Жаңалықтар

Басты меже – коррупциясыз қоғам

    Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес – ымырасыз. Бұл сөзге дәлелді алыстан іздеудің қажеті шамалы. Ақпарат құралдарында мәлімет жетерлік. Жауапты органдар да тоқсан сайын бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беруде. Цифрларға көз жүгіртсеңіз, жұмыс – қарқынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коррупцияның тамырына балта шабуды құзырлы құрылымдарға жүктеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – бұл майданның алғы шебінде жүрген орган. Агенттіктің қолға алған шаруасының ауқымы кең. Тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасынан бастап, мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасы, коррупциямен күрес бағыттарында толағай іске мұрындық болуда. Аталған агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті де аймақтағы мемлекеттік қызметтің сапасын бақылауға алған. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже баршылық.

Мәселен, Департамент биылғы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстың қорытындысын жариялады. Мемлекеттік қызметтің тұрғындарға қолжетімділігін, тиімділігін бақылайтын Әдеп жөніндегі кеңесінде тиісті бағыттағы жұмыстар толыққанды жүзеге асырылуда.

Тоғыз ай ішінде Әдеп жөніндегі кеңесінің 10 отырысы өткен. Бұл отырыстарда 57 мәселе қаралған. Оның ішінде, жіктеп айтар болсақ… 19 тәртіптік іс, 5 коррупциялық тәуекел қорытындысы, 15 мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының қорытындысы, 2 мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялар жұмысының қорытындысы, 1 Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысының қорытындысы және 15 түрлі өзге де мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, көрсетілген мерзім аралығында Әдеп жөніндегі кеңестің ұсыныстары бойынша тәртіптік жазаға 17 мемлекеттік қызметші тартылды. Олардың арасында 15 қызметші – Әдеп кодексінің талаптарын бұзу, 2 қызметші – мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар бойынша жауапқа тартылды.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларды бұзу деректерінің алдын алуға бағытталған іс-шараларды іске асыру, қызметтік тәртібін нығайту жөнінде 108 лауазымды тұлғаға ұсыныс жолданды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу формалары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша 2 ұсыныс, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялармен өзара іс-қимыл жетілдіру бойынша 16 ұсыныс әзірленді.

Бұл – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Департаменті тарапынан атқарылып отырған шаруаның, тек, бір бөлшегі екені сөзсіз. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жолындағы басқа да тиімді істер жеткілікті. Бастысы – коррупциядан ада қоғам құру бағытындағы қиын да абыройлы жұмыстар легі толастамайтындығы анық.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button