Бас тақырып

Басты бағдар байыпталды

Астанада елді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілетін Ұлттық Құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларының отырыс­тары өтті. 2025 жылға арналған жұмыстың негізгі бағдарлары айқындалған бұл отырыста, сондай-ақ, Ұлттық Құрылтай мүшелерінің бастамалары мен ұсыныстарының орындалу барысы қаралды.

Сурет Ақорда

 

Секцияларға Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болды. Одан бөлек, секциялардың жұмысына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та қатысты.

Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Ұлттық Құрылтайдың биылғы қызметінің негізгі бағыттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айқындалған.

Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына да тоқталды. Атап айтар болсақ, былтырдың өзінде жалпы құны 1,2 трлн теңге болатын 169 өндіріс іске қосылған. Нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын айту керек. Одан бөлек, 7 мың шақырым инженерлік-коммуникация желісі, 12 мың шақырым жол жөндеуден өткен және салынған.

– Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен және басшылығымен мемлекеттігімізді дамытуды және ұлттық экономиканың негіздерін нығайтуды көздейтін аса маңызды реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Біз қазірдің өзінде бұл реформалардың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Елімізде инженерлік желілер мен коммуналдық шаруашылық нысандары барынша жаңартылып жатыр. Энергетика саласында ірі жобалар іске асырылуда. Барлық аймақта мыңдаған шақырым көлік және темір жолдарын жөндеу және салу жұмыстары қолға алынды. Бірқатар қалада әуежайдың ескі терминалы жаңартылып, жаңа терминал іске қосылды. Негізінен, мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы қызметкерлері рекордтық көлемде астық жинады. Тұрғын үй құрылысы, оның ішінде, әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан ғылым мен білімді қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынды. Қоғамда педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдардың мәртебесі, жұмысшы мамандықтардың абырой-беделі артып келеді. Жастарды тұрақты түрде қолдауға, бұқаралық спортты және креативті индустрияны дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Мұның бәрі – басталған өзгерістер мен қол жеткізген жетістіктердің аз ғана бөлігі. Президент ұсынған бастамалардың көбісін жүзеге асыруға Ұлттық Құрылтай мүшелері зор үлес қосып келеді. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара тиімді ықпалдастығының бір көрінісі, –деді Ерлан Қарин.

Ұлттық Құрылтай секцияларының отырысына Қарағанды облысынан қатысқан «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, кеңес мүшесі Бекзат Алтынбеков діни оқу орындарындағы оқу бағдарламасы мемлекеттік деңгейде қадағаланса деген пікірін әрі ұсынысын білдірді отырыста.

– Біздің ұстанымымызда дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып сабақтасқан. Ол – біздің ерекшелігіміз. Дін – жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына зор әсер тигізеді. Сондықтан, дінді ұстануда байыпты болу маңызды, – деді Бекзат Қомарұлы.

Ал, кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова болса, әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты ұсыныстарын білдірді.

– Құрылтайда жеке адамның, же­ке мекеменің мәселесі емес, мемлекеттік жүйеге, стратегияға қатысты сұрақтар көтеріледі. Қордаланған мәселелер заңдылық пен жүйе тұр­ғысынан ортақ сипат алса, оны Үкі­мет деңгейінде өзгерту қажет. Сонда жеке адамның да мәселесі шешіледі, – дейді ол.

Ләззат Таймырқызы Ұлттық Құ­рылтайдың ерекшелігі – айтылған ұсыныс міндетті түрде назарға алынып, аз уақытта шешімін табатындығында екенін айтады.

Төртінші Ұлттық Құрылтай наурыз айында Көкшетауда өтетінін айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button