Жаңалықтар

Батырды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау

5 мамыр күні ерлігі елге ұран, қаһармандығы майдан даласында аңыз болып тараған жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, Курск доғасындағы шайқаста қаза болған Амантай ДӘУЛЕТБЕКОВКЕ арналған «Тарихта қалған батырлар» әскери-тарихи квест ұйымдастырылды.

Ұлы Жеңістің 73 жыл және Курск доғасындағы шайқастың 75 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу. Сонымен қатар, шараға мұрындық болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі, жобаны қолдаушы Қарағанды қалалық мәслихаты, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды қалалық филиалы, «Шахтер» КМҚК алапат шайқас өткен өңірді, ерлік шежіресімен таныстыруды мақсат тұтыпты.
Бес жүзге жуық адам қатысқан арнайы қойылым аясында Курск доғасындағы шайқастың ерлікке толы сағаттары мен майдан даласындағы Амантай батырдың соңғы күні көрсетілді. Бәрі де шынайы. Мұнда кеңес әскерлері неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа қатысып, әскери техникалар қолданылды. Күн шыға басталған шайқас бір сәт толастамай, қарша бораған оқтың астындағы жауынгерлердің жанкешті ерлігі көз алдымызға келді. Отқа оранған дала, зеңбіректің атылған дауысы, сәт сайын қанға боялып, жан тапсырып жатқан жауынгерлер қойылымда айқын көрініс тапты. 3 сағатқа ұласқан ұрыс кезінде жаудың 10 танкісін, 7 өздігінен жүретін зеңбірегін, 1 ротаға жуық әскерін тас-талқан еткендігін ерекше жеткізді. Жаншып кетерліктей алға ұмтылған фашистердің екпінін су сепкендей басып, жаудың 13 шабуылына тойтарыс берген жаужүректердің қаһармандық ерліктеріне тағы бір мәрте қанығып, рухына тағзым етті.
Игі шараға ризашылығын білдірген А.Дәулетбековтің немересі Рахман Әбішев:
– Бүгін Курск доғасында ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен Амантай атамыздың батырлығын паш еткен көрініс көңілімізден шықты. Атамыз майданда бар-жоғы бір жылдай ғана шайқасқан екен. Осы жылы ол жаудың 29 танкісін, өздігінен жүретін 13 зеңбірегін, 200-ге жуық жаяу әскерін жойыпты. Бізге жеткен осы деректі құлақпен естісем, бүгін көзбен көргендей әсерде тұрмын. Расымен де, бұл уақытқа дейін Амантай атамыздың атын ешкім аса көп біле қоймағандығы анық. Осылайша, ұлықтап жатқандарыңызға қуаныштымыз. Біз жас болдық. Ол кезде көп нәрселер айтылған жоқ. Енді, міне, қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта батыр атамыздың атын көше немесе бір ауылға берсе нұр үстіне, нұр болар еді, – дейді.
Қайта қойылымға оралсақ, «Астана» өңірлік қолбасшылығының сарбаздарымен қатар, әскери техникалардың жұмылдырылғаны жұрт назарын бірден аудартқандығы анық. Сонымен қатар, әскери асхана мен медициналық палатка тігіліп, неміс әскері рөлдерін жергілікті сарбаздар сомдауы әсерлі шықты. Ал, Амантай Дәулетбековті сомдаған балалар үйінің заңгері Аян Кәрім неміс әскеріне біздің жауынгерлердің тегеурінді қарсылығын танытып, тап беретін сәттерді шынайы етіп жеткізу оңай болмағандығын айтады.
– Соғыста жан аямай жаудың шебін бұзған ерлердің арасында қазақстандықтар да аз болмады. Барлығы Отан деп жанын қиды. Бүгін мен Амантай батыр атамыздың жауынгерлік рухын паш етуге бар күш-жігерімді салдым. Кәсіби актер болмасақ та, сол кездегі болған жағдайды халыққа жеткізуге тырыстық. Мен үшін өте қиын болды. Өйткені, үлкен жауапкершілікті мойныма алдым. Кеңес Одағы батырының рөлін сомдау деген мен үшін үлкен сынақ болды, – дейді Аян Кәрім.
Көрермен санасына оқиғалар тізбегінің әрбір деталін тамаша жеткізген бұл бір оқиға желісін ғана емес, сол замандағы майдандағы өмірдің көрінісін сыйдыра алды. Отанын кеудесімен қорғап, қанын төккен қазақстандықтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығына тағы да бір мәрте куә болдық. Қаһармандарымыздың ерлігі ғасырлар бойы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатындығы анық.

Нұрдос Кәрім

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button