Тарих

Бесім батыр

Шүкір, қазіргі кезеңде тарихымыздың талай замандарға тамыр тартқан тылсым сырлары үсті-үстіне ашылып жатыр. Соның біразы ел шежіресіне, халық аузындағы аңыз-әңгімелерге байланысты мұралардың атадан балаға ауысуы, сақталуы арқылы айғақталуынан көрінеді. Осындай ескі құнды сүрлеудің бір тармағы Бесім батыр есіміне апарып тірейді.

Алдымен бұл кісі кім екенін анықтап айтар болсақ, ата қоныс үшін айқастардан көз ашылмаған аумалы-төкпелі заманда дүйім қазаққа мәлім Бесім есімді екі батыр болған. Бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпей: «Он алты ұлдың бәрін де қалмақ алған, Мен өтірік айтпаймын сөзді жалған, Бесім, Қойтан екеуі тірі қалып, Мінекей, біз солардан нәсіл қалған» дейтін» алтыншы аталасы Бесім батыр болса, екіншісі – өмірінің елеулі жолы Еңсегей бойлы ер Есім басқарған Қазақ хандығының билігі биіктеген, беделі күшейген, қаһары аспандаған дәуір оқиғаларымен астасып өткен Тоқаұлы Бесім батыр. Сәкен Сейфуллиннің:

Қу заман басқа салды мұндай шақты,

Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.

Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел бол,

Деуші еді бабам Тоқа аруақты. – деген Тоқа атты батырдың әкесі. Сөз осы адам туралы.

Хиуа тағынан гөрі тарихшылығымен өшпес із қалдырған Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегі бойынша Есімнің әйгілі хан деп танылуын, 1628 жылы ойрат қалмақтарына қарсы жорықта жүруінде опасыздықпен ту сыртынан ордасы Түркістанды шауып, тәуелсіз хан болуға әрекет еткен Тұрсын ханның қол астындағы Ташкентті қайтарып, ойранды басына келтіруін нақты деректер арқылы білеміз. Марғасқа жыраудың:

Ей, Қатаған хан Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді жылатып,

Жер тәңірісіп жатырсың,

Қара албасты басқұрсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Қазаң жетті қапылсың.

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіне келіп тұр,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан қатарсың – деп толғауындай бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрушы, оның тұтастығын қорғау мен сақтауда аянбай айқасушы қабырғалы қайраткер тұрғысында халық жадында қалған тұлға.

Осы аласапыран уақытта Қазығұрт жақтағы ұлысты басқарушы һәм әскер басы, Есім ханның сенімді серігі әрі тірегі Бесім батыр мұның алдында Бұқараға, Хиуаға қарсы жорықтардағыдай Ташкентті де бағындыруда ерекше көзге түседі. Ежелгі салт-жоралғы бойынша тізе бүккен жау жақын-жуықтарының сұлу қыздары Орта Жүзден қосылған батырларға олжаға үлестіріледі. Нұрбике, Айбике, Қызданбике, Жанбике, Қоңырбике және Дәулетбике атты арулар ішінде Дәулетбике еншісіне тиеді.

Енді осы ауызша деректің сырына үңілейік. Қазақта бедерлі бейнелер жайлы сыр шертетін, өмір жолынан елес беретін шежірелік үзік-үзік әдебиет үлгілері кейбір жазба мағлұматтардан кем соқпайды. Тарих тұңғиығына сүңгітеді, шындығына сендіріп жатады. Мәселен, соның біріне сайсақ:

Киелі Қазығұртты мекен еткен,

 Өмірден Бесім атты батыр өткен.

 Атақты Есім ханның серігі боп,

 Қатаған хан Тұрсынды тізерлеткен, – деген ел аузындағы жыр жолдары қандай даңқты тұлға болғанын аңғартады.

Ал әлгі айтылған оқиғаның қазақ халқы келешегіне ғажайып әсері арнайы салмақтап-саралауға татитын зерттеуді қажет етеді. Түйіндеп айтқанда жалпақ Сарыарқа жұртының ұрпағы жаңарып, үйлі жаны руға, рулы ел ұлысқа айналып, байтақ өлкеге құт қонып, қанат жайып, өсіп-өнуінің бір ұштығы осында жатса керек. Халқымызда руы белгісіз тек жоқ. Батыр бабаларымыздың қосағы болып келген аталған аналарымыздан тараған тұқымнан Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет, Абайдың аталары өрбіп, еңселі ел болса, Бесім батыр кіші әйелі кіндігінен тамырланған қауым Дәулетбике Тоқасы атанып, кешегі заманда тоғыз болыс ел болып, Нұра мен Сарысу, Құланөтпес пен Есіл алқабын еркін жайлап, киелі қоныс етеді. Маймақ ақынның:

Елу жыл елін билеген,

Қарпықтың мырза данасы,

Орыс пен қазақ беттемей,

Ақылға толған шарасы.

немесе Шөже ақынның:

Бақтыбай, Берден шықты төменгі елден, Шоң шықты Дәулетбике деген елден – дейтін Телқозының Шоңы да тектінің бірі. Бабаларындай өр рух біткен, бір кіндіктес Тілен, Тиес, Көбек Нысан, Жалаңтөс сынды батырлар толассыз айқас-шайқастарда суырылып шығып, қол бастап, басқыншыларға қарсы ерен ерлік көрсеткен. Солардың қатарында әр жорық сайын жалғыз-жарым оралмаушы Жалаңтөстен тараған 18 ұл ұрпағы бүгінде үлкен баласы Жолболды есімімен аталатын мәуелі бұтақ ретінде белгілі.

Бүтін бір рудың осы кісі есіміне телінуі тегін емес. Әкесіндей жастайынан атқа мінген, елін-жерін қорғаған, шешендігімен аузына қаратқан, дұрыс билік айтуымен қадір тұтылған ол 17 жасында Қыдыр ата түсінде аян беріп, «Қашқан жаудан бер, бұзылған даудан бер» деп бата тілеп, бата алған, аруақ қонған адам болғандығы айтылады. Өткен жазда үрім-бұтағы Нұра мен Есен өзендері аралығындағы Жыланды шоқысы етегіндегі ежелгі ата қоныстарында бабаларына ескерткіш белгі орнатты. «Қашқан жаудан бер» деуі көнгеніне өшпенділік өршітпеу, қатарға қосып, бауыр етуге, көнбегенін талқан қылуға, бұзылған даудан бер делінуі – әділ шешілмеген дауларды қайта қарап, терісін дәйектеп, бұрысын дұрыстауға деген тілеулікті білдіреді. Өмірінде осындай жолды ұстанып өткен екен. Қабыл алынған батаны ұрпақтан-ұрпақ қаз-қалпында жеткізуі жайдан-жай еместігі анық.

Танымал әдебиет зерттеушісі, Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық университетінің профессоры Амантай Исин «Жас алаш» газетінің өткен тамыз айының 15 жұлдызындағы санында Алтын Орда заманындағы жыраулардың жаңадан табылған жыр үлгілерін таныстырды. Соның бірінде:

Батыр жігіт қайдан жер,

Еңтірестен қиқулап,

Шолақ найза қолға алып,

Батыр жігіт жаудан жер.

Шешен жігіт қайдан жер,

Тар жерлерде тақылдап,

Түкірсе үні гулеген,

Шешен жігіт даудан жер, – деген. Жоғарыда келтірілген батадағы сияқты сарын есіледі.

Әңгімеміздің басында Бесім батырға қатысты мұра жөнінде сыр ұштығын сездіріп өткен едік. Соның мән-жайы мынадай жайтта болып отыр. Батырдың Дәулетбикеден туған ортаншы баласы Айтқожаның Тәңірбердісінің Сапақ атты кенжесінің шөбересі Омаш ақсақалдың қолында кейінгі кезеңге дейін жорықтарда киетін жауынгерлік сауыты сақталып келіпті. Жаңаарқалық қадірменді шежіреші Мұса Тайтөлеуовтың дерегі бойынша қызы Кәмпит 1984 жылы аудандық мұражай ашылғанда сауытты сонда тапсырады. Ескі тарихтың көзіндей жәдігерді сол кездегі директоры М.Қасенова мен қызметкері Д.Ізтөлеуов хаттап қабылдап алады. Біраз уақыттан кейін Жезқазған қалалық мұражайы уақытша көрмеде көрсетуге сұратып, алып кетеді. Міне, содан кейін батыр сауытының ізді-қайым жоғалғанына жиырма жыл болып барады. Іздеу салып жүрген алғашқы сақтаушылар да жоқ, үш ғасыр бойы қолдан-қолға жеткізіп келген ұрпақтарына жауап та жоқ. Кім біледі, басқа бір батырдың сауытына телініп, әлдебір мұражайда тұрса таң қалуға да болмас.

Жалпы кейде бізде батырлар көп, бәрі қайдан шыққан, қалай пайда болған деген сенімсіздеу сөздер айтылып қалуын ескерсек, Тоқаұлы Бесім батыр туралы да сондай тұспал кездесіп қалуы әбден мүмкін. Бұған жауапты академик Гумилевтің мынадай түйінімен қайтарсақ дейміз. «Они не уступали европейцам ни в талантах, ни в уме. Но силы, которые другие народы употребили на развитие культуры, тюрки были вынуждены тратить помимо прочего, еще на защиту своей независимости. За сотни лет они не имели ни года покоя и все же вышли из столкновений победителями, отстояв родную землю» депті ол («Ритмы Евразий», Москва, 1993 г.). Арғы Қобыландыдан бергі Кейкіге шейін батырлар легінің үзілмеуінің мұндай сырына ешқандай күмән келтірілмесе керек.

Бұл мақаламыз көп айтыла қоймайтын, елеусіздеу болып келе жатқан тарихи тұлға – Есім ханның Алатау, Сиқымбай, Тілеуімбет, Жалаңтөс, Жиембет секілді сенімді жаужүрек қолы Бесім батырды таныстыру мақсатында жазылған тұңғыш талпыныс. Еліміздің қилы тарихындағы осы күнге дейін үңірейіп тұрған тиесілі орнын толтыруға ізденімпаз тарихшылар қозғау салса тіпті, тәуір.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button