Береке – бейбітшілікте

    Жуырда Балқаш қаласының №16 лингвистикалық орта білім беретін мектептің 4 сынып оқушыларынан құрылған «ДАМИР» ізгі-ниет тобы қалалық «ЭКОШ» экологиялық ұйымымен бірлесіп, Семей ядролық полигонының зардаптарына қатысты іс-шара өткізді.

     Халқымыздың ширек ғасырда жеткен басты жетістігі – Семей ядролық полигонының жабылуы. 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 475 қару түрі сыналыпты. Сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі залалдан да асып түседі. Белгілі қоғам қайраткері, ақын-жазушы Олжас Сүлейменовтің бастауымен құрылған «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының белсенді жұмысының арқасында, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен полигон мәңгілікке жабылды. «ДАМИР» тобының мүшелері осындай маңызды мәліметтер айтып, мектеп оқушыларының, экологиялық ұйымнан келген қонақтардың қызығушылығына бөленді.

     Интербелсенді тақта арқылы қасірет жайлы деректі мәліметтер ұсынылды. Бұл шара қалалық «ЭКОШ» ұйымының жетекшісі Л.Страшко ханымның тікелей қолдауымен өткізілгенін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, іс-шараны өткізуге мектеп директоры Ү.Сартаеваның, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Б.Байсеркинаның, музыка пәнінің мұғалімі Г.Смайлованың, бастауыш сынып мұғалімі П.Арыстанбекованың да үлесі зор болды.

    Өз тарапында оқушылар ән шырқап, жыр шумақтарын оқып, ел Тәуелсіздігін асқақтата түсті. Сондықтан, мектеп қабырғасында өткізілген бұл шара – Тәуелсіздік мерекесіне қосқан үлесіміз деп білеміз.

Толқын САҒАДАТОВА,

«ДАМИР» тобының жетекшісі.

БАЛҚАШ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.