РуханиятШет

Батыр тұлғасы тұғырға қонды

Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабалары мен ақын-жыраулардың есімін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Таяуда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, Мойынты кентінде ұлтымыздың мақтаныш етер тұлғасы Таңыбай батыр Бекназарұлына ескеркіш орнатылды.

Таңыбай батыр есімі иісі қазаққа мәлім. Арғын ішіндегі Қаракесек руының Кәрсөн атасынан тараған һас батыр аласапыран жаугершілік заманда басын бәйгеге тігіп, елін жоңғар шапқыншылығынан азат еткен. Сұңғыла, асқан шешен, парасатты мәмілегер, батыл да қара қылды қақ жарған батырдың ерлік, адами асыл қасиеттеріне сүйінген елі оны «Ер Таңыбай» атаған екен. Ол Абылай ханның сенімді, ақылшы батырларының бірі болған деседі.

Аталмыш шараға елдегі карантин талаптарын сақтай отыра Шет ауданы әкімдігінің өкілдері, батырдың ұрпақтары мен кент тұрғындары арнайы қатысты. Жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімі Мұхит Мұхтаров шараның маңызы туралы сөз өрбітті.

Таңыбай Бекназарұлы – тарихи тұлға. Оның ту ұстап, елін, жерін қорғаудағы қаһармандығы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Сондықтан да, батырларымызды құрметтеп, оларға зәулім ескерткіштер орнатуымыз өз жалғасын таба береді, – деп, игі бастамаға демеушілік жасаған батыр ұрпақтары мен Таңыбай батыр атындағы «Арқаның Ақ Сұңқары» қоғамдық қоры басшылығына аудан тұрғындары атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеровтің арнайы құттықтау хатын жеткізді.

Аудандық мәслихат хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, Ауғанстан соғысының ардагері, батырдың ұрпағы Байғали Қоқымбаев, «Арқаның Ақ Сұңқары» қоғамдық қорының президенті Талғат Усербаев шараның мән-мақсатына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.

Бұдан кейін ескерткіш салтанатты түрде ашылып, батырдың аруағына құран бағышталды.

Бұл күні Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Дилара Қарекенованың орындауында (кент тұрғыны Роза Сүлейменованың сөзіне жазылған, әні – «Қарағанды Қазына» ЖШС директоры Досым Сарқасқаевтікі) «Мойынты вальсі» әнінің тұсауы кесіліп, Мойынты орта мектебінің 11-сынып оқушысы Зере Мадикан батыр бабаға арнауын оқыды. Шара аясында «Елдікті сақтай білген Ер Таңыбай» әдеби және тарихи-танымдық байқауының жеңімпаздары арнайы диплом және ақшалай жүлделермен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша Мойынты кентінің тұрғыны Роза Сүлейменова жүлделі І орынды (200 мың теңге) иеленсе, қарағандылық Жұмағұл Шөженов ІІ орынды (150 мың теңге) жеңіп алды. Приозерскілік Абдуахас Сәбитов ІІІ орынға (100 мың теңге) лайық деп танылды. Сонымен қатар, өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (30 мың теңгеден) табысталды.

Бабаны ұлықтаған шара Мойынты орта мектебінде жалғасын тапты. Батырдың ұрпағы Рахметолла Төлеубеков, «Таңыбай батыр» қоғамдық қорының директоры Әмірғали Есжанов кітаптар мен басылымдарда жарияланған Таңыбай батыр туралы көптеген шығармаларды мектеп музейіне тарту етті.

Думан ҚАБЫЛ

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button