Жаңалықтар

Батыл қадам

       Президент биылғы Жолдауында жаңа әлемге, яғни, Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу және жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. Бұл үшін шешімін табуы тиіс нақты 10 міндетті атап көрсетті.

«Болашақ» академиясы – жоғары білім беретін мекеме. Ал, мұндағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы, тек, мемлекеттік тілде іс жүргізеді, сондай-ақ, педагогикалық маман даярлап шығарады. Сондықтан, алдағы уақытта білім беруге қатысты мәселелердің өзектілігін түсіндіруге, нақты шешім қабылдап, батыл қадам жасауға дайын.

Жолдауда келтірілген 7-міндетте «Білім берудің жаңа сапасы» жайлы Елбасы: «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет», – дей келе, «қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» екенін және бір ескертті. Бұл орайда, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ғылыми әлеуетін дамытып, білім беру мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіре беретін болады.

Жолдаудан қазақ тілінің дамуы мәселесі де тыс қалмаған. Президент бұл жөнінде: «Егер, біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», – дей отырып, бұл мәселенің латын әліпбиіне көшу барысында реттелуге тиіс екеніне баса назар аударды.

Шынында да, термин дегеніміз халықаралық лексикаға жатады. Ендеше, оны толықтай аударудың үнемі оң нәтиже бере бермейтіні рас. Сондықтан, бұл мәселені жеделдете қолға алып, нақты бір шешімге келу – кезек күттірмейтін жауапты іс. Қазақ тілін дамыту немесе қазақ тілінің дамуы дегеніміз қазақ тілінде сөйлейтін әрі іс жүргізетін адам санының көбеюі дегенді ғана білдірмейді, сонымен қатар қазақ тілінің халықаралық деңгейге жақындауы дегенді де білдіреді. Егер, жаратылыстану ғылымы терминдерінің әу баста латынша таңбаланатынын ескерсек, қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі бұл мәселеге түбегейлі нүкте қоя алады. Ол үшін латын графикасына негізделген қазақ жазуының орфографиялық нормаларын орнықтыруда қыруар жұмыс атқарылуы тиіс.

Жолдаудың бұл (жетінші) міндетінде тіл мәселесіне қатысты аталған тағы бір аса маңызды жайт – нағыз азаматтық қоғам құруымыз үшін мектеп түлектері осы бастан үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) қажетті деңгейде меңгеруі қажет. «Болашақ» академиясында орыс тілінде білім алатын топтарға қазақ тілін меңгерту міндеті біздің кафедраға жүктелген. Бұл дегеніміз – Елбасы Жолдауындағы маңызды міндетті орындауда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қаншалықты жауапты екеніне айқын мысал.

Президент Н.Назарбаевтың Жолдауын «Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұжымы барынша қолдайды әрі онда көрсетілген басым бағыттар мен міндеттердің толығымен жүзеге асырылуына, еліміздің Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделіп қана қоймай, осы жолда үлкен жетістікке жетуіне мүмкіндігінше үлес қосады.

Құрманғазы СЕМБИЕВ,

«Болашақ» академиясының профессоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button