Бас ақынға тас мүсін

Облыс орталығындағы №104 мектеп­гимназиясына қазақтың бас ақыны Абай­ дың есімі берілген еді. Енді, міне, сол мектептің ау­ласына хәкімнің ескерткіші орнатылды. Аталған ескерт­кіш ақынның 175 жылдық мерейтойына арналып, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің тапсы­рысымен жасалған.

Қазақ елінің маңдайына біткен бағы ғой Абай шығармалары. Адамзат ақыл-ойының жауһары санатындағы туындыларды дүниеге әкелген ойшылдың құрметіне қандай игі іс істелсе де көптік қылмайды.

– «Абай атындағы мектепте Абайдың мүсіні тұру керек» деп ұйғарып, сыйға тарттық. Ескерткіш авторлары – Манарбек Кәрім мен Ерасыл Манарбекұлы. Бұған дейін қойылған Қарқаралыдағы Құнанбай мен бала Абайдың, кіреберістегі Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермеков ескерткіштерінің авторы – Сәкен Даулетбаев.

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық-кеңсесінің басты мақсаты – елге нағыз пайдасы тиіп, елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарды насихаттау. Осы мақсатты ұстанып, біз былтыр Мәдениет министрлігі мен Абай қорына осы ағаларымызға Абай медалін беруге ұсыныс жібердік. Олар бізге бірден қолдау көрсетіп, бүгін сол медальдарды ағаларымызға табыстау бұйырды. Еңбек әрқашан бағалануы тиіс! Ұлтқа қызмет етіп жүрген азаматтарды қолдау әрқайсымыздың міндетіміз, – деді «Рухани жаңғыру» жобалық-кеңсе басшысы Айтбай Жұмағұл.

Өскелең ұрпақты патриот азамат етіп тәрбиелеуде мұндай бастамалардың маңызы зор. Сондықтан да, бұл үрдістің жалғасқанын қалаймыз.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.