«Бес асыл іс – білсеңіз»
Қазақстан халқы Тәуелсіздігінің 26 жылында саяси – экономикалық, мәдени – әлеуметтік дамуда зор табыстарға жетіп, халықаралық абыройы асқақтап, әлемдік беделді ұйымдарға мүше болды. Бейбітшілік пен достастықты, барлық мемлекеттермен өзара берекелі ынтымақтастықты, бітімгершілікті мақсаткерлікпен жүзеге асырып келе жатқан гүлденген еліміздің жаңа астанасы Астана қаласының салынғанына да 20 жыл толды.
Әлемдік ең озық технологиялық жетістіктерге негізделген инновациялық өндіріс пен өнеркәсіп салаларының өркендеуі, экономикамызға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, экспорт көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру, білікті де білімді, заманауи қабілетті мамандар даярлау, жұмыспен қамту, мәдениетіміз бен жұртымыздың рухани кемелденуі еліміздің күш-қуатының, дәулетінің жыл сайын қарқынды, қарыштап дамуына серпін, әр азаматтың тұрмысы мен тіршілігінің жақсаруына лайықты жағдай жасады.
Қазақстан дамыған 50 елдің қатарынан ойып тұрып орын алды.
«Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың бір белесі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі – Қазақстан халқының еліміздің жарқын болашағына деген сенімін нұрландырған, сезімдерін қуаныш шуағына бөлеген, әлеуметтік – руһани әсері ерекше маңызды, ырысты да аса игілікті мемлекеттік шара, Елбасымыздың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасаған кешенді бастамасы, ізгі қамқорлығы.
Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруді көздеген бірінші бастама бүгінгі таңда баспанасыз жүрген миллиондаған қазақстандықтардың « 7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекаға баспана алудың қолжетімді мүмкіндігін арттырады. Несие өсімінің мөлшері 7 пайыздан, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайды, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін төлем мерзімін 25 жылға дейін ұзартады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрғын-үй құрылысына зор серпін беріледі, оның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылады, орта және шағын бизнестің қанат жаюына, экономиканың дамуына тың жол ашады.
Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту екінші бастаманың үлесінде. Ол бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, оларға 1 пайыз ғана табыс салығы салынады. Бұл жеңілдік арқылы олардың жалақысының мөлшерінің көбеюіне мүмкіндік туады. Сонымен бірге Елбасы бұл бастама арқылы Үкіметтің табыс салығының прогрессивтік шкаласын енгізу керек екенін атап өтті.
Жоғары білім алудың қолжетімдігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мақсатында көтерілген үшінші бастама жастардың бәсекеге төтеп бере алатын, әлемдік стандарттарға сай жоғары білім алуларына және тұратын жеріне жағдай жасауды көздейді. Үшінші бастама бойынша жыл сайын жоғары білім алуға бөлінетін 54 мың грантқа 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант қосылады. Оның 11 мыңы техникалық білім алуға бөлінген, оның себебі бар, өйткені біздің елімізде заманға сай техникалық жоғары және орта білімді маман кадрлардың жетіспеушілігі туындап отырғанын Елбасымыз бұрынғы халыққа Жолдаулары мен үндеулерінде айтқан болатын, оның негізінде 2017-2018 оқу жылынан бастап кәсіптік – техникалық білім беру жүйесінде тегін білім беру жүзеге асырылды.
Бұл бастама бойынша 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салынып, студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі түбегейлі шешілуі жоспарланған. Жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісіндей осы шаруаны тыңғылықты ету жоғарғы және арнаулы орта білім берудің санын да сапасын да арттырары кәміл.
Төртінші бастамада шағын несие беруді көбейту керек екені айқындалады.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік – тұрмыстық хал – ахуалының көтерілуіне екпін беретін тетік саналады. Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдауда жеңілдетілген шағын несие беруді көбейтудің рөлі ерекше. Елбасымыз бұл бастамасында 2018 жылы шағын несиенің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды, оның нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2 есеге артып, 14 мың адамға жетпек. Кәсіпкерлікті ауыл – аймақта барынша дамытуға айрықша көңіл бөлінеді, мыңдаған азаматтар жұмыспен қамтылады.
Бесінші бастама елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға арналған.
Елдің 9 облысы газбен қамтылғанымен, солтүстік және орталық облыстарға әлі газ құбыры жетпеген еді, бұл халықтың 50 пайызы газбен қамтылмай отыр деген сөз. Отын ретінде көмірді тұтыну жыл сайын ауаны мыңдаған тонна улы газбен ластап, адамдардың денсаулығына зиянын тигізіп, экологиялық зардаптарға ұшыратуда. Көмірдің қымбаттығы мен жетіспеушілігі тұрмысқа да тиімсіз.
Бесінші бастама бойынша Қызылорда облысындағы Қараөзектен Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбыры салынады, оның құрылысы 2019- 2020 жылға дейін толық аяқталып, Сарыарқа өңірі газбен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық- әлеуметтік аса маңызды бес бастамасының жүзеге асуы еліміздің миллиондаған тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына, жастардың сапалы білім алуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне, адамдардың денсаулығы мен экологияның сауығуына, өнеркәсіп пен өндіріс салаларының көбейіп, жетіле түсуіне қол жеткізеді.
Қазақстан халқынан риясыз қолдау тапқан Елбасының жаңа бес бастамасы халқымыздың бұлжымас мәңгі ынтымағы мен бірлігінің, жасампаз тірлігінің, ертеңгі жарқын өмірге деген сенімі мен құштарлығының жемісі, ел қуатының құтты жеңісі деп білеміз.
Ғазым Жарылғапұлы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет-спорт
қызметкері,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, облыстық
мәслихат депутаты