Аймақ

Бектауата баурайында

Қалалық оқу бөлімінің «Жас қанат» балаларды сауықтыру лагерінде жазғы демалыс маусымы сәрсенбінің сәтінде салтанатты жағдайда ашылды. Шаһар басшысы А.Аглиулин жеткіншектердің жазда жақсы тынығуына тілектестік білдірді. Лагерь Бектауата шатқалының көрікті қойнауына шатыр тіккен. Онда төрт ауысымда 7-14 жастағы 1 000 бала тынығады.

– Табиғатпен табысатын, балалық шақтың әдемі әсеріне бөленетін, өзін еркіндік әлемінде жүргендей сезінетін осы бір сәтті әр бала жылда асыға күтеді. Ол осында шынығады, моральдық қасиеті қалыптасады, достықтың мәнін түсінеді, ортақ мақсат жолында ойланбай тәуекелге баруды, жеңу мен ұтылуды үйренеді. Тек жөн-жоба сілтеп, бағыт-бағдар бере білу керек.

Біздің басты мақсат – әр баланың дұрыс тынығып-сауығуына, ішкі жан-дүниесін жан-жақты дамытуына жағдай жасау. Бізде оған толық мүмкіндік бар, – дейді, «Жас қанат» балаларды сауықтыру лагерінің директоры Дина Жолдасова.

Балалар қолайлы корпуста тұрады. Күніне бес мезгіл тамақтанады. Кинозал бар. Лагерь ортасында әртүрлі көңілді іс-шара өткізетін алаң мен жазғы эстрада орналасқан. Онда жаз бойы «Бүгінгінің ертегісі», «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Бұрымды қыз көрікті», «Әнім саған, Астана!», «Бір шаңырақ астында», «Жалмауыз кемпірдің жынойнағы», тағы басқа тақырыпта байқау өткізу белгіленіп отыр.

Балалар жылда «Ауған соғысы ардагерлерінің әскери бауырластығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізілетін «Жас ұлан» әскери-спорт ойынына белсене қатысады. Сондай-ақ, лагерьдегі «Жас қанат сазы» ансамблі әртүрлі аспапта ойнап, әсерлі ән салуды үйрену орталығына айналған.

Әрине, спорт-сауықтыру бағытындағы жұмысқа ерекше мән беріледі. Саяхаттан бос уақыттың көбі әртүрлі спорт алаңында өтеді. Балалар қолы қалт еткенде өзі саяхат кезінде әкелген әртүрлі материалдан бұйым жасағанды да ұнатады. Оларға қаладағы үздік ұстаздар мен студенттер арасынан таңдап алынған тәрбиешілер мен вожатыйлар басшылық жасайды.

Бектауатаның табиғатын сөзбен жеткізу қиын, оны тек көзбен көру, тұлабойыңмен сезіну керек. Балалар демалысының бағдарламасы өте бай. Соның біразы тамаша табиғат аясында өтеді.

Әлібек ӘБДІРАШ,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button