Руханият

Бауырлас елге көмек

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен бауырлас елге гуманитарлық көмек жіберу әлі де жалғасып жатыр. Қарағанды облысы да игі істен қалыс қалмай, Түркия елшілігіне 2,5 млн. тонна гуманитарлық көмек жіберіп, 13 млн. тг қаражат аударды.

9 ақпанда Қарағанды облысында Жастар ресурстық орталығы жанынан тиісті Гуманитарлық көмек штабы ашылды. Бұл әлеуметтік желі арқылы таратылып, жұртшылыққа хабарланды. Алғашқы күннен-ақ жомарт жүректі жандар қабылдау пунктіне келіп, киім-кешек пен тұрмыстық жабдықтар әкеліп, бауырлас елге қол ұшын созды.

– Өңірде 13 пункт ашылды. Еріктілер қашанда белсенді және барлық игі шаралардың басы-қасынан табылады. Бұл жолы да олар осындай қайырымдылық шарадан қалыс қалмады. Облыста 87 еріктілер ұйымы, шамамен 7 мың ерікті бар. Еріктілер таңғы 9-дан кешкі 19:00-ге дейін заттарды жинады. Негізінен, жаңа заттарды қабылдадық. Балаларға арналған киімдердің барлығы жаңа, – деді Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Аида Искакова.

Штабқа киім-кешектен басқа жастық, көрпе, жамылғы, аяқ киім, термос, қол шамы, пауэрбанктер (ұялы телефон қуаттағыш) жиналды. Шахтинск қаласының меценаты 5 метрлік киіз үйді барлық жабдығымен тапсырған. Бұл өте кең және ыңғайлы көрінеді.

– 10 ақпанда Ұлттық еріктілер желісі бойынша шот ашылды. Kaspi банк қосымшасы арқылы тұрғындар ақша аударып, 13 млн-нан астам қаражат жиналды. Қарқаралы ауданының бір меценаты 8 млн. теңге аударды. Студенттер де жақсылық жасаудан қалыс қалмады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері бауырлас елге 2 млн. теңге қаражат жинап берді. Қайырымдылық акция кезінде ерекше белсенділік танытқан студенттер екенін атап өткен жөн, – деді Аида Искакова.

Қарағанды университетінің 1-курс студенті, ерікті Айбол Наурызбайдың еріктілікпен айналысқанына төрт ай ғана болыпты. Айтуынша, мемлекетке және халқына пайдасын тигізгісі келеді.

– Қайырымдылық жасау ісіне досым әкелді. Белсенді қатыса бастадым. Мұнда көп адам бар, кейбірімен достасып та кеттім. Біз бір отбасы секілдіміз: бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін көмектесеміз. Жатақханада босқа жатқанша, адамдарға көмек көрсеткеніміз жақсы. Сол арқылы өз еліңе, кейбір жағдайда көрші мемлекеттерге де пайдаңды тигізе аласың.

Науқан барысында біз үзіліссіз жұмыс істедік. Тіркеу, кеңес беру, сұрыптау, қоймаға апару, орау сынды жұмыстарды атқардық, – дейді Айбол Наурызбай.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7 баллдан жоғары жер сілкінісі болды. 20 ақпан күні де жер асты дүмпулері тіркелді. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 44 мыңнан асты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button