Ресми

Басты мақсат – халық сенімін арттыру

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет деген болатын. «Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды» деп, қадап айтты. Сәйкесінше, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға да бірқатар өзгерістер енгізілді. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет ардагерлері және жас мемлекеттік қызметшілер арасында еркін форматта кездесу өткізіп, ой-пікірлерімен алмасты.

– Мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, бәсекеге қабілетті кәсіби мемлекеттік аппарат құру және мемлекеттік қызметтік оң имиджін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар, жас мемлекеттік қызметшілер алдында тұрған міндеттер жөнінде өз ойларыңызбен бөлісу үшін кездесуді ұйымдастыруды жөн көрдік, – деген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енген өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттің қызметке кіру және шығу рәсімдері жеңілдеп, заманауи талаптарға сәйкестендірілген.

Мәселен, жоғары оқу орындарын грант арқылы жақсы тәмамдаған үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз ақ кіре алады. Одан бөлек, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын жақсы нәтижемен аяқтағандар да уәкілетті органның келісімімен лауазымды иелене алады. Үшіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі де беріліп отыр. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің қызметі тоқсан сайын бағаланатынын да айту керек.

«Ақыл жастан, асыл тастан» демекші, мемлекеттік басқарудағы қазіргі жағдай мемлекеттік қызметке жас талантты кәсіпқойларды тартуды талап етіп отыр» дейді Ербол Қабдығалиұлы. Сондықтан, басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Облысымыз бойынша бірінші іріктеуден 41 жас өтсе, 2021 жылғы іріктеуге 4 адам өткен. Сәйкесінше, оның 3-і басшы лауазымына өтсе, 1-і – мемлекеттік орган жанындағы консультативтік-кеңестік органға енген.

Жиынға қатысқан Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов уақыт өзгерген сайын мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та өзгеретінін айтады. Бірақ, басты мақсат – халыққа қызмет ету болып қала бермек. «Кез келген мемлекеттік қызметші мұң-мұқтажын айтып келгенге қол ұшын беріп, көмектесуі керек», – дейді Ғабит Шораұлы.

Қарағанды облыстық прокуратура ардагерлері ұйымының төрайымы, Әдеп кеңесінің мүшесі Рабиға Мұстафина болса, мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі жан-дүниесі ұштасуы әдептілікке әкеледі дейді. Ал, өз қызметінде жақсы жетістікке жету үшін заң қағидаларын дұрыс сақтап, оны жұмысында қолдана білуі тиіс.

Кез келген адам мемлекеттік қызметші бола алмайды. Бұл адамның қабілеті, білімі, тәжірибесі бағаланатын қызмет түрі. Сондықтан, аға буын жастарға білгенін үйретіп, қол ұшын беріп жүрсе, дұрыс болады. Ал, жақсы лауазымға жету үшін біліммен қатар, заң нормаларын да білу керек, – дейді Рәбиға Құсайынқызы.

Әдеп кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Гүлнар Құрбанбаева көп жағдайда тұрғындар мемлекеттік қызметшілерге жүгініп, мұң-мұқтажын айтуға жүрексінетінін, тіпті, сене қоймайтынын да айтады. Сондықтан, қазіргі жас мемлекеттік қызметшілер бойында қазірден клиентке бағдарланып жұмыс жасауды тәрбиелеу керек екеніне тоқталды. «Бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда жас мамандар бірінші орынға клиентті емес, бастығының тапсырмасын қояды», – дейді ол.

Кездесуге қатысқан жас мемлекеттік қызметшілер де өздерінің пікірлерін білдірді. Олардың дені жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке кіріскендер. Олар үлкендердің пікірлерін тыңдап, баталарын алды.

«Бүгінде барлығымыз өзгеріс жағдайында қызмет етудеміз. Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік аппаратқа деген халық сенімін арттыру арқылы мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру, артық бюрократиялық талаптарға жол бермеу. Сондықтан, сіз бен біз болып аталған талаптарды іс жүзінде жүзеге асыруға шақырамын», – деді Ербол Қабдығалиұлы кездесу соңында.

Салтанат ІЛИЯШ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button