Жаңалықтар

Бес бастама – бақуатты өмір

              Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін жариялады. Бұл бастамаларды қоғам қызу қолдап отыр.
Әдеттегідей, Қарағанды облысы алғаш­қылардың бірі болып осы Үндеуге үн қосты. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен облыс активінің жиыны өтіп, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру міндеттері талқыланды.

Облыс әкімі, алдымен, «7 – 20 – 25» бағдарламасының берері молын алға тартты. Расымен де, баспаналы болу – көптің бас сақинасына айналғаны қашан?!
– Президентіміздің «Әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бастамасы елдің баспаналы болу мәселесін шешуге зор ықпал етеді. Мысалға, Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде ауданы 65 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді ипотекалық несие арқылы сатып алу жолын алайық. Егер, қазір оның ай сайынғы төлемі 93 мың теңгені құраса, жаңа бағдарлама бойынша 56 мың теңге болуы тиіс. Алғашқы салым көлемі де едәуір азаяды. Ал, пайыздық үстемақысы 10 миллионнан 7 миллионға дейін төмендейді, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысын белсенді дамытуды тапсырды.
Бұдан былай табысы төмен адамдардың салығы азаяды. Президенттің «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасының меңзегені – осы. Нәтижесінде, бұл топтағылардың еңбекақысы 9%-ға өседі. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап. Өзгеріс облыстағы 160 адамның айлығын қамтиды.
«Дегенмен, жұмыс беруші де еш зиян шекпейді», – деді аймақ басшысы.
Елбасының Үндеуі студенттерді де серпілтіп тастағаны шындық. Мәселен, облыста 25 мың студент болса, солардың 52%-ы жатақханамен қамтылмаған. Сондай-ақ, бүгінде 13 мыңы ғана мемлекеттік грант арқылы білім алып жүрсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 35-40%-ға өседі.
Облыс әкімі мәселенің жіті бақылауға алынатынын мәлімдеді.
Шағын несиелер санын ұлғайту да Елбасы бастамасында көзделген. Бүгінгі жобаларды екі есе қуаттандырып, шағын бизнесті нығайтудың бірден-бір механизмі осы болса керек. Бастаманың, әсіресе, шалғай ауылдарға шарапаты молынан тиеді.
Н.Назарбаевтың елді газбен қамтамасыз етуді әрі қарай жалғастыру туралы бастамасының маңыздылығы тіптен ауқымды. Жаңа магистральдық құбырдың 80%-ы біздің облыс арқылы өтпек. Яғни, 1100 шақырым құбырдың 820 шақырымы. Ол облыстың 70%-ы – 1 миллион халықтың сұранысын орындауға мүмкіндік береді.
– Сыр елінен Сарыарқаға тартылатын құбыр – көптің тілегі. Көгілдір отынның экологияны жақсартуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық түсімдер көлемін арттыруға, ең бастысы, халықтың сапалы өмірін қамтуға септігі мол, – деді Ерлан Жақанұлы.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button