Бас тақырыпҰлы Жеңіске - 75 жыл

Баукеңнің аманаты

Былтыр Жамбыл облысы, Жуалы ауданына жол түсті. Студент кездегі аға-досым Елеу «Батыр Баукеңнің ауылынанмын» деген соң, баруды мұрат тұтып жүр едім. Сол жолы аудан басындағы Бауыржан Момышұлы атындағы музейге арнайы соғып, көне жәдігерлерге көз жүгіртіп, рухани байып қалдым. Онымен қоймай, баһадүр рухы біразға дейін еңсемді тіктеп, «көрген-түйгеніңді еліңе жеткізе бар» деп аманат жүктеп жібергендей әсерде жүрдім. Реті осы болса керек-ті.

Оңтүстік өңірдегі аудан-ауылдардың арасы біріне-бірі тым жақын екен. Жапсарлай орналасқан дені. Мәселен, Жамбылдың орталығы Тараз қаласынан жарты сағат бұрын ғана шыққан едік, ендігі Жуалы ауданының қақ ортасындамын. Айтпақшы, такси жүргізуші ағай кеудесін қақты жол бойы. «Баукең бастаған батырлар, небір генералдар шыққан топыраққа табаның тиеді» деп. Жөн-ақ. Батыр елдің сәулеті. Сөз-ақ. Бірақ, Бауыржан Момышұлы – қазаққа ортақ тұлға. Туған топырағына мен де үлкен құрметпен келе жатқанымды сезді-ау ол кісі.

Елеу досым бірден батыр атындағы музейге жетектей жөнелді. Күн жадырап тұр, енді. Мендегі көңіл-күй, тіптен. Ауладағы батырдың ескерткіш мүсінін көріп, бас идік. Нысанның сол жақ қапталында қос зеңбіректі көз шалды. «Оны шыққан соң қарармыз» дедік. Қасиет қонған шаңыраққа ынтық зор болғандықтан. Сөйттік те, қадам басып, музей босағасын «бісмілләлап» аттадық.

Амандықтан соң музей қызметкері Баукеңнің полковник шеніндегі шинелімен таныстырды. Сол сәт ақиық ақын Қасым Аманжоловтың «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» деген өлең жолдары ойға орала кетті. Батырдың өзі киген шинелінен отты жылдардың лебі бірден есті.

Ұрыс картасы. Баукең өз қолымен сызған. Онда майдангерлердің қай жолмен жүру керектігі, жау аңдысын қалай аңду қажеттігі бейнеленген. Қазақ және араб әріптері. Жаудың шоғырланатын орны анық көрсетіліпті. Бірақ, дені араб әріптерімен жазылған. Мұның астарында егер карта жау қолына түсіп қалған жағдайда, қазақ әскерлерінің жауға барар жолдағы шығу нүктесі белгісіз болсын деген ой жатқан екен. Соғыс психологиясын терең меңгерген командирдің бұл тапқырлығы талай әскерді аман алып қалды сол кезде. Міне, енді сарғыш тартып, құны артып – музей төрінде тұр.

Жазушы Сәбит Мұқановтың ылғи тақия киіп түскен суретін кезіктіруші едік қой. Сол Сәбең тақиясын өзінің қаламдас інісі Бауыржанға көзінің тірісінде тарту етіпті. Оны да көрдік. Ал, «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сияқты шығармаларды дүниеге әкелген қалам мен сия сауыт та құнды жәдігерлердің қатарында. Бұл да қалам құдіретінің бір көрінісін айқындаған.

Көзіміз шебер бейнеленген ұлттық оюға түскенде, бастапқыда өзінің қызығушылығымен бір жерден алынған ғой деген ойда болдық. Жоқ. Баукеңнің өз қолымен 1973 жылы ойған туынды екен. Бұдан біз батырдың шеберлігін аңғардық.

Айтпақшы, батырдың әкесінен дарыса керек бұл шеберлік. Иә, әкесі саусағынан өнер тамған зергер болыпты. Атадан балаға мирас сол туындыларды да осы арадан кездестіресіз.

Ұлттық өнерге деген құрметі де зор батырдың. Әрине, елін де, жерін де сүйген соң, төл өнерін де төбесіне тұтып, қастерлейтіні заңдылық. Иә, қазақ дүлдүлі Әміре Қашаубаевтың өз дауысы жазылған таспаны да кезіктірдік бұл жерден.

Сондай-ақ, батырдың абырой-беделінің биік, қадірінің қарашаға аян екенін ескерсек, музей қорындағы Баукеңе берілген кәдесыйлар содан хабар береді. Жоқ. Қаһарман бағасын ол дүниелермен өлшеуден аулақпыз. Айтқымыз келгені, Баукеңнің ел жадында мәңгілікке қалғаны және қалмағы…

…Музейге жасаған экскурсиямызды еңсе тіктеп тәмамдадық. Музей қызметкеріне үлкен алғысымызды айтып, далаға шыға бергеніміз сол еді… Аспанның қабағы қату. Күн күрт бұзылып шыға келді. Әдепкіде жадырап тұрған күннің лезде бұзылуын дұрыс түсіне қоймадым. Сол сәтте Ерекең езу тартты. «Бауырым, бұл – Баукеңнің ауылы. Табиғаты да батырдың мінезіне саяды. Бұл – бер жағы. Дәл Баукеңнің туған күні соққан боранды көрсең…» деп мағмұрланған күйі жауап қайырды.

Шыға бере ауладағы батырдың мүсініне қарадым да, тағы бір мәрте бас идім. Сол сәтте мойныма алған едім бұл аманатты…

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button