Жаңалықтар

Барыс жылының балаларға базарлығы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен барыс жылы – балалар жылы деп жариялануы көз қуанып, көңіл құптарлық жағымды жаңалық болды. Бала – болашағымыз. Кез келген мемлекеттің өміршеңдігінің белгісі – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Ал олардың денсаулығы, білімі, материалдық әл-ауқаты, қауіпсіздігі мемлекеттің назарынан тыс қалмақ емес.

 

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атқарылатын жұмыстар алдағы күннің еншісінде. Дегенмен, былтырдан-ақ 2022 жылы балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарланған болатын. Игі бастаманың басы осы болса керек-ті. Оның ішінде әр түрлі салалар бойынша аталған бағыттар жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІС

2022 жылы Білім беру саласына бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланған. 2021 жылы қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы шеңберінде балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқу орындарының тапшылығын жою үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелерді шешу қолға алынды. Барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру – бұл жобаның басты мақсаты болып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлековтің айтуынша, ЖАО-мен (жергілікті атқару органдарымен) бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу мен ашудың қадамдық жоспары әзірленген. Сондай-ақ, ол «Балаға ақша» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырыс негізінде мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғасатынын айтты. «Механизм Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде іске асырылуда. 2022 жылы 39 593 орынға 360 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. Бала дамуының жаңартылған моделін енгізу басталады», – деді департамент басшысы.

Ал, облыс көлемінде де білім саласына қатысты бірқатар мәселелер жолға қойылып, 2022 жылға жоспарланған жұмыстарды облыстық білім басқармасы хабарлаған болатын.

БАЛА САУЛЫҒЫ – БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

2021 жылы Үкімет үйінде өткен отырыста 2022 жылға балалар арасындағы аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру бойынша жұмыстар жоспарланған еді.

Болашақтың негізі боларлық баланың саулығы қашанда маңызға ие. Бүгінде, өкінішке қарай, балалар арасында аурулар көбейіп кетті. Оның әртүрлі факторлары да бар шығар… Дегенмен, «ауру берілсе, оның емі де қоса беріледі» дейтін қазақ халқы келер күннен үлкен үміт күтеді. Әлеуметтік желіде ауру балалар туралы жазбалар жарқ етіп шыға келгенде әркімнің қабырғасы қайысады. Көпшіліктен ауру баласының еміне ақша жинап жүргендер көп. Балалар жылында баланың тегін ем алуына, ақысыз ота жасалуына мемлекет тарапынан қолдау берілсе екен деген үміт бар.

БАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ

Биыл баланың әлеуметтік жағдайына да баса назар аударылады. Атап айтқанда, қазақстандық балалар 2022 жылдан бастап тегін ұша алады. Бұл «Kids gou free» («Балалар тегін саяхаттайды») бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға әуе билеті тегін беріледі. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік бағыттарында бүкіл отбасымен демалуға ынталандыру болмақ. Мәдениет және спорт министрлігінің болжамынша, бұл демалысты 30 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.

Бұл да балалар үшін жағымды жаңалықтардың бірі болып отыр.

Сонымен қоса, биылдан бастап баланың әлеуметтік жәрдемақысы өсетінін де еске салған жөн.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button