Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Батырлықты дәріптеген байқау

«Батылдық – Мужество» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс мәңгі есте сақталады» атты жастарға арналған республикалық интернет-байқаудың қорытындысы шығарылды. Байқауды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды.

15-24 жас аралығындағы оқырмандар интернет-байқауда қазақстандық жазушылардың Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы шығармаларынан үзінділер оқып, сынға түсті.

Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан 78 адам бақ сынады. Аймағымыздың төрт ауданы мен бес қаласының тұрғындары жұмыстарын ұсынды.

Іріктеп алынған 78 жұмыстың 54-і – қазақ тілінде, 24-і – орыс тілінде.

Бес балдық жүйемен бағаланған байқау жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлдені Әбділдә Тәжібаевтың «Мәншүктің монологын» оқыған батысқазақстандық Балжан Сұлтанова иеленді. I орынды Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» өлеңін ұсынған жерлесіміз Руслан Базарқұлов жеңіп алса, II орынға Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» шығармасын шебер оқыған Николай Бахарев пен Қасым Қайсеновтің «Партизанской тропой» туындысын әсерлі жеткізген шығысқазақстандық Илья Зубков ие болды. Ал, III орынды Сансызбай Базарбаевтың В.Поляковтан аударған «Боран батыр» поэмасының үзіндісін нақышына келтіре оқыған атыраулық Айбат Сансызбаев пен Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романынан үзіндіні шебер жеткізген батысқазақстандық Фироза Таупен өзара бөлісті.

Ал, батысқазақстандық Жанерке Ерменова Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романынан үзінді оқып, халықтық дауыс берудің жеңімпазы атанды.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button