Жаңалықтар

Батырдың махаббаты

«Әр мықты азаматтың үйінде бір текті әйел бар» дейді халық даналығы. Бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер, түбі бір Түркі жұртының мақтанышы Тоқтар ӘУБӘКІРОВКЕ де Жаратушы Иеміз сондай саналы жар сыйлаған. Оны журналистерге берген сұхбаттарында өзі айтып та жүр. Екеуі бір-бірінен алыстап кетсе, үнемі сағынып, іздеп тұрады екен. Ол бақытты ару – Татьяна МИХАЙЛОВНА.

«Құдай адамды жұп қылып жаратады» деген сөзге де осындайда сенбеске амал жоқ. Әйтпесе, қазақтың маңдайына біткен батыр ұлына бір қазақтың қызы табылмады дейсіз бе? Бұл – тағдыр. Демек, мірдің оғындай кесек-кесек сөйлейтін сойы бөлек Тоқтар Оңғарбайұлы да жан жары Татьянаны адаспай тапты. 10 жылдай қыз-жігіт болған алғашқы махаббаты бұйырмай, Татьянадай текті сұлуды нәсіп етті. Бұл сөзімізге олардың ұзақ жыл отасқаны мен отбасындағы тату әрі берекелі өмірі дәлел.

Тоқтар ағамыз бір сөзінде: «Менің ғашық болуға деген түсінігім басқа. Қазіргі жастар ғашық болғанда өліп кете жаздайды. Бірақ, көп ұзамай ажырасады. Демек, ол махаббат емес. Есеппен үйлену. Ал, ғашық жандар қанша ренжіссе де ажыраспайды. Қиындықта да, қызықта да бірге болады. Сүйген адам қате сөйлесең де құптайды, бірақ «қате» деп жеке қалғанда айтады. Міне, мен білетін ғашықтық осындай. Мен Татьянама сондай қасиеттері үшін ғашықпын» деген екен.

Сонымен қатар, Тоқтар Оңғарбайұлының жеңгемізге деген адам сыйластығын бір сұхбатынан естіген едік. Екінші ұлының аты – Михаил. Жары Татьянаның марқұм әкесінің есімі – Михаил екен. Әкесінен басқа ешкімі жоқ жеңгейдің.

Екінші ұлының атын осылай батырдың әпкесі нағашы атасының құрметіне қойыпты. «Жақындарым жоқ деп өзін іштей төмендетпесін, отбасы дейтін киелі ошақта өзін тең дәрежеде сезінсін» деп осындай ерлікке барған. Шындығында, махаббат пен отбасыдағы сыйластықтың да ұлт таңдамайтынына тағы бір рет көз жеткіздік. Яғни, әңгіме жүректе, жан үйлесімінде.

Ғаламторды ақтарып отырып, ғарышкердің «Гауһартас» әнін жақсы көретінін білдік. Жас кезінен радиодан сүйіп тыңдайды екен. Әсіресе, Бибігүл Төлегенованың орындауындағы нұсқа қатты ұнайтын көрінеді. Тіпті, Мәскеуде жүргенінде Бибігүл Төлегенованың концертіне арнайы барып, кейін жақын дос болып кеткен. Концерттеріне үзбей барып тұрған. Осындай махаббаттың символына айналған әнді сүйіп тыңдауының өзі оның пәк сезімге адал нағыз ер азамат екенін көрсетсе керек.

Жары Тоқаңа бірде балаларының қандай мамандықты таңдауы жайы сөз болғанда: «Бір үйге бір қорқытатын адам жетеді. Басқалары қуантсын» депті. Бұл да жарының өзіне һәм балаларына деген үлкен махаббатынан болса керек.

«Халық қаһарманына неге қаптаған қыздың ішінен қалай орыс қызын таңдадыңыз?» деген сұрақ сұхбат барысында жиі қойылады екен. Кезекті бір сұхбатта бұл сұраққа: «Жас кезімде біріншіден жұмыстан бас көтермедім. Өз саламның шыңына шыққым келді. Менің ұстанымым сондай. Әр адам өзі сүйген саланың шыңына шығуы керек. Сол үшін барын салуы қажет. Мен де сөйттім. Арманыма жеттім. Оны ел біледі. Оның үстіне мен көп жыл Қазақстанға келе алмай, жұмыс бабымен қиыр Шығыста жүрдім. Ол жақта бірде-бір қазақ қызы жоқ. Ауылға келгенде 1-2 күннен соң қайта кетесің. Қызбен танысуға уақыт жоқ. «Мынау сенің жарың болады» деп Алла Тағаланың маңдайға жазғаны осы болар. Жетім қыз болса да жылатқан емеспін. Ұлты басқа болса да екеуміз бір кісідейміз. Жанымыз бен жүрегіміз бірігіп кеткен. Менде достарымды, әйелімді және телефон нөмірімді ауыстырған емеспін» деп сөзін әзілмен түйіндепті ғарышкер.

Ал, осыншама аңызға арқау болып, батырдың өмірінің мәні мен сәнінен айналған Татьяна жеңгеміз де жаны жайдары, жүзі жарқын, жүрегі кең жан екен. Оны Тоқтар ағамыз жайлы бағдарламалардан көріп жүрміз.

Екеуінің саф махаббаты хақында: «Адамдар таза ауамен дем алғысы келеді. Ал, мен қасымда Тоқтар бар кезде ғана өзімді толық адам ретінде сезінемін. Сонда ғана таза ауа менің тынысымды аша түседі» депті жары Татьяна бір сұхбатында.

Батырдың Тимур, Михаил есімді екі ұлы һәм Құдай берген бес немересі бар. Бір немересінің есімі – Тоқтар. «Мен балаларыма және немерелеріме ат қойған емеспін, көбін апаларым қойған» дейді батыр. Мұның өзі жарына деген құрмет деп ұқтық…

Тоқтар Оңғарбайұлы отыз жылдай Ресейдегі Микоян атындағы мекемеде білдей жауапты қызметтер атқарған. «Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті, куәлігімде жәй ғана «жүргізуші» деп жазылған болатын. Бірақ, еліме қайтқым келді. Әйеліммен ақылдасып едім, «Осында келгенде елім үшін деп келген едің, енді елің үшін оралуың керек. Сен өз еліне керексің, қайтайық» деді», – деп ағынан жарылады ғарышкер тағы бір сұхбатында.

Міне, өзге ұлттың қызы бола тұра ер азаматына, еліне, жеріне деген құрмет – бұл. Тоқтардай батыр ағамыз осылайша бізге әр істеген ізгі ісімен, адамгершілігімен, ерекше болмысымен, тіпті, махаббатымен де қашан да үлгі. 40 жылдам астам бірге қол ұстасып, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге татып келе жатқан Батырдың махаббаты – осындай.

Бір сөзінде: «Ендігі арманым ұрпақтарымнан біреуі жолымды жалғаса» деп армандапты.

Сол арманның орындалуын біз де Алладан тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button