Бельгия елшісінің сыйлығы бұйырды
Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Бельгияның Қазақстандағы елшісі Анри Вантигеммен кездесті. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында елші оқушылармен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы мәдениет қалыптастырудың маңызы жайлы әңгімелесті.
Биыл «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқаны еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Республикада аккредиттелген БҰҰ дипломатиялық миссиялары мен агенттіктерінің басшылары күш біріктіріп, еліміздің әр өңіріндегі жоғары сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында конкурстар ұйымдастырды.
Жақында Бельгия елшілігімен бірге мектепте плакаттар мен эсселер байқаулары, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға қатысты дебат ойындары өткен болатын. Елші сапары аясында жүлдегер атанған 15 оқушыға естелік сыйлықтар табыс етті. Анри Вантигем әлемдегі қатыгездікті жоюға білім мен ғылым ықпал ететінін бас айтты.
– Сіздер тамаша мектепте білім алудасыздар. Осы жерден алған жақсы білім мен тәжірибе елдің зияткерлік потенциалын дамытып қана қоймай, қоғам игілігі мен тыныштығына да бағытталады деп үміттенемін, – деді Анри Вантигем.
Эссе байқауының бас жүлдесі 11-сынып оқушысы Мәди Кеңесовке бұйырды.
– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбындағы эссеге Қазақстандағы қазіргі жағдайлар арқау болды. Осы арқылы мен адамдарды зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге үндегім келді. Бельгия елшісі Анри Вантигеммен кездесу де шабыт сыйлады, – деді Мәди.
16 күндік белсенділік – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған жаһандық науқан. Шара аясында белсенділер бүкіл әлем бойынша әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, қоғамды ақпараттандыруға және зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсетуге тырысады.
Науқанды 1991 жылы әйелдердің жаһандық көшбасшылық институтының белсенділері құрған.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz