Бас тақырыпТарих

Беттеген байырғыдан болашаққа

«Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда барамын?» деген сұрақ адамзат қоғамын үнемі ойландырып келген, ойландыра беретін мәселе. Өйткені, күн астынан қоныс іздеген толассыз тірлік тайталасында аталған сауалға анық жауап тапқандар ғана келешектің ауласынан кемел сарай тұрғызбақ. Ал, бұған жүрдім-бардым қараса, жеке адам түгілі, жалаулы мемлекеттің өзі жалп етіп құламақ. Тарихта тоз-тозы шыққан талай өркениеттің мысалы бұған куә. Осы орайда ұлтты ұйыстыратын да, жұртты жиыстыратын да халқына арқа сүйеген қаһарман ұлдары мен қыздары дегенге тізгін тартар едік. Мәселен, түркінің түп тамырларының бірі – ежелгі скифтер заманының түңғыш патшасы Тарғытай мен көсемі Ишпакай, Тұмар мен Зарина секілді саңлақ тұлғалар неге осы күнге дейін аңыз болып келеді?

Одан бері ғұн-хун кезеңіне құлдасақ, Мөде қаған мен Елжау би қатарлы қыр қабыландарының аты неге асқақтады? Тарих құйынының шаң-тозаңы оларды да уақыт айнасынан өшіріп, біздің дәуірімізге дейінгі қырық бесінші жылдары жаһанды жалт қаратқан көне түркінің Тоныкөгі мен Күлтегінінің арқасын аспан-тауға тіреп, аяғын салқар далада көсілткен қандай күш? Одан беріде оғыз бен қыпшағымыз Көне Руспен бірігіп, мойны бұрылмас моңғолдармен мүйіздесті. Білге Құл Қадыр мен Құнан қыпшақ, Артық пен Алып Терек – Қайыр хан, Кетбұқа мен Бейбарыс секілді ондаған оғландардың атағы да осы кезеңде өшпестей боп өрнектелді. Бұлардың даңқы күні бүгін де ұлт рухының жалауындай желбіреп тұр.

Мұның сыры неде? Мұның сыры – ұлы даланың құба жонында тарланкөгінің тұяғымен ерлік шежіресін жазған бабаларымыздың қара басының қамын күйттеп кетпей, ұлт пен ұлыстың келешегі жолында қажымай, қаймықпай күресе білген қайсар мінезінде. Өзінің дербес ұлт, дара жұрт екенін сезініп, намыс деген нәрсенің наннан да гөрі қасиетті екенін бағамдай білуінде.

Тархиқта өзі үшін болған «ердің» емес, өзгенің қамын шолған ерлердің ғана аты алысқа жетпек. Ескіден мысал тартсақ, VIII ғасырдың «Үлкен жазуында» есімі қалған Елтеріс қаған еске түсер еді. 618 жылы Таң династиясының аранында жұтылып бара жатқан туырлықты түркі жұртын тәуелсіздікке бастаған оның төтен ерлігі ғасырлар жылнамасына өшпестей болып жазылды. Түркінің төл қағанатын құруды көздеп, ол бастаған «бүлік» 679 жылы орын алды. Қанды қырғында қытайдың он мың солдаты тұтқынға түсіп, тәуелсіздікке қол созымдай-ақ қалған еді… Бірақ, империяның бас қолбасшысы Пей-Хин-ханның алдауына сенген түркілер қайтып шыға алмас қақпанға түсіп, тұтастай қырылып кету қаупі төнген. Не істемек керек? Амалы таусылған түркі қолының басшысы Бұлан хан өз басын басқыншының балтасына тосып, есесіне қарап боп кетер халқын аман алып қалған.

Әрине, ұлы даладағы шайқас бір мұнымен бітпеген. Бірақ, жүрегі түкті Елтеріс қаған қай кезде де түркінің орны төрде екенін көрсете білді. Ол қырық жеті рет жорық жасап, ел іргесін кеңейтті. Соның жиырма шайқасында саптың алдында жүрді. Бертінгі Абылай мен Кенесарыға дейін сөйткен. Қазір ғой, «хандардың» соғыса қалған жағдайда, армияларын ажал аузына жіберіп, өздері құстөсекке көміліп үйде отыратыны. Күлтегін ескерткішінде: «Құтылық – Елтеріс қаған халқын тас түйін ғып жинап, көк Тәңірдің құшағына енді, – деп жазылған. Бұл – атақты қаған 693 жылы дүние салды деген сөз.

Тарихтың тарланбоздары «біз қандай халықпыз» деген сұраққа осылай жауап беріп, ар-намыстың жалауын осылай желбіреткен… Бүгінгі қайбір қазақ өзінің қазақ болып жаратылғанына намыстанса, олар Европа мен Азияның арасын ат шаңына бөлеп, төрткүл дүниені тітіреткен түркі екенін мақтан тұтқан. Осыдан барып бағзы бабалардың жал-құйрығындай болып ХХІ ғасырға жеткен өзіміз кімбіз деген сұрақ алдыңды орайды.

Шынында біз кімбіз? «Біз – қазақ ежелден еркіндік аңсаған…». Сол «ежелден аңсаған еркіндігімізге» қол жеткізіп, бабалар арманын асқақтатқан тәуелсіз елміз. Осыған тәубе дейміз. Алайда, жас елдің алдында жайғастырар шаруалар аз болмайтыны аян. Біз берісін айтқанда, тілімізді тәрк етіп, дінімізді далаға лақтырған ақ патшаның ойраны мен қызыл қоғамның қойнауынан шыққан жұртпыз. Мұның екеуі де ұлтымызды рухани тұрғыдан ірітіп, материалдық тұрғыдан жұтатқан жүйелер. Олай дейтініміз, дәл сол кезеңдерде тіліміз тұқыртылып, дәстүріміз дағдарды. Кеңестің қызыл өңеші теспей сорған ел байлығының еңселі бөлігі Орталыққа жөнелтіліп, өзімізге жеті пайызы ғана қалатын… Мүмкін, қазақтық қасиетіміз де сонша пайызға төмендеген шығар. Жетпіс жылдан аса интернационалдық достық атты жалған ұранды жамыла жүріп, одақтағы ұлт атаулының түр-пошымын жирен келбетке ауыстырып, тілін бір ғана орыс тіліне тоғыстыруды көздеген бұл жымысқы саясаттың зардабы әлі де кете қойған жоқ. Бүгінде біразымыздың түріміз қазақ болғанымен, тіліміз орыс, еліміз қазақ болғанымен, есінеуіміз өзге болып жүргені содан. Оны ар көрмейміз, ұят сезінбейміз.

«Сөзі құрыған елдің өзі де құриды», – деген А.Байтұрсынов. «Тілің қай жұрттыкі болса, өзің де сол жұрттыкісің» дейтін тәмсіл тағы бар. Сол тәмсілдің меңзегені мойнына «тұмар» боп тағылған туысқаным жоқ деп айта аларсың ба?! Мұндайлардың тамағы тоқ, киімі көк болса болды, ұлтым, жұртым кім, – дегенде шаруасы аз. Ол қазағының барша игілігін тұтынуға бар, бірақ елдік мұратын ойлауға жоқ. Тұтынушылық пиғылдың тұтқынында қалған бұлардың санасы Отан, атамекен деген ұғымдардан да ада. Торғайға қонақтауға қай бұтаның басы қолайлы болса, сол жер пана болатыны сияқты, бұларға да қай жердің оты мен суы мол болса, сол жер – пана, сол жер – Отан.

Өзінің қай ұлттың өкілі екенін «ұмытып» кеткен мұндай туғандардың көпшілігі аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін кеудешіл-ақ. Бірақ, тоның тозыңқы екен, – дегенге намысы нарттай боп қызарғанымен, тілің тозыңқы дегенге былқ етпесі анық. Нан табуға басқа тіл жарап жатса, мұндай «ұсақ-түйекке» намысын шығындап қайтсін?! Әрі-беріден соң, ана тілінде сайраған тілдірегіңнен гөрі өзінің шүлдірегі шүленді, нәсібі мол. Мұндайларға өз қазағы «орыссың» деп одырайса, орыстар «қазақсың» деп қиқаяды. Сонда да өмірдегі әлеуметтік орнын анықтап, тегіне оралуға асығар емес. Бауырыңа тартайын десең, ер-тоқымын бауырына алары бар. Не болса, о болсын дейін десең, жоғалып бара жатқан жұрағатың… Осыдан келіп тілі қазақ еместің миы қазақ емесі шығады. Ал, миы қазақ еместен қазақ мемлекеттігінің қамын ойлауды күту – өзіңнің де мисыздығың болмақ.

Қарап тұрсаң, қазіргі қазақтың тірлігі күнкөрістің абыр-сабырынан аса алмай қалған сияқты. Қалалығың болсын, далалығың болсын тілдің жайын тілге тиек етсең, бетіңе таңырқай қарауға бар. Кітап оқу жайын қозғасаң, деніңнің саулығына күмән келтіре бастауы мүмкін. Ал, Ахмет Байтұрсыновша «бүгіншіл болмай, ертеңшіл» болып, ұлттық бейнеңді уайымдап, халықтық қалпың туралы «қақсап» көрші, қамап қойып емдейтін мекеменің «клиентіне» балауға әзір.

Сонда бүгінгі қазақтың арманаңсары не болды өзі?! Тек, қана қарын тойғызып, қазына жинау ма? Жинасын, бірақ бір тоятын ас үшін, бір мінетін ат үшін шыққан тегің мен түпкі мұратыңды ұмытуға болма ма? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Әуезов. Бұл жердегі «бесікті» жүйе деп ұғынған жөн. Ал, жүйең жөн болмай «Мәңгілік елдің» мәресіне жетіп, мінберіне қалай көтерілмексің?! Әлгі ұлттық код, – деп жүргеніңіз де ұлттық ұстыныңның бірегейлігін құрайтын – мінезің мен салт-дәстүріңді, тілің мен дініңді жаңғырту емес пе?! Осы төрт діңгекке сүйенбей діттегеніме жетем деу – келешекке желден сәлем жолдап, суға үшбу хат жазумен бірдей болмас па?! Бүгінгі сөзде осы төрт тұғырдың тіл турасына көбірек ойысыппыз. Өйткені, тіл – ұлттық бейнеңді бекітетін уыз-жасуша. Мінез де, дәстүр де, дін де сол жасушадан қуат алмақ. Сол қайнардан қанып ішкен буын ғана ата салты мен әке дәстүрін лайықты жалғастырмақ. Ауа жайылған ағайынымыз ауылға оралып, адасқан буын деген «атақтан» ада-күде арылмақ. Жасымыз бар, кәріміз бар бәріміз де білімдіміз. Бірақ, көп жағдайда, ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден екенін айтып кеткен Алаш арысының аңдатпасын ескере бермейтініміз бар. Ол – өзгені бөтенсіп өңменінен түюден емес, өз ұлтыңды шынайы сүюден шығатын мінез. Даралығын сақтай отырып, баршаны бауырына басатын мінез.

Сонау есте жоқ заманнан скиф дәуіріне, скифтен ғұн кезеңіне, ғұннан көне түркі дәулетіне, одан оғыз бен қыпшақ уақытына аман жеткен ағайындас тайпалар арасынан үзіліп, сүзіліп шығып, бүгінгі түркі әлемінің түп қазығындай болып орныққан қазағымның берекесі бұдан да тасып, мәртебесі бұдан да шырқай қөтерілер. Олай дейтініміз – сараланған стратегиямыз да, сарапталған тактикамыз да бар. Тек, жүзеге асырудың тетігінен берік ұстайық. Ұлықты көтеруге дайын әдетімізден арылып, рухты көтеретін шараларды қолға алайық. Ал, рухты асқақтатудың қозғаушы күші – бабалар өнегесін өлшем ете отырып, тілі тұтас, тілегі бір мемлекет құрудағы тірлігімізді сәтімен үйлестіріп отыру болмақ. Сонда ғана «қазақ, сен кімсің, болашақтағы орның қандай» деген сұрақтың жауабы айқындалып, ұлттық бейнеңді беркітер белгілер бекемделе түспек. Сол белгілердің бастысы – тіл. Мемлекеттік тіл. Тілі тұтастырған елдердің тұғыры да биік болатынын өркениетті өлкелерден көріп-біліп отырмыз. Үйренер үлгі бар, тек, үйірілер құлық болсын, – деңіз.

Абзал Бөкен

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button