Берік Жүсіпов. СУЫРДЫҢ ҚЫЗ ҰЗАТУЫ

Дала қазағының дағдысында аңшының әңгімесі деген топтама болатын. Казір көп адам мұндай дүниелерге өтірік деп қарайтын болды ғой. Табиғаттан іргеміз ажырап бара жатқанының бір белгісі осы.

Сондай әңгімелерді көп тыңдағаным, көкірекке тоқығаным, кейін соның денін ғылыми-танымдық мақалаларға айналдырғанымыз жасырын емес. Осы желі бетінде менің «Балпақ іннен шыққан күн» немесе «Шамшырақ» деген мақаламды оқығандар балпақ пен ақбас құндыз туралы көптеген мәліметтер алуына болады. Оның үстіне қолы қалт еткенде дала кезуге тырысатын аңсақ адамның қатарында болған соң, табиғатпен егіз аңыз-әпсаналарға құлағымыздың түрік жүретіні жасырын емес.

Ел арасында «Суырдың қыз ұзатуы» деген ғажап әңгіменің бар екені рас. Мен соның бірнеше нұсқасын естіп едім, соның бірін ұстазым Талас — Таласбек Әсемқұлов айтатын. Ол бұл әңгіме желісін нағашы атасы, Байжігіт күйлерінің білгірі домбырашы Жүнісбай қарттан тыңдапты. Жүнісбайға Шығыс Қазақстан өңірінің аңшыларынан жетіпті. Мен солардың басын біріктіріп, бірнеше нұсқадан ортақ түр жасадым.

Суыр деген мақұлық жанұясымен ымырада өмір сүргенді қалайтың сүтқоректілердің ішіндегі бір ерекшесі. Қазақстанның орманды даласында, шөлді-шөлейт жерлерде, таулы аймақтарда кездеседі, 15-20 жылдай өмір сүреді, тіршілігінің 6 айын ұйқыда өткізеді, терісі аса бағалы, жылына 4-5 күшік туады. Олардың алтай суыры, дала суыры, аляска суыры, қызыл суыр, бурыл суыр, қызыл суыр, орман суыры, гималай суыры, т. б. түрлері көп. Қалғанын суыртанушылар болса айта жатар, мен тек сен сауал қойған соң ғана меселіңді қайтармау үшін жазып отырмын. Ең бастысы, байырғы қазақ тиын текті осы мақұлықты киелі санайтын, қолдан келгенше өлтірмеуге тырысады. Оның басты себебі, өзің жазғандай әуелде «адамнан азғындап мақұлыққа айналған» деген ғажап мифтік ұғымдармен байланысты екендігінде болса керек…

Сонымен, әңгімемнің әуселесіне көшейік. Бір жылы аңға шыққан аңсақ саятшы далада бетін басып жылап тұрған суырдың күшігін көріпті. Не жағдай екенін білгісі келіп жақындап келсе, ол ізіне ерітіп ала жөнеліпті. Табиғаттың тынысына құлақ қойған ел емеспіз бе, аңшы суырдың баласының ізіне еріп отырыпты. Сөйтсе суырдың бажағы (вожак) аңшының құрған қақпанына түсіп қалған екен. Айнала толған суыр, дәрмендері құрып, шарасыздықтан адам сияқты алақандарымен беттерін басып, егіліп жылап тұр екен. Жаны ашыған әлгі аңшы баба суырды босатып жіберіпті. Сол кезде бір ұрғашы суыр зып беріп інге кіріп кетіп, лезде жылтыраған бірдеңе алып шығып, аңшыға ұсыныпты. Өздерінің табаны да адамның алақаны сияқты ғой. Міне, ғажап, аңшыны таң-тамаша қалдырған нәрсе, қаншық суырдың ін түбінен алып шыққаны қой асығындай алтын екен. Адамнан зият мақұлық бажағын құтқарған адамға алғыс айтқаны екен ғой. Осы уақиға кейінгіге көзімен көрген аңсақтар арқылы жетіпті, соның бірін Жүнісбай қартқа жылап отырып әлгі аңшы айтып беріпті…

Басқаны білмедім, ет пен сүйектен жаралған пенде атаулы көрген жақсылығы үшін бір біріне алғыс айтудан ада болған мына заманда, мен суырдың әуелде қыз кейпінде болған мұңлық екеніне сенгім келеді. Сол суырдың қыз ұзату рәсімін көрген де аңшылар болған. Қаз-қатар тұрып ұяластарын қимай сыңсып жылап тұрғанда еркек суыр топ ішінен қалыңдығын қолынан жетектеп алып шығады екен. Содан кейін оны мақұлықаттың қатарына қосуға қалай дәтің барады. Мен мүмкін бір жерде күйтім келіп отырып осы әңгіменің қылын шерткен болармын, ал сенің танысың аңыз желісін сәл жаңсақтау естіген шығар…

 

Мәдениет порталынан алынды.