Жаңалықтар

Белорусь бапкерiне – сенiм бар

              «Шахтер» тізгінін белорусь маманы қолға алды. Бұл туралы аптаның басында белгілі болды. Алдағы маусымды қарағандылық клуб Владимир ЖУРАВЕЛЬДІҢ басшылығымен өткізбек.

Cондай-ақ, клубтың атқарушы директоры лауазымына Әлібек Оразғалиев тағайындалды. Баспасөз мәслихатында оларды таныстырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукованың айтуынша, екеуі де осал мамандар емес.

Владимир Журавель – 46 жаста. Семейде туған. Қарағандыға келгенше Бресттің «Динамо» командасына жетекшілік етіпті. Былтыр ел чемпионатында төртінші нәтиже көрсетіп, Белорусь Кубогін ұтып алған. Бұл – «Динамо» үшін ширек ғасырдағы биік жетістік екен.

Владимир Журавель өз әңгімесінде облыс әкіміне ерекше ризашылығын білдірді.

Соңғы маусымды «Динамо-Брест» клубымен өткіздім. Ел біріншілігінің 4-ші сатысына көтерілдік. Онжылдық үзіліс­тен кейін Белорусь Кубогін иемдендік. Команда бұрын-соңды мұндай межені еңсермеген-ді. Белгілі себептерге байланысты маусым соңында қоштасуға тура келді. «Шахтер» тарапынан ұсыныс түскенде қуана қабылдадым. Сенім артқан облыс әкімі Ерлан Қошановқа алғысымды жеткізе отырып, жанкүйерлер үмітін ақтауға уәде беремін, – деді жаңа бапкер.

Наталья Сухорукованың мәлімдеуінше, 31 жастағы Әлібек Оразғалиев те – мықты менеджер.

– Әлібек Сәкенұлы – жақсы қаржыгер. Ал, қаржыны орнымен ұқсату – басты міндет. Командаға бөлінген бюджет шамалы. 2 млрд. теңге. Осы «көрпемізге қарай көсіліп», өзіміз де пайда табуды меңгеруміз қажет, – деді Наталья Сухорукова.

Биыл – «Шахтерге» 60 жыл. Мерейлі дата. Яғни, биылғы маусымда тезек термеу – клуб үшін де, жанкүйерлер үшін де маңызды.

Өткен маусымда «Шахтердің» ойыны жараспағаны анық. Турнир барысында «қауіпті аймаққа» дейін түсіп, соңына қарай ептеп қарқын қосқан жерлестеріміз 7-ші сатыны меншіктеді. Жағдай мәз емес.

Ал, Белорусь бапкерінің еңбек өтіліне көз жүгіртсеңіз, «Шахтерді» тығырықтан алып шығар» деген үміт оты жылт еткендей… Журавель 2005 жылы УЕФА-ның «Pro» санатты лицензиясын алып, бапкерлік қызметін бастапты. Сөйтіп, Белорусь чемпионатының бес дүркін күміс жүлдегері атанып, былтыр Кубокті иеленген. Білген жанға ауыз толтырып айтарлықтай белес. Енді, осы бапкер «шаруасы шатқаяқтаған клубтың адымына адым қосса» деген тілек бар.

Жыл соңында бірқатар белді ойыншылар «Шахтерді» тастап кетті. Серб Марко Станоевич пен слова

к Юлиус Сзоке алдағы маусымда ойнамайды. Бар-жоғы 2 млрд. теңгеден үзіп берген жалақыға легионерлердің көңілі толмаған шығар, бәлкім. Шетелдіктер қалтаға түсер пайдаға қарайлары сөзсіз.  Қазір клуб құрамында 12 қазақстандық ойыншы бар.

Күні кеше «Шахтер» Түркияға аттанды. Антальяда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Қаңтар айының соңына дейін сонда болады.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button