Руханият

Батыр ерлігі баяндалды

15 қараша – Батырлар күніне орай жарияланған «Батырлар мұрасы» онкүндігі өтуде. Қазақтың ақжолтайы атанған Ағыбай батырдың 220 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында академик Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Ағыбай батыр – ел қорғаны» атты дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында Ағыбай баһадүрдің өмірі мен ел қорғаудағы жанқиярлық істері сөз болды. Заманында елінің тұтастығын қорғауда қажыр-қайратымен ерекшеленіп, отарлық езгіге қарсы күрескені әмбеге аян. Үш жүздің басын біріктірген қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының сенімді серіктерінің бірі болғандығын да тарих беттері айғақтайды. Ел арасында небір қиян-кескі ұрыста, жорық-жортуылда үнемі жолы болатындықтан «Ақжолтай батыр» атанған. Есімі ұранға айналған дарынды қолбасшы атамекенін отарлық езгіден қорғауды мұрат еткен. Ағыбай Қарқаралы аймағында Ресей патшалығының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласып, 1826-1846 жылдар аралығында жау әскеріне бірнеше рет күйрете соққы берді. Кенесары Қасымұлы өмірден өткен соң халқының азаттығы жолында күресін тоқтатпады. Сыздық төре қолының құрамында әскери қимылдар жүргізді. Бұл тура сындағы тың деректерді жиналғандарға университеттің тарих кафедрасының оқытушысы Н.Ошан ұсынды. Студенттер Б.Сахабай, Ш.Тұрғын, А.Ғалым, Ж.Бауыржан М.Дүкенбай, А.Тұрарбек, Ж.Жанатбек, А.Әуелхан, Д.Жексенбай, Ә.Мұрат дерек пен дәйекке қатысты ойларын ортаға салды. Жиынға арнайы қатысқан қонақтар Қарағанды университетінің тарих факультетінің деканы Ж.Жұмабек және батыр ұрпағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, Б.Исмак сол заманның бет-бедерін айқындап, ерен тұлғаның ерлігін насихаттады.

Онкүндік аясында жоспарланған келесі шара 24 қараша күні Қарағанды политехникалық колледжінде өтпек. Бұл жолғы ғылыми-танымдық конференцияда қазақтың Батырлар институтының көрнекті өкілдері қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына, Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына байланысты қолға алынуда.

Еске салып өтелік, ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған қазақ күнтізбесі шеңберінде қаламыздағы «Qazaq club» мүшелері өткен жылы қазақтың әскери мұрасын насихаттайтын «Жауынгерлік Даңқ» лентасының тұсаукесерін өткізген болатын.

Нұржан СҰРШАҰЛЫ, «Қазақ күнтізбесі» жобасының авторы

Басқа материалдар

Back to top button