Батыр есімі ұлықталды
Биыл ұшқыш, батыр Нұркен Әбдіровтің ерлік жасағанына – 80 жыл. Осы мереке аясында Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында еркін және грек-рим күресінен батырды еске алуға арналған 54-ші республикалық турнир өтті. Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия елінен 600-ге жуық спортшы қатысқан. Чемпионаттың ашылу салтанатына Нұркен Әбдіровтің туған-туыстары, Спорт және денешынықтыру істері Комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан ұшқыштың немере інісі Данияр Әбдіров спортшыларға сәттілік тіледі.
– Турнирді халықаралық деңгейде өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Жыл сайын байқауға кіл мықтылар келеді. Сондай мықтылардың Қарағандыда бас қосқаны қуантады. Ерлік – мәңгі ұмытылмайды. Турнир бұдан әрі жалғасып, шебер спортшылардың жұлдызын жақсын, – деді ол.
Бұл турнир – бұрынғы турнирден өзгерек. Биыл әлемнің түпкір-түпкірінен кіл мықтылар бас қосқан. Мәселен, Грузия құрамасында Әлем және Еуропа чемпионаттарының барлық жүлдегерлері бар. Ал, Қырғызстан командасында түрлі дәрежедегі турнир жеңімпаздары топтасқан. І орын алған спортшыларға – 400 мың, ІІ орын алғандарға – 200 мың, және ІІІ орын иеленгендерге 100 мың теңге сыйға беріледі.
Турнир қорытындысы бойынша жерлестер облыс қоржынына 10 жүлде салды. Ерлер арасында еркін күрестен 97 келіде белдескен Серік Бахытханов І орын иеленді. Ал, әйелдер арасындағы өткен бәсекеде 76 келіге шыққан Эльмира Сыздықова – І орын, 50 келіге Ирина Жанибекова, 72 келіге Валерия Гончарова, 76 келіде белдескен Инкара Жаңатаева ІІ орын иеленді. 55 келіде күрескен Зульфия Яхьярова – ІІІ орыннан көрінді.
Грек-рим күресі бойынша ерлер құрамасы сапынан 72 келіде белдескен Ибра[1]гим Магамадов чемпион атанды. 130 келі[1]де күрескен Асылбек Әбдіхалық, 97 келіде Ерұлан Ысқақов, 72 келіде Алмат Кебіпаев қоржынға күміс жүлде салды.
Ибрагим Магамадов бұған дейін Азия чемпионатына қатысып, жүлделі орын алған. Сонымен қатар, биылғы жылы ел чемпионатында топ жарған жүйрік. Осы жолы да қарсыластарынан айласын асырып, тұғырдан көрінді.
– Мен бес кездесу өткіздім. Салмағымда 30 спортшы болды. Қарсыластарым мықты. Осыған қарап-ақ, турнирдің жоғары деңгейде өткенін бағамдауға болады. Қарсыластарымның техникасы, қорғанысы – әрқилы. Оларды бірден алып-ұру оңай емес. Егер кішкене бір қателік жіберсең ұтылдың,– деді жеңімпаз.
Турнирдің соңғы күнінде аты аңызға айналған батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рәсімге спортшылар, ардагерлер мен спорт қайраткерлері, батырдың туыстары қатысты
Ербол ЕРБОЛАТ.