің жетекші күйшісі Болатхан Тәшімов болса, Әбікеннің ұстазы Әбдидің «Зар қосбасарын» күңірентті. Әбікеннің «Қоңыры» тәрізді бұл күйдің де жантүршігерлік тарихы бар. 1931 жылы Әбдиді ГПУ жендеттері қапыда қолға түсіріп, «үштіктің» сотымен тергеусіз атқалы жатқанда күйші: «Көкірегімде сыртқа шықпаған бір сарын бар еді, сол ішімде кетпесін, Әбікенді домбырасымен алдырыңдаршы. Соған бір тартып берейін. Сонан соң атыңдаршы!» – деп жалыныпты. Жендеттердің ішінде естілеу біреу бар болса керек, Әбдидің ақтық тілегін орындау үшін Әбікенді домбырасымен алдырыпты. Әбікен алып келген домбыраның құлақ күйін келтіріп алып, бір уақ шерткен соң, Әбди бір тосын күйді тарта жөнеледі. Үнсіз зейін қойып, күйді бар ынта-ықыласымен тыңдап отырған Әбікен күй аяқталған кезде: «Ағке-ай, тағы бір тартыңызшы!» – депті. Әбди бір дүркін тартқан соң-ақ, іле-шала мылтық үні гүрс ете қалып, қанға боялған Әбди күйші сол заматта жан тапсырады. Әбдидің бұл күйін Болатхан Тәшімовтен алғаш 1989 жылы естіп едік. Содан бері Болатхан ағамыздың орындауындағы осынау шерлі күйді әркез басымыз қосылған сайын алқа-қотан отырып алып, тыңдауды әдетке айналдырған едік. Болатхан күйші бұл жолы да зар күйінде екен. Тас түйін түйіліп алып, «Зар қосбасарды» зар еңіретті дерсің!

Соңында күй кезегін Қайрат Айтбаев алды. Қайрат – Әбікен дәстүрін жаңылмай жалғастырып келе жатқан өрелі өнерпаз. Бұл жолы ол Әбікен арқылы жеткен Тәттімбеттің «Көкейкестісін» шерлене шертті. Тәнті болғанымыздың белгісіндей, бір уақ тебіреністі күй кешіп қалдық.

Арасында жұрт көкейінде жүрген базына-тілектерімізді де білдіріп отыруды ұмытпадық. Мәселен, бір тұста мен еліміздегі мәдениет пен өнер, жалпы идеология мәселесіндегі қалыптасып отырған ахуалдарға тоқтала келіп, дәл осындай мәдени-рухани дағдарыс кезеңінде Дүйсен Қорабайұлы ҚР Президентінің Мәдениет саласы бойынша кеңесшісі болса, көп мәселелер шешімін табар ма еді деген тілегімді айттым. Мұныма Дүйсен аға: «Қоғамға осылай қызмет ете жүріп те, көп мәселені шешуге болады» – деді.

Жиын соңына қарай сөз алған Несібелді Әбдірахманованың әңгімесі 1930 жылдардағы Шет өңірінде болған «Күйшілер қырғынына» байланысты өрбіді. Кітап авторының Әбікен жайына тоқтала келіп, шолақ белсенділердің сол кездегі елге жасаған зорлық-қорлықтары жайында ашына айтқандары бәрімізді еріксіз ауыр ойға қалдырды. Атына нәлет, сол нәубетте не көрмеді мың өліп, мың тірілген қазақ баласы!

Иә, жасалған қиянат, жазықсыз төгілген қан, қаныпезерлікпен кісі өлтіру – ешқашан сұраусыз кетпек емес. Оның дәлелі – ұзақ жылдар бойы тарих көмбесінде көмулі жатқан жантүршігерлікпен жасалған сол жойдасыз ауыр қылмыстарды Несібелді сынды жұдырықтай әйел шаң басқан архивтерден аршып алған қариялардың алтын сандық кеудесінен қазып алған. Енді, міне, дүйім жұртқа ашына жайып салып тұр. Өйткені сол қырғында аталары аяусыз атылған, әкелері қорлық көрген. Аман қалғандары жанұшыра елден ауып, қырғыз асқан.

Несібелдінің айтуынша, атақ­ты Шет қырғынында ГПУ-дің жауыз жендеттеріне қосылып алып, ел ішіне әңгіртаяқ ойнатқан өңкей шолақ белсенді әңгүдік әпербақандар. Мұндай бассыздыққа қарсы бас көтермек болып атқа қонған, қарсылық көрсеткен ел азаматтарымен бірге бейкүнә сәбилерге дейін жауыздықпен жандарын қиған, айдай сұлу аруларды зорлап-қорлап айуандықпен өлтірген. Осының бәрі Несібелдінің жұдырықтай жүрегіне шемен боп қатқан, шер болып шорланған. Өйткені, ол бұл әңгімелерді сол қырғыннан ғайыптан тайып аман қалған әкесі мен апасынан, басқа да қариялардың аузынан қаршадайынан естіп өскен.

Сол естігендерін санасына тоқып, көкірегіне байлап өсіп, ұмытпай сақтап келіп, арада жарты ғасыр өткенде архив құжаттары бойынша дәлелдеп, кітап етіп шығарып отыр. Онысы жазықсыз өлген жандардың құны сұраусыз кетпесін дегендік дейді.

Жөн айтады. Халыққа қарсы жасалған қылмыс пен қиянаттың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан, мұндайдың қандайы болсын сұраусыз кетпеуі керек. Қанқұйлы қылмыскерлер, ел несібесін жеген жемқорлар арада неше заман өтсе де, аяусыз әшкереленіп, үштік сотқа: ар сотына, заң сотына, ең бастысы – тарих сотына тартылуы тиіс. Одан қалды ұрпақтарының маңдайына таңба болып басылып, беттеріне қаракүйе болып жағылса, құба-құп. Сонда аты тарих бетіне жазылған мұндай қарабет тұқымға ешкім қыз бермейтін және осындай жүзіқара әулеттен ешкім қыз алмайтын болады, әрі мұны көріп-біліп, әрі тарихтан оқып-тоқып өскен өскелең ұрпақ келешек өмірінде қандай жағдайда болсын өз халқына қарсы оқ атпайтын, қылмыс пен қиянат жасауға ары жібермейтін, қолы бармайтын, дәті шыдамайтын болады.

Әбікен күйшіге арналған алқалы жиыннан түйіп қайтқан түймедей тағылым осы болды…

Айтпақшы, бұл мақаланы Әбікен жайындағы жиынның модераторы болған соң егжей-тегжей жазуды парыз көрдім. Өйткені осы күні рухани тұрғыда салмағы зор, үлкенді-кішілі мұндай мәдени жиындар журналистер тарапынан жазылмауға айналды. Жазылған күнде де үстірт қана сүйкей салынатын болып жүр. Өйткені, қазіргі журналистерімізде мұндай күрделі тақырыптарға тереңдеп бара алатын өре кемшін, білім таяз. Бұған журналистік ынтаның да жоқтығын қосыңыз. Оның үстіне, қазіргі кейбір бас редакторларымыз баяғындай қарамағындағы тілшілеріне тапсырма беріп, талап қоя білмейді. Осындай себептермен қазіргі БАҚ мұндай рухани мәселелерге аса назар аудармайтын болып алған.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button