Бауыржанның биігі – алда

     Әлемді аузына қаратқан былғары қолғап шеберлерінен бөлек, жас боксшыларымыздың да рингтегі жетістігі жиі тамсандырып жүр. Үкілеген үміттеріміздің бірі – қарағандылық Бауыржан НЫҒМЕТОВ. Бапкерлері – ағайынды Қуаныш және Алмас ҚАУАШЕВТАР. Бірі – Халықаралық дәрежедегі АІВА төрешісі болса, екіншісі – Қазақстанның спорт шебері.

Бұған дейін де Бауыржанның бірнеше жеңісін сүйіншілеп жазғанбыз. Біздіңше, Бауыржанның биігі – алда! Тіл-көзден сақтасын!

Жас спортшы жолынан тайған емес. Қай жарысқа барса да, құралақан қайтпайды. Өзіне тән қайсарлығы болар. Жеңісті жолдарды жаңғыртып, жүлделі орынның бірін Қарағанды облысының қоржынына салып келеді.

Бауыржан жуырда тағы да топ жарды. Қазақстан Республикасының чемпионатында.

Қостанай қаласында өткен жарыста 2003-2004 жылы туған жас боксшылар өзара бақ сынасқан. Бауыржан 34 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Әдеттегідей, қарсылас шақ келтірмеді. Чемпионаттың бірінші жүлделі орнын еншіледі. Облысқа абыроймен оралды!

Мақтанышымыз Бауыржан Нығметов – №39 гимназияның оқушысы. Жалпы, бұл жарысқа Қарағандыдан 22 жас боксшы қатысқан. Бауыржанмен қатар, 1-орын алған тағы бір жерлесіміз – Ерсұлтан Олжабаев. Сондай-ақ, облыс қоржынында бір – 2-орын болса, сегіз жас боксшы 3-орынға табан тіреген.

Бәрекелді!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.